Ұмытшақтық та аз қозғалудан басталатын дерт

04.10.2018
Қаралды: 199

Соңғы жылдары денсаулық сақшылары қимыл-қозғалысты көбейту туралы өте жиі айта бастады. Аз қозғалудың зиян екенін бәріміз де білеміз. Дегенмен осы мәселені тереңірек талдап көргендер көп емес. Ал қозғалыстың аздығы ағзаға қалай әсер етеді? Шымкент қалалық №4 емханасының терапевті Айжан Усенова (суретте) мұны «Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандарына арнайы толық түсіндіріп берді.

 

 

– Айжан, айтыңызшы, қимыл-қозғалыстың аздығы қандай ауруларды өршітуі мүмкін?

 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймағында (оған Қазақстан да кіреді) жыл сайын 600 мың өлім-жітім жағдайы халықтың дене белсенділігі дең­гейінің төмен­д­еуінен болады дейді. Егер адамдар қимыл-қозғалысты кө­бейтсе, жүрек-қан тамыр аурулары, инсулинге тәуелсіз қант диабеті, артериялық қы­сым­ның жоғарылауы, қа­терлі ісік­тердің кейбір жаңа түрлері, сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары, психологиялық бұзылыстар сияқты көптеген дерттен аман болар еді. Бірақ, өкінішке орай, Қазақстанда жүрек-қан тамыры аурулары (атеросклероз, гипертония және басқа, инфарктпен немесе инсультпен аяқталатындары) әр екінші өлімге себеп болады. Аз қозғалудың зиянын осыдан біле беріңіз.

 

Дене белсенділігі адам ағзасының толыққанды дамуын, өсуін және оның физиологиялық қызметтерінің дұрыс қалыптасуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ ағзаның зат алмасуын, бұлшықеттік, қаңқалық және жүрек-қан тамырлары жүйе­лерінің жағдайын анықтайтын негізгі фактор.

 

– Дене белсенділігі адамның жасы, денсаулығына байланысты болуы тиіс пе?

 

– Әрине. Адамның жас ерек­шеліктеріне сай дене белсен­діліктерінің деңгейі де өзді­гінше өзгеріп отырады. Мысалы, мектеп жасына дейінгі балалар ағзасына дене жаттығуларының маңызы өте зор. Ол жастағы балалар шаршамай ұзақ жүгіріп немесе қозғалып ойнап жүре береді. Бұл қозғалыстар баланың сол шақтағы дене дамуына қажет­тілігінен туындайды. Яғни ол табиғаттың баланың өсіп-дамуы үшін жасаған бағдарламасы десек те болады. Ол баланың сергек жүруіне, дұрыс ұйық­тауына, жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне жол ашады.

 

Кейін бала мектепке барғанда тапжылмай бір орында отырып сабақ оқуы, ақыл-ой еңбегімен айналысып, өте аз қозғалуы денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, баланың омыртқа жотасының қисайып, сколиоз ауруына шалдығуы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, тыныс алу, астың дұрыс қорытылмауы, жүйке жүйесі қызметтерінің әлсіреуі сияқты әсерлерін айтсақ болады.

 

Гигиена саласындағы зерттеу­лер­дің нәтижелері бойынша, студент жас­тардың басым көпшілігінің күндізгі уақыты 82 – 85%-ға дейін қозғалыссыз бір орында отырып оқу немесе жұмыс жасауға арналады екен. Жұмыс үстелі мен партада ұзақ отыру, аз қозғалыс көптеген ағза жүйелерінің қызметіне кері әсер етеді, ол әсіресе тыныс алу мен жүрек-қан тамырлар жүйесіне зиян. Ұзақ уақыт бойы отыру кезінде тыныс алу тереңдеу келеді, зат алмасу төмендейді, ақыл ой жұмысының тө­мендеуіне алып келеді: зейіні тө­мендейді, есте сақтау әлсірейді, қозғалыс координациясы бұзылады, ойлау операциясының уақыты ұзарады, яғни барлық ағза мүшелерінің жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Сондықтан жастар күнделікті жаттығу жасауды, қандай да бір спорт түрімен айналысқаны дұрыс.

 

– Ал енді ересек адамдар үшін қандай жаттығу түрлері тиімді?

 

– Қартаю шағында адамдарда көптеген жүйелердің қызметтері тө­мендей бастайды. Мысалы, 60 жастан бастап артериальды қан тамырларының оттегімен қамтамасыз етілуі орта жастағы адамдарға қарағанда 5 – 7%-ға дейін төмендейді. Мұндай жағдай 70 жас шамасында қан айналымының нашарлауымен түсіндіріледі.  Бұл  кезде тіпті өкпенің сыйымдылығы да азаяды. Әрине, оның бәрі адамға әсер етпей қоймайды. Бірақ осы кері әсерден ертерек сақтануға мүмкіндік бар. Ол – қимыл-қозғалыс. Жаттығу!

 

Ересектердің дене жаттығуларымен аз айналысып,  дене белсен­ділік­терінің төмендейтін шағы 25 пен 35 жас аралығы болып келеді. Егер адам 30 жыл бойы жүгірумен айналысса, ағза мүше­леріне күнделікті дене жүкте­мелерін беріп отырса, оның қартаю стадиясының басталуы 10 жылға арт­қа шегінеді. Сондай-ақ 70 жас шамасындағы адам дене жаттығулары ар­қылы өз ағзасын үнемі сақтап отыратын болса, оның артериялық қысымы қалыпты болып, эмоциялық жағдайлар­ға тұрақты келеді және буындарының қажалуы қалпы төмен болады.

 

Орта жастан асқан адамдар, егер тренажер орталығына баратын болса, ондағы арнайы мамандармен (инструктор) кеңесіп, өзіне тиімді жаттығу жүктемесін таңдай алады. Болмаса күнделікті таңертең 30-40 минут баяу жүру, иіліп-бүгіліп, отырып-тұрып гимнастикалық жаттығу жасау, ауыспалы душ қабылдау пайдалы.

 

Дене белсенділігі адам ағзасында жасқа сай әр түрлі деңгейде болады. Бірақ тым жоғары да болып кетпеуі тиіс. Ондай жағдайда жүрек соғу жиілігі жоғарылайды, тыныс алуы қиындайды, тершеңдік күшейеді. Сондықтан жас ерекшеліктеріне сай әр адам өзіндік дене белсенділіктерін қалыпты деңгейде ұстаса жөн болады. 

 

– Кеңесіңізді оқырмандарымыз кәдеге асырады деп сенеміз. Әңгі­меңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ