Қалай ұйықтаған қолайлы?

16.11.2018
Қаралды: 154

Тәулігіне 7-8 сағат ұйықтасаңыз да таңертең денеңіз дел-сал болып, діңкәлап, шаршап оянасыз ба? Онда мына мәселеге назар аударыңыз: адамның жайлы, жақсы ұйықтауы оның дұрыс қалыпта жатуына да байланысты. АҚШ-тағы ұйқының Ұлттық қоры (ондай да бар екен) мамандары өздері жүргізген зерттеу қорытындыларына сүйене отырып, ұйқы кезінде дұрыс тынығуға көмектесетін бірнеше мәселеге назар аударыпты.

 

1. Бір қырымен жату

 

Толыққанды ұйықтаса да таңертең болдырып оянатындардың 75%-ы бір қырымен жататындар болып шықты. Оның артықшылығы – адам қорылдамайды. Эмбрион «позасы» ана жатырында жат­қан бала сияқты қамсыз, алаңсыз болуға көмектеседі. Ол омыртқаға да жайлы.

 

Алайда бір қырымен жату иық пен қолдағы қан айналымын төмендетіп, оның ұйып қалуына әсер етеді. Бір бет­тің аздап ісіп тұруы да осы себептен болады.

 

2. Етпетінен жату

 

Бұл ең сирек кездесетін ұйқы «позасы» – адамдардың 7%-ы ғана осылай ұйықтайды. Артықшылығы – ұйқы қашып, сананы түрлі ой мазалағанда етпеттеп жату тез ұйықтап қалуға көмектеседі. Бұлай ұйықтау асқазан-ішек жолдары жұмысында қалыпсыздық бар адамдар үшін пайдалы. Өйткені осы кезде іштегі жайсыздық аздап басылады.

 

Алайда бұлай ұйықтаудың зиянды және жайсыз тұсы көп көрінеді. Бүкіл дене – адам қаң­қасы ішкі органдарға салмақ түсіреді. Одан әсіресе өкпе қатты қысылады. Сондықтан бронхит, өкпе қабынуы, жөтелі бар адамдардың ет­петінен жатуға құмартпағаны жөн. Артық салмағы бар адамдар мұндай ұйқы кезінде жүрек жұмысына күш түсіреді екен. Содан бұлшық еттер­дің ұйып қалуы орын алады. Етпеттеп жатқанда басты бір жаққа бұру керек болады. Ал ол мойын тұсындағы қан тамырларының жұмысына кедергі келтіріп, миға қан мен оттегі баруын тежейді.

 

3. Шалқадан жату

 

Ең жайлы, қолайлы, омырт­қаға да, миға да, бұлшық еттерге де дұрыс тынығуға көмектесетін ұйқы – шалқадан жатып ұйықтау. Бұл кезде омыртқа толығымен босаңсиды. Ол әсіресе омыртқасы қисық (сколиоз) адамдар үшін пайдалы. Мойын тұсы құрысып қала беретіндер үшін де осылай жатып ұйықтау тиімді: ондағы тамырлар босаңсиды. Үнемі шалқасынан жатып ұйықтайтындарда бетте әжім аз болады дейді косметологтар. Себебі бұл кезде беттегі бұлшық еттер де жақсы тынығады. Бұлай ұйықтау жүрек жұмысын да жеңіл­детеді. Яғни қан қысымы жоғары адамдар осылай ұйықтағаны дұрыс.

 

Алайда шалқадан жатқанда дене толығымен босаңсып, дұрыс тынығу үшін матрас міндетті түрде қатты болуы тиіс. Жұмсақ төсек омыртқаның қисаюына себеп. Жастық тым биік болмауы керек, ол мойын омыртқасына зиян, ондағы қан айналымын тежейді.

 

Яғни мамандар ағза дұрыс тынығу үшін шалқадан жатып ұйықтауға кеңес береді. Оның бір ғана жайсыз жағы бар. Ол – қорылдау. Жастықтың жайлысын таңдай білсеңіз, одан құтылу қиын емес.

 

Ұйқыңыз жайлы болсын!

 

Е. ЕРКЕЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ