Желіге «байланған» жарты ғұмыр...

09.11.2018
Қаралды: 124

Сіз білесіз бе, жер шарында 4,021 миллиард адам интернет қолданады екен. Оның 3,196 миллиарды күнделікті 3-5 сағатын түрлі әлеуметтік желілерді «шарлаумен» өткізеді. Ал ұдайы ұялы телефон пайдаланушылар саны – 5,135 миллиард.

 

Бұл «WeAreSocіsl» компания­сы келтірген деректер. Бұл компания жыл сайын ғаламтор қыз­метін пайдаланушылар мен әлеуметтік желілерге тірке­лу­шілер статистикасын жүр­гізеді. Биылғы дерек интер­нетті қолданушылардың – 13, ал әлеу­меттік желіге тіркел­гендердің қатары былтырғыдан 39%-ға артқанын көрсе­теді.

 

Заманыңнан қалмаған жақсы, әрине. Бірақ кез келген нәрсенің екі жағы болатыны сияқты, мұның да жаман тұсы көп екен: Ұлыбритания ғалымдары бүгінде ұйқысы қанбайтын және ұйқысыздыққа шалдыққан адам­дардың тым көбейіп кеткенін анықтапты. Және оған әлеуметтік желілер себеп дейді. Бұл елдің зерттеушілері 18-46 жас аралығындағы адамдардың 82%-ы күніне 3-5 сағатын желіде «өткі­зетінін» анықтапты. Сонымен қатар әлеу­меттік желілердің белсен­ділігі әсіресе кешкі және түнгі уақытта өршитініне көз жет­кізген. Олар 70-75 жыл өмір сүретін адамдардың ғұмырының тең жартысы желіде «тұтқында» отырумен өтетінін айтып дабыл қағады.

 

Ал ұйқының қанбауы түрлі ауруларға тікелей себеп болуда. Мұны медицина мамандары, зерттеуші-сарапшылар айтып отыр.

 

Ұйқысы қанбаған адамның зейіні төмендеп, ашушаң, тез шаршағыш болады. Бұл әсі­ресе орта жастағы және жа­сы ұлғайған азаматтар үшін қа­терлі. Бір ұйқысыз түннің өзі түптің-түбінде ауыр дертке се­беп болуы мүм­кін екен. Әсі­ресе бұл қант диабетіне қатыс­ты. Ғалымдар ұйқының жетіспеу­шілігі тіпті жас, дені сау адамдардың да ағ­засында инсулинге сезім­­тал­дықты тө­мен­­детеді дейді.

 

Ұйқының жетімсіздігі жү­рекке түсетін салмақты арттырады, одан артериялық қан­ қысымының артуы туындайды, жүрек-қан тамырлары ау­ру­лары өршиді.

 

Нашар ұйқы мен көп уақыт ұй­қы қанбауы қандағы иммундық жасушаларды жояды, өкпенің, асқазан-ішек жол­да­ры­ның жұмыс ырғағын бүлді­реді, созылмалы шаршаңқы­лыққа, депрессияға, көңіл құ­лазуына апара­ды, адамның жұмысқа қабі­леті кемиді.

 

Қыс­қасы, тұрақты түрде ұй­қы қанбауы адамның жиырма жыл өмірін қысқартады екен. Мұны неміс ғалымдары ұзақ жылдар бой­ғы зерттеу жұмыстары нәти­жесінде анықтаған. Сондықтан олар әрі кеткенде түнгі сағат 11-де ұй­қыға жату керек дейді. Сондай-ақ ұйқы 8 сағаттан кем болмау керек екен.

 

Ал егер ұйқыңыз қашып жүрсе ше? Онда, әрине дәрігерге көріну керек. Сондай-ақ тез ұйқы шақыруға септігі тиетін мына халық емдерін қолданып көріңіз:

 

- Бір стакан сүтке бір ас қасық әсел қосып ішкен адам­ның ұйқысы тез келеді әрі тыныш болады;

 

- Кәдімгі дәріханада са­ты­латын валерьянка да тез ұйықтауға сеп;

 

- Бір ас қасық сасықшөп (пус­тырник) пен меруерт­гүл­дің (ландыш) бір ас қасық шырынын араластырып, тоңазытқышта сақтау керек. Жатар алдында 15 тамшысын ішіп тұрса, жақсы кө­мектеседі;

 

- Көкнәр гүлінің 10 грамын бір стакан сүтте демдеп, қайнауға дейін жеткізу (қайнатпау) керек. Осы дәр­мекті жатардан жарты сағат бұрын ішсе, ол тез ұйықтап кетуге көмектеседі.

 

Есіңізде болсын, төрт-бес күн бойы ұйқыңыз қанбай жүрсе, онда жүйке жүйесінің ұйқы кезіндегі қалпына келу механизмі бүлі­неді, оның соңы психиканың бұзылуына соқтырады. Сақтаныңыз.

 

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ