Қан тазартудың пайдасы қандай?

18.10.2018
Қаралды: 299

Адам дерттен тұралап жүргенде оған қанды тазарту керек деп те айтып жатады. Бұл ағзаның жай-күйін жақсартады дейді. Расында солай ма? Біздің Шымкент қаласындағы қан орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жайнара Астанаевамен сұхбатымыз осы тақырып төңірегінде болды.

 

– Алдымен қан тазарту деген не  – сол туралы айтсаңыз.

 

– Қан тазарту (плазмофорез) деген – ондағы улы заттарды алып тастау. Қан 50 пайыз судан тұрады, қалғаны – жасуша, май, ақуыз, витамин, гормон сияқты заттар. Тіршілік әрекеттері барысында ағзаға зиянды заттар түседі, олар қанға да өтеді. Ал жасуша, ұлпа, жасушааралық кеңістік сияқты қол­жетімсіз жерлерден гөрі тамырдағы қан­ды алып тазарту, оны таза күйінде кері, орнына қайтару оңай. Ол былай іске асырылады:

 

Адам бір сағаттай кереуетте жатады, вена қан тамырларынан қан сорылып алынады да, тазартылып, ағзаға қайта ендіріледі. Сосын таза қан айналымы арқылы жасуша, ұлпа, жасушааралық кеңістік, органдар да тазарады. Қан алып, тазартудың науқастың ерек­шелігіне, жай-күйіне қарай қолданылатын өзіндік ереже-тәсілдері бар. Тазартылғанда ол арнайы сүзгіден өтеді.

 

– Бұл шара бір-ақ рет жасала ма, жоқ әлде қайталана ма?

 

– Бәрі адамның жай-күйіне, ағзаға түскен улы заттар сипатына байланыс­ты. Бір мәрте немесе бірнеше мәрте тазартылуы мүмкін. Созылмалы аурулар кезінде бірнеше процедурадан өту керек болады.

 

– Плазмофорез қандай дерттерден емдеуде жәрдемдеседі?

 

– Мұндай 200-ден аса дерт түрі бар. Ең көп таралғандарын айтар болсам, бұл – аллергиялық реакциялар, артрит, қант диабеті, гипертония, жүректің ише­миялық дерті, нейродермиттер, поллиноздар, вена қан тамырының кеңеюі, жұмсақ ұлпалардың іріңді қабынуы, жүктілік кезіндегі токсикоз.

 

– Диабетке қатыстысын тарата айтсаңыз...

 

– Диабет екі түрлі: туа бітті және жүре келе пайда болған. Біріншісі инсулин үзілуіндегі бұзылысқа, екіншісі семіздік пен жас ұлғаюына байланысты. Қан тазарту осының екіншісіне қатысты жасалады. Өйткені инсулин жет­кілікті, бірақ кәрі немесе семіз ағза оны қолдануға әлсіз. Сондықтан қанды сұйылтатын, капиллярлардың, ұлпалар мен органдардың қоректенуіне жол ашу үшін қан тазартылады. Диабетпен ауыратындар қанды жарты жылда немесе бір жылда бір рет тазартып тұрғаны дұрыс. Қан тазартумен қоса оны сұйылтатын препараттар да қолданылады.

 

– Осы қант диабетінің көбейіп кеткені туралы жиі айтылады. Жалпы, оның алғашқы белгілері қандай?

 

– Қол мен аяқтың үнемі мұздай болып жүруі, жиі ұюы жақсы емес. Мұндайды аңғарған адам уақыт өткізбей дәрігерге көрінгені абзал. Қант диабеті анықталғанымен де 5-6 жыл бойы мұндай құбылыс байқалмаса да, бәрібір ертелі-кеш ол туындайды. Ұсақ қан тамырлары зақымданады, одан тамыр қабырғаларында қабынулар пайда болады, қақ тұруына жағдай жасалады, тамыр тарыла түседі, сосын ұлпаларға қорек жеткіліксіз болады. Сондықтан қанды тазарту керек.

 

– Ал аллергия кезінде не істейсіздер?

 

– Қанды антителадан айықтырамыз, оларды азайтуға күш саламыз. Сонда  аллергиялық реакциялар азаяды. Мысалы, поллиноз (маусымдық дерт, түрлі өсімдіктер гүлдегенде күшейеді) кезінде қанды тазарту керек. Егер адамда поллиноз бір ғана өсімдікке қатысты болса, тазарту жеңілірек жүреді. Жалпы, аллергияға қарсы тазартқанда қосымша дәрілер беріледі.

 

– Қанды тазарту қосымша дәрілер әсерінсіз іске аспайтын болғаны ғой?

 

– Қосалқы ем үшін ол керек. Өйткені плазмофорез қанды улы заттардан тазартады, көп жағдайда иммундық жүйе өзі қалпына келеді. Ал аллергия, нейродермит және басқа кейбір дерттер кезінде жағдай қиындай түседі, қосымша ем сол кезде керек.

 

– Қанды тазартуды кімдер жасатуына болмайды?

 

– Қан ұюы төмен адамдарға, онкологиялық дерттен зардап шегушілерге, қан кетіп жүрген адамдарға жасауға болмайды. Дегенмен бұл кей жағдайларда  ғана. Қан тазартуды науқастың жай-күйіне қарай барлығына да жасай беруге болады.

 

– Дегенмен қан тазартуға жұрттың бәрі бірдей тәуекел ете бермейтін шығар?

 

– Жалпы, қорқудың қажеті жоқ. Үрейге жол бермеу керек. Өйткені ол қанда адреналин көбеюін туындатады, одан қан қысымы артады. Қатты стресс кезінде бауырдан глюкоза көп бөлінеді. Сондықтан адам қан тазартуға үрейленіп-қорықпай барғаны дұрыс.

 

– Алдымен қандай сынамалар тапсыру керек?

 

– Қанды гепатитке, сифилис, ВИЧ-ке тексерту керек. Жалпы сынама, биохимиялық, қан қою­лығына сынама тапсыру қажет.  Кей жағдайда арнайы иммунологиялық зерттеу қажет болады.

 

– Біз «хиджама» дегенді білеміз, естиміз. Оны негізінен халық емшілері қолданады. Қан тазартудың одан айырмасы неде?

 

– Екеуі ұқсас. Бірақ халық емінде қан алынғанымен қайтарылмайды. Плазмофорезде тазартылып, қайтарылады. Яғни бұл – қанды құрамдаушы бөлік­терге бөлу, плазманы қалдырып, жасушаларды қан айналымына қайтару. Бүгінде бұл медицина жиі қолданатын тәсіл. Одан қорқудың қажеті жоқ.

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ