Тозаңы гайморитке ем тікен

13.11.2018
Қаралды: 154

Мына суреттегі тікенді өсімдіктің атын білесіздер ме? Шымкенттегі «Қырғы базарда» отырған апайдан осы тікенді сатып алып жатқан адамдарды көргенде таң қалған едім. Сөйтсем мұның шипасы күшті екен.

 

«Мұны шошқамұрын дейді. Орысшасы – бурнаки. Сабағына ұласатын жерін бері қаратып көргенде шынында да шош­қаның мұрнына ұқсайды. Тілі бай, сөзге шешен бабаларымыз өсімдіктердің атауын кәдесіне қарай дәл тауып қойған ғой. Атауы айтып тұрғандай, шошқамұрын мұрын қуысындағы іріңді дәрісіз түсіреді. Яғни ол гайморитке ем. Халық емінде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәсіл.

 

Шошқамұрынды емге пайдалану үшін бір данасын алып, сыртындағы тікендерінен тазартады. Астында жұқа қауашағы қалады. Соның арасында майда ұнтақ – ұрпағы болады. Осы тозаңды шашып-төгіп алмай, бір қағазға немесе таза матаға жинау керек. Ол өте аз болады.

 

Қауашақтың ішінде ұрығы бар. Оны да алып тастайды. Тікенінен және дәнінен тазартқанда қолда домалақ жұқа сетка қалады. Оны қолмен мыжысаңыз тозаңы түседі. Олай болмаған жағдайда таза қағазға салып, ұнтақтауға болады. Сосын екіге бөліп, кішкене түтікшемен екі мұрынға кезек тартады.

 

Тағы бір тәсілі бар: дәкені (бинт) кішкентай етіп кесіп алып, екіге бөлген ұнтақ – шош­қамұрынның тозаңын соған түю керек. Сосын оның бірін мұрынның бір қуысына салып, арасына аз уақыт сала отырып үш рет терең тыныс алады. Оны тастап, екінші дәкедегіні екінші мұрынмен тарту керек. Көп ұзамай, кей­біреуде екі-үш минуттан кейін-ақ түш­кіру басталады. Сосын мұрыннан су кете бастайды.

 

Мұны жұмыс не сабаққа, жалпы еш­қайда бармайтын кезде – демалыс күні, ертерек жасау ләзім. Себебі гаймор қуысына жиналған сұйықтық кешке дейін ағады. Ал ірің қатып қалған болса, түшкірген сайын ол біртіндеп жібіп, сұйықтықпен бірге жалқық болып шығады. Осы жерде ескертетін жай – мұрынды сіңбіруге болмайды. Түшкірген кезде, жалқық аққанда да терең тыныс алып, оны кері қайтаруға да болмайды. Тек қана сүртіп отыру керек. Әйтпесе инфекциялы іріңді жібітуге кіріскен тозаң ми қалташасына барып, қатып қалуы мүмкін.

 

Сосын ем кезінде шалқадан, бү­йірден жатуға болмайды. Өйткені мұрын қуысын жағалай миға дейін жететін сұйықтық ағып кетуі керек. Қай жағдайда да бас тіке тұруы тиіс. Отырғанда да осыны қатаң қадағалаған дұрыс. Ал жатқысы келсе етпеттей жатып, бірақ басты тіке ұстау шарт.

 

Арада 3-4 күн немесе бір апта өткенде рентгенге түсіп, гаймор қуысын тексертіп көрген жөн. Сұйық түгел ағып кетпесе, емді тағы бір қайталайды. Сонымен гаймориттен құтылдым дей беріңіз. Ем үшін оның екі немесе үш данасы жеткілікті. Осы үш дананың өзі 10-15 жылғы гаймориттен толықтай құтқарады.

 

Менің шошқамұрынды сатып жүр­геніме екі жылдай болды. Данасы – 200 теңге. Алушыларға қалай қолдану керектігін осылай егжей-тегжейлі түсіндіремін. Гаймориттен құтылған адамдар осындай ем бар екенін айтып, таныстарына, достарына насихаттап жатады», – деді Гүлбахира есімді сатушы апай.

 

Осы тікенді өсімдіктің тозаңын иіскеу арқылы гаймориттен құтылған жандарды білуші едім. Соның бірі – Ботагөз Сейілқызы есімді Шымкент тұрғыны.  Орта жастағы келіншек бұған дейін бірнеше рет ем алғанын айтқан болатын. Бірақ гайморит қайталап мазалай берген көрінеді. Бірде Сарыағаш ауданында тұратын бір молда кісіден осы ем жайлы естиді. Содан шошқамұрынды іздеп тауып, жасап көрген соң алты жылдан астам мазалаған аурудан айыққан.

 

Халық емінің бұл түрін де біле жүрейік. Керек тастың ауырлығы жоқ қой.

 

Әлия ҚҰСАЙЫНОВА.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ