Ерлі-зайыпты емшілер

11.10.2018
Қаралды: 336

Түркістан облысының Ордабасы ауданында ерлі-зайыпты емшілер тұрады деп естіген болатынбыз. Білетіндер Еркінбек Бибатыр мен оның жұбайы Ләззат Наурызбайқызы түрлі дертпен ауыратындарды Құран аяттарымен дем салып, қолындағы биоток арқылы денені уқалаумен емдеп-жазады дейді. Көпшілікті құлағдар ету мақсатында оларды Темірланға арнайы іздеп барған едік.

 

 

Біз барғанда Ләззат емші келушілердің біріне ем жасап жатыр екен. Ал сыртта кезек күткен адам. Біз солардың бірі – Нағима Мәди есімді апайды әңгімеге тарттық. Айтуынша, 5-сыныпта оқитын немересі Айбек Әбдіжаппар аллергиялық астмадан зардап шегеді екен. Он жастан енді асқан баланың тыныс алуы қиын болған. Еркінбектің емшілік қабілеті құлағына жетіп, осында іздеп келіпті. Жиырма күнде Айбек дәрі-дәрмекті қолдануды қойыпты. Әжесі немересінің денсаулығы жақсарып келе жатқанына қуанышты.

 

Созақ ауданынан келген Марат Байдуллаев та Еркін есімді ұлы жүре алмай қалған соң, ел-жұрттың айтуы бойынша Темірланға жол тартқан көрінеді.

 

– Баламды дәрігерлерге көрсеттім. ДЦП деген диагноз қойды. Алғашқыда қолдары тартылып қалатын. Осы емшілерге қаралып жүргенімізге қазір бір ай шамасындай уақыт болып қалды. Шүкір, баламның беті бері қарады, – деді ол.

 

Бірер митуттан кейін әңгімеміз Еркінбек Бекболатұлымен жалғасты.

 

– Иә, біз жұ­байымыз екеуміз де ем жасаймыз. Аяғы қақсап, ба­сы ауырғандарды,  асқазан-ішек ауруларын, тоқ ішек геморройын, қуық, өңеш, алқым бе­зінің қабынуын, ұршық басының жетілмеуін, дис­плазияны, ерлердің қуық асты без қабынуларын (простатит), әйелдегі циститті емдеп жүрміз. Оның бәрі Жасаған иеміздің бойымызға берген қасиетінің арқасы.

 

Келіншегіме емшілік жастайынан қонған. Кейіннен мені де бір күш қысып, осы жолға түстім. Екеуміздің бірге ем жасап жүргенімізге төрт-бес жыл болып қалды. Әдетте онымызды жұртқа жария ете бермейміз. Естіген-білген адамдар өздері іздеп келіп жатады. Емдерін қабылдап, сауығып кеткендер де көп. Былтыр 27 жыл циститтің асқынуынан зардап шеккен бір қызды емдеп жаздық. Он күн ішінде тәуір болды. Дисплазиясы бар балаларды әкелушілер көп, – деді ол.

 

Шынын айтқанда, көкейде емшіге қояр сұрақ көп болатын. Бірақ алыстан ем іздеп келген кісілерді көп күттіруге қысылдық. Емшінің өзі де науқастарға қарап алаңдай бастаған соң әңгімемізді осы жерден доғаруымызға тура келді.

 

Иә, қазір екінің бірінің денсаулығында ақау бар. Біреуге дәрі ем болса, екінші адамға шипа Құраннан табылып жатады. Біздің кейіпкерлеріміз де емді Аллаға сиынып, қасиетті Құраннан табуға тырысады екен. Темірланнан біз осыған куә болып, көз жеткізіп қайттық.

 

Батырәлі МЫРЗАҚАСЫМҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ