Мұрын бітіп қала беруі де қауіпті

20.09.2018
Қаралды: 585

Күзде күн салқындай келе түрлі аурулар көбейе бастайтыны белгілі. Соның бірі – отит, яғни ортаңғы құлақтың қабынуы. Ол көбіне үнемі мұрын бітеліп жүруінен басталады, асқына келе құлаққа шабуы әбден мүмкін. Бұл бүгінде дүние жүзінде, соның ішінде біздің елде де жиі кездесетін проблемаға айналуда. Осы орайда бұл аурудың пайда болу себептері және оны емдеудің жолдары туралы біз  Шымкент қалалық орталық балалар ауруханасының ЛОР-дәрігері Ләйла Маханбетовамен сұхбаттасқан едік.

 

Есту неге нашарлайды?

 

– Бүгінде балалар мен жасөс­пірімдерде есту қабі­летінің нашарлауы жиі кездесіп жүр. Мұның себебі неде?

– Қабынып-асқынудың барлығы мұрын ауруынан, атап айт­қанда, көмекей безінің шамадан тыс ұлғаюынан (аденоидтық вегетация) басталады. Ол тыныс алуды қиындатып, мұрынды «біті­ріп» қана қоймай, қо­рылдауды туындатады, есту түтігі арқылы инфекция түсу жолымен құлақты да зақымдайды.

 

Дер кезінде емделмесе, құлаққа қиын болады. Кей жағдайларда соңы операция жасауға дейін апарады. Сондықтан әсіресе ата-аналар бұл мәселеге мән бере қарағандары абзал.

 

– Ауру асқынған жағдайда есту қабі­ле­ті қаншалықты төмен­дей­ді?

– Созылмалы отит кезінде құлақ жарғағында аденоидтер әсерінен түскен инфекция кесірінен оның пердесінде тесік пайда болып, ол есту сүйекшелерін де зақымдайды. Содан олар өзінің жұмыс қабілетін жоғалта бастайды.

 

Жаңа тәсілмен емдейді

 

– Бүгінде мұны емдеудің жаңа тәсілі ендірілгенін естиміз. Сол туралы айтсаңыз.

– Аденоидтерді, яғни құ­лаққа инфекция түсіретін заттарды алып тастау кезінде біраз қиындықтар туындайды. Құлақ жарғағына қатысты жайларға мән беру керек. Сондықтан бүгінде операция кезінде аденоидтарды жоюмен қатар естуді жақсартатын операция бірге жасалып жүр. Мұның артықшылығы – баланың кішкентай кезінде жасауға мүмкіндік береді. Екі операцияны да бір мезетте жасауға болады. Бұрын аденоидты алып тастап, есту қабілетін екі жылдан соң ғана қолға алатын. Бұл операцияның тағы да бір тиімді жағы – ортаңғы құлақта болуы мүмкін асқынуларды болдырмайды. Ота жасалған жер тез жазылады. Құлақ пердесі жаңарады. Аденоидтар енді бүлдіре алмайды, мұрын қуысы да таза. Жалпы, бұл операция есту функцияларының ертерек қалпына келуіне жол ашады, есту-сөйлеудегі кемші­ліктерді жояды. Бұрын баланың 8, 10 12 жасқа толуын күту керек болса, бүгінде кішкентай балаларға да жасала беретін операция. Ол есту түтікше­сіндегі аденоидтарды ортаңғы құлақтың перифериялық бөлігін жарақаттамай алып тастауға мүм­кіндік береді. Кейін есту қабі­леті қалпына келеді. Бізде ота жасауға қажетті заманауи құрал-жабдықтардың бәрі бар.

 

– Операция қанша сағат­қа созылады?

– 1,5 – 2 сағат уақытта алады.

 

– Бүгінде дәрігерлер балаларда иммунитеттің төмен­дігін айтады, оған бірінші кезекте дұрыс тамақтанбау себеп дейді. Ал осы жағдай аденоидтардың өсуіне, созылмалы қабыну про­цестеріне әсер ете ме?

– Тәттіні көп жеу, газды сусынды жиі ішу, дұрыс тамақтанбау, оған қоса таза ауада серуендеудің, дене шынықтырудың аздығы – бәрі қосылып иммунитеттің тө­мендеуіне себеп болады. Сондай-ақ қазіргі балалар мұрынды уақтылы тазартып тұруды білмейді. Мұрын таза болса, аденоидтардың ұлға­йып, дамуына кедергі кел­тіретінін үлкендер жағы да біле бермейді. Бала мұрнын таза ұстауы керек.

 

Мұрынды таза ұстаңыз

 

– Ал мұрынды дұрыс тазалау әдісі қандай?

– Бірінші сол жақ қуысын жауып тұрып сіңбіру, одан кейін керісінше, екінші қуысын бекітіп тұрып сіңбіру керек. Олай етпесе, сіңбірген кезде мұрын қуысында, құлаққа барар жолда ауасыз кеңістік пайда болып, құлаққа салмақ түседі.

 

Жалпы, ата-аналар баланың мұрнына мән бере қарағаны абзал. Кішкентай кезінен, өмірге келген сәтінен. Жай суықтап ауырудың өзі құлақта қабыну тудыра алады. Әсіресе жиі ауыратын балаларға қауіп көп. Сәбилерде қабыну тез жүреді, құлаққа зиян бір аптаның ішінде-ақ тиюі мүмкін.

 

– Кей жағдайда ата-аналардың мұрын бітелуін, құлақ ауыруын өз бетімен емдейтіні бар. Осындайдан соң аурудың ушыққан жағдайлары тіркелген бе?

– Мұндай жағдайлар өте көп. Қандай да бір дәрмек тамызып, спиртпен тазалайтындар бар.

 

– Қандай кеңестер берер едіңіз?

– Әрине, балада мұндай қолайсыздықтар пайда бол­ғанда оны міндетті түрде дә­рігерге көрсету, тексеру керек. Тиісті ем-дом қабылдаған жөн. Неғұрлым ертерек емделсе, соғұрлым тиімді.

Ал жалпы бала ауырмау үшін оның ас мәзіріне пияз, сарымсақ, көкөніс, жеміс-жидектер қосу керек. Таза ауада жиі серуендесе жақсы. Физикалық қи­мыл-қозғалыс, шынығу да маңызды. Алайда ағзаға түсе­тін салмақ баланың жас мөлшеріне сәйкес болуы тиіс.

 

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет! Мұны әрбір ата-ана ескере жүреді деп ойлаймыз.

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ