Толық емделмеген де қауіпті

04.10.2018
Қаралды: 202

Бүгінде адамдардың бәрі қауырт, тіршілік әрекеттерімен жүр. Ауыра қалса, жүре емделеді. Емделуі де толық емес, соңына дейін жеткізбейді. Өз кезегінде бұл да ағзаға аса зиян. Осыған бірнеше мысалдар келтіре кетейік.

 

1. Дене қызуының көтерілуі. Бұл неден болады? Әрине, қандай да бір дерттен, ағза соған қарсы күрескенде дене қызуы көтеріледі.

 

Жалпы, күзде жиі орын алатын жедел-өтпелі тыныс жолдары дерті кезінде дене қызуы 38,5 градустан арыға аспайды. Ал одан аса бастаса, бұл қауіпті. Мұндай жағдай бір күннен асса, дәрі ішсе де қызу түспесе, науқас ентігіп, тамыр соғысы жиілесе, онда ол пневмония болуы әбден мүм­кін. Тез арада дәрігерге көріну керек.

 

Дене қызуы тез арада көте­ріліп, 39-40 градусқа дейін жетсе, одан асса, бұл тұмауға тән құбылыс.

 

Жалпы, дене қызуы 38,5 градустан аспаса, оны түсіруге асықпау керек. Яғни дәрі ішудің әзірге қажеті жоқ. Лимон, құлпынай, бал қосып көбірек шай ішіп, денені ылғал матамен сүртсе болады. Ал қызу одан асса, басылмаса, онда тез арада дәрігерге көріну керек. Ем ертерек басталса, қабынудың алдын алуға мүмкіндік бар. Әсіресе балалар мен жасы ұлғайған адамдарға мұндайда тез арада дәрігермен кеңесу керек.

 

Айта кетер бір жайт – егер дене қызуы 37 – 37,5 градусқа дейін көтеріліп, ұзақ сақталса да дәрігерге көрініп, рентгенге түскен жөн. Өйткені иммуни­теті төмен, әлсіз, кәрі адамдарда бұл пневмониядан болуы әбден мүмкін.

 

2. Мұрын бітуі. Қалыпты жағдайда ринит – мұрынның қабынуы. Ол 5-6, 10 күнге созылады. Мұрын бітеді, одан сұйық немесе қою жалқық бөлінеді. Кейін ол өздігінен жойылады.

 

Ал егер мұрын бітелуі бір аптадан артық уақытқа созылса, бас ауырып, тыныс алу қиындаса, онда ол синусит немесе гайморит белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ мұрын мен құлақ қоса бітіп, дене қызуы тағы да көтерілсе, бұл – отит болуы ықтимал. Ол жедел-өтпелі тыныс жолдары дерттері кезінде бактериялар әсерінен де туындайды.

 

Егер тыныс алу қиындап, қорыл пайда болса, таңертең жөтел қысса және дене қызуы көтерілсе, бұл аденоит болуы мүмкін.

 

Жалпы, мұның қай-қайсысында болмасын дәрігерге көрінген абзал. Арнайы маман ғана аурудың себеп-салдарын анықтап, тиісті ем-дом жасайды. Өз бетімен емделген қауіпті.

 

Негізі мұрын бітуіне немқұрайды қарамау керек. Бастала салысымен мұрынды тұзды ерітіндімен шайып тұрған дұрыс. Ол кілегей қабатты нығайтады, микробтарды жояды, (Аллергия болмаса, ингаляция жасаған дұрыс). Егер дене қызуы 37,5 градустан артса, мұрыннан түссіз сұйық бөлінсе, мұрынды матаға оралған ыстық тұзбен, піскен картоппен, жұ­мырт­қамен қыздыруға болады. Ал тамыр тарылтатын дәрілерді аса қажет болғанда ғана, онда да күніне екі реттен артық емес және үш күннен арттырмай қолданған абзал.

 

Есте ұстайтын жайт – мұрыннан іріңді сұйық бөлінген жағдайда оған ыстық басу қауіпті. Өйткені ірің қанға өтіп, менингитке себеп болуы мүмкін. Абсцесс, отитке себеп болуы ықтимал. Жалпы, дене қызуы жоғары, одан бөлінетін жалқық сарғылт-жасыл түсті болса, онда оны қыздыру қауіпті екенін ұмытпаған жөн.

 

3. Жөтел. Жөтел негізінен 5-6 күнде тыйылады. Алғашында құрғақ, кейін ылғалды жөтел болып аяқталады. Балаларда бұл мерзім 10 күннен аспауы тиіс.

 

Ал егер жөтел бір аптадан арыға созылса, дене қызуы көтеріле түссе, науқас әлсіреп, кеудесінен ауырсыну сезінсе, онда бұл  бронхит немесе ошақты пневмония болуы мүмкін. Ем­деген жағдайда да ылғалды жөтел жалғаса берсе, ол 3 күннен асса, он­да терапевтке көріну керек. Тиісті ем алған абзал.

 

Жалпы, жөтел ауру емес, ол – тыныс жолдарын жиналып қалған заттардан тазарту үшін туындайтын табиғи рефлекс. Оның ылғалды жөтелге ұласуы, қақырықты шығаруы дұрыс.

 

Ал егер деміктіріп, тұншықтырып, ішті ауыртса, ұйқы бермей жалғасатын болса, онда уақыт өткізбей емделу керек. Бұған қарсы таблетка, сироптар бар. Оларды да үш күннен артық қолданбаған дұрыс. Дәрігер кеңесіне құлақ түрген жөн.

 

Қысқасы, мұрын бітуі, жөтел, дене қызуының көтерілуі кезінде егер олар жоғарыда атап көрсетілген кезең­дегідей өздігінен басыла қоймаса, оның асқынуына жол бермеуді ойластыру қажет. Әрине, дәрігерге қаралған абзал. Дұрыс диагнозды сол қояды, тиісті емді сол таңдайды, тағайындайды. Осыны ұмытпаңыздар демекпіз.

 

Г. ӘБЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ