Жүрек жұмысын жақсартатын жеміс

07.11.2018
Қаралды: 145

Күнгей тұрғындары халық емінде ежелден қолданылып келе жатқан долананы әдетте күздің алғашқы суығынан кейін тереді. Оны кмолынан жинап, кептіріп алса, көптеген ауру түріне қарсы жыл бойы қолдана беруге болады.

 

 

Долананы біздің халқымыз жүрек ауруларына пайдалы деп біледі. Ол орталық жүйке жүйесін тыныштандырып, жүрек бұлшық етінің жиырылу қабілетін арттырады. Жүрек соғысының қалыпқа түсуіне көмектеседі. Холестериннің белгілі мөлшерден аспауына да көмекші. Артериядағы қан қысымын шамалап төмендетуге ықпал жасайды. Жүректің негізгі көктамыры мен ми ішіндегі қыл тамырлардың қан айналысын жақсартады.

 

Ол үшін кептірілген дәнінен бір стаканды ұнтақтап, үстіне 100 грамм 70 градустық спирт құйып, 21 күн жабық ыдыста ұстайды. Бұдан бір шай қасықты қайнаған суға қосып, күніне үш рет астан бұрын ішеді. Бір айға созып, он бес күн демалып, бір жылда 7-8 рет қайталауға болады. Ол жүрек-қан тамырлары ауруы бар жандар үшін таптырмас шипа.

 

Соңғы жүз жыл ішінде әлем медицинасында долананың көптеген қасиеттері біртіндеп ашыла түсуде. Әсіресе жұмыс қабілеті нашарлаған жүректі әлден­діруге, оның майлануын тежеуге, соғу жиілігін теңдеуге, жүрек құлақтарының бұзылуын тоқтатуға, тамырларының ішкі қабырғасында май, тұз түзілістерін болдырмауға қатысатыны дәлелденген. Содан болар, Ұлыбританиядағы табиғи тәсілдермен емдейтін орталықтар науқастарға витамин орнына күніне екі рет белгілі мөлшерде долана жегізеді. Ал Қытай халық емшілері оны асқазан сырқатына тиімді деп санайды. Дегенмен долананы буын ауруларына, тұз жиналуға қарсы қолдануға да болады. Ол үшін жемісін кептіріп, бір ас қасықты жарты литр суға 10 минут ақырын қайнатып, бір сағат бұқтырады. Астан бұрын бөліп ішеді. Тәбет тартса, қалауыңызша іше беруге болады. Өйткені зияны жоқ, пайдасы көп.

 

Тағы бір рецепт: үш қасық дәнін ұнтақтап, жарты литр қайнап тұрған суға тағы 10 минут қайнатып, 2 сағат  бұқтырады. Оны үшке бөліп, ас алдында ішу арқылы бір күнде тауысу керек. Ал емді бір айға жалғастырған жақсы. Сосын екі апта демалып, қайталау керек. Бұл емді неғұрлым ұзағырақ пайдаланса, денсаулыққа соғұрлым пайдалы. Ол бас айналу, ұйқысыздық, асқазан қышқылдығын теңестіру үшін де керек.

 

Айтпақшы, негізі долананың 39-дан астам түрі бар. Ал біздің елімізде оның екі түрі кең тараған. Емге оның кез келген түрін пайдалана беруіңізге болады.

 

Жалғас САМАТҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ