Жұмыртқа жаттығуы

23.11.2018
Қаралды: 582

Қыркүйек айынан бастап қан қысымым 150-160-қа көтеріліп, түспей қойды. Мазам кетіп бара жатқан соң дәрігерге бардым. Ол мұны күздегі маусым ауысуынан болатын құбылыс деп түсіндірді. Көк шай мен лимон ішуге кеңес берді. Бірақ апта өтсе де одан жәрдем болмаған соң тағы бардым. Бұл жолы учаскелік терапевт дәрі жазып берді. Оны күнделікті таңертең бір мезгіл ішуім керегін айтты.

 

Бәрі жақсы сияқты еді. Бірақ бірде түс қайта өзімнен-өзім қалшылдап, суықта қатты тоң­ған адам сияқты дірілдей бер­дім. Тексертсем, қан қысымым 160-ты соғып тұр екен. Осы күннен бастап мен қан қысымымның көтерілгенін сезбейтін болдым. Бірақ түс ауа көзім ішке қарай тартылып, басым сол­қылдап немесе денем қалшылдайды. Яғни 160/100 мен үшін үйреншікті жағдайға айналып бара жатты. Осы әурешілік мені екі ай сарсаңға салды. Дәрігер дәрінің күштісін бермек болған. Одан бас тарттым. Өйткені дәріге тәуелді болғым келмеді.

 

Бірде «Ауырмаңыз!» газе­тінің былтырғы нөмірлерін қарап отырып, Жарқын Шұғаев деген дәрігердің телефонына көзім түсті. Хабарласып көрдім. Дәрігер маған «қызық» сұрақтар қоя бастады: жұмысымның жөнін, не ішіп-жейтінімді сұрады. Соңында: «Мойын ауыратын ахуал бола ма?» – деді. Таң атқаннан қара кешке дейін компьютерге байланып отыратындықтан мойын тұсым құрысып қалушы еді. Соны айттым.

 

«Түсіндім. Сізде мойын омырт­қа тұсында тұз жиналған. Ол басқа қан таситын тамырды қысып қалған. Содан басқа қан, онымен бірге оттегі бармай жат­қан болуы мүмкін. Мойын тұсы құрысып ауыратыны осының белгісі. Мұндайда аздап бас айналуы сезі­леді. Бұл – кәсіби ауру.

 

Қан қысымы үш себептен болады. Біріншісі – қан және қуаттың тосылуынан. Екіншісі – ба­уырдың өзектік қуаты басқа шабуы. Үшін­шісі – қуаттың әлсіз­дгігінен.   Сіздегі қан қысымы осының бірінші себебінен деп ойлаймын. Дәрінің әсер етпей жатқан себебі де сол – қан тамыры тосылып тұр.

 

Мен сізге бір жаттығу айтайын, соны үздіксіз жасап жүрсеңіз, бәрі жақсы болады.  Иегіңізді ары-бері қозғалту арқылы ауада кәдімгі жұмыртқаның суретін салыңыз.  Мұны бір бағытта 5 рет жасаған соң екінші бағытта тағы бес рет жасау керек. Сосын жұмыртқаның көлденең жатқан суретін осылай екі бағытта 5 реттен «салып шығу» керек. Яғни сурет тігінен және көлденеңінен салынады. Бұл кезде мойын омыртқасындағы жүйке талшықтары, тамырлар қозғалыс­қа түсе­ді. Бұл көп уақытты алмайды. Сондықтан күніне 5-6 рет жасауға болады. Аздап бас айналуы тиіс. Ол жаттығудың әсері бар дегенді білдіреді», – деді дәрігер.

 

Мен дереу осы жаттығуды жасауды бастадым. Оған «жұмыртқа жаттығуы» деген ат қойып алдым. Әрине, лимон қосылған көк шай ішуді үзген жоқпын.

 

Дәрігердің сөзінен мойын омырт­қасында остеохондроз белгілері бар екенін түсіндім. УЗИ мен рентген түсіріліміне қарап, невропатолог та мұны растады. Оның кеңесімен массаж жасаттым. Қан қысымы бір­тіндеп түсіп келеді.

 

Айтпағым, екі ай әуреге салған диагнозды осы дәрігердің телефонмен-ақ дәл тапқаны таңқалдырды. Осындай білікті дәрігерлер көп болса екен. Ал көпшілікке, әсіресе мен сияқты отырықшы жұмыс жасайтындарға осы жұмыртқа жаттығуын жасап жүріңіздер демекпін. Шынында да уақыт алмайды, ол мо­йын тұсындағы тамыр мен жүйке талшығы жұмысын жақсартады.

 

Раушан ҚАДЫРОВА.

Алматы қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ