Мәңгі жасыл жемістің ғаламаты

29.11.2018
Қаралды: 394

Әр маусымның өзіне тән аурулары бар. Оларға тап осы кезде пісіп-жетілетін жемістер шипа болады екен. Осыны ойлағанда жаратқанның қай кеселдің де шипасын қоса жібергеніне шүбә келтірмейсің.

 

 

Иек астында келіп қалған қыста ең көп кездесетін сырқат – суықтау. Осындайда үйіңізде мандарин болса, аурудан тез айығуға мүмкіндік мол. Өйткені қараша-желтоқсан айларында жеміс беретін мандарин нақ осы қысқы маусымда бас көтеретін кеселдерге дәру. Мандарин С витаминіне бай. Сондықтан ол салқын тию мен тұмау кезінде және С витамині қажетті барлық ауруларға шипа. Осы себепті біз бүгінгі нөмірде мандариннің шипалық қасиетіне тоқталмақпыз.

 

Адамның мазасы қашқанда асқа тәбеті болмай, денесі дел-сал болып жата беретінін білеміз. Ал ағзаға ауруды жеңу үшін күш-қуат керек. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, мандариннің жаңа сығылған шырынын ішіңіз. Ол тұмау, суықтау, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің болмауын жеңуге жәрдемдеседі. Ондағы эфир майы вируспен күресуге, ал құрамындағы калций, калий, магний, натрий, темір, бром және фосфор минералдары мен А, В, С, Е, Р витаминдері ағзаның әлсіре­меуіне көмек болады.

 

Астма, бронхит, кезінде күнделікті таңертең бір стакан жаңа сығылған мандарин шырынын ішкен пайдалы. Ал күніне 2 рет жемісін жеу қақырықты жібітіп, өкпенің жалқықтан тазаруына көмектеседі.

 

Асқазан-ішек жолының жұмысы бұзылғанда да мандарин жеу ұсынылады.

 

Айтпақшы, шырынын ішкен соң қабығын тастамағаныңыз абзал. Өйткені фитотерапияда ол қабынуды қайтару, тәбетті ашу үшін қолданылады. Мысалы, қабығын кептіріп қойсаңыз, оған қайнаған су құйып, аздап тұндырып, сусын орнына ішіп жүруге болады. Бір стаканға қабығының үштен бірін салсаңыз жет­кілікті.

 

Бұл жеміс жас балалар үшін де өте пайдалы. Ішек құрты бар балаларда дәріге аллергия болса, орнына мандарин шырынын ішкізу керек. (Күніне үш рет, астан жарты сағат бұрын). Тәттіден де­несі бөртіп, қышынатын балаларға да мұның зияны жоқ. Қайта дененің бөртуіне қар­сы кү­реседі.

 

Айта берсек, оның ағзаға пайдасы өте көп. Қысқа қа­йырсақ, тұрақты түрде қолдан­ған жағдайда мандарин шырыны қанды тазалайды, хо­лестеринді және жоғарғы қан қысымын түсіруге көмек­теседі. Ол жүрек пен қан тамырларының қорғаушысы. Имму­нитетті күшейтеді. Сондай-ақ жүйкені тыныштандырады. Кешкі астан кейін 1-2 дана желінсе, ұйқысыздық ауруына пайдалы.

 

Ал енді осы жеміс жайлы аз-кем айта кетейік: мандарин – цитрустар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл аласа ағаш. Оның атауы қытайлардан келген. Ерте замандарда Қытайдағы бай, ауқатты адамдарға «мандарин» деген лауазым берілген екен.

 

Е. ЕРКЕЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ