Сақ болыңыз, сібір жарасы!

30.11.2018
Қаралды: 157

Тараз қаласында жылқының соғымынан кейін сібір жарасынп байланысты эпидемиологиялық ахуал күрделенді. Сібір жарасы – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу механизмі арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы ауру.

 

Сібір жарасы ауырған малдың жә­не олардың өнімдері арқылы, малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, те­рісін алғанда жұғады.

 

Аурудың қоздырғышы – микроб, «сібір жарасының таяқшасынан» шыққан. Ол ауру малдың қа­нында, зақымдалған барлық мүшелер мен тін­дерде және ауру малдың зәрі мен нәжісінде кез­деседі. Микроб сыртқы ортаға әдетте төзімді, тығыз қабықшамен қапталған спора түзеді, қайнатқанда 10 минутқа дейін шыдайды, қыста аяз­дан, жазда ыстықтан өлмейді.

 

 Аурудың жасырын  кезеңі адамдарда бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, көбіне қоздырғыштың теріге ену қақ­пасында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күннен соң байқалады. 

 

Аурудың  белгілері: қоздырғыш енген тері жа­мылғысында 2-3 күн өткен соң, қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдір­гендей болып басталып, үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өт­кен­нен кейін ди­а­метрі 2-3 миллиметр, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген жараға айналады, уақыт өте оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан ара­ласады. Бөртпе қы­шып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қа­сып, бетін жаралап тас­тайды. Іріңді бөрт­пенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі. Қабыршақ қатты, тығыз, күйдірілген сияқты болады. Оның айналасын қы­зыл түсті жиек қор­шайды. Алғашында қа­быршақ көлемі үлкен емес, диа­метрі 2-3 мил­лиметрді құраса, бірте-бірте оның мөлшері ұлғайып, қап-қара болып, тығызданады.

 

Дертке шалдыққан адам әлсіреп, селқос болып, басы ауырады, 2-ші күні дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, халі нашарлайды.

 

Алдын-алу шаралары – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Сібір жарасына  қарсы вакцина қолайсыз пункттердегі  мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға және ет өнім­дерін өңдеумен, мүшелеумен ай­на­лысатын адамдарға егі­леді. Адам ағзасының сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады.  Егілген адамдар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Үйде жеке мал болса, әр малды сібір жарасына қарсы  егу керек.

 

Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу үйге ветеринар мамандарды  шақырыңыз. Малды сою ветеринар маман анықтама бергеннен кейін ғана арнайы орындарда жүргізілуі керек. Ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жерден алуға болмайды.

 

А. ТҰРЫМБЕТОВА,

Еңбекші ауданы қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасының бөлім басшысы.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ