Қатерлі дерттен құтылыпты

19.09.2018
Қаралды: 149

Алматылық Сәдуақас Зайнуллин есімді тұрғынның басынан бір ауыр жағдай өтіпті. Көмей обырына ұшыраған оны онкологтар күрделі операция жасап аман алып қалған.

 

С. Зайнуллин 2013-жылы қатты сыр­қаттанған екен. Тамағы үнемі ауырып, мазаны ала бергесін ЛОР-дәрігерлерге көрінген. Оған өткір ангина деген диагноз қойып, емдеген. Ингаляция жасаған. Осылайша бір жарым жыл бойы емдепті. Науқастың тамағы ауырғаны бірде қайта мазалап, әбден әбіржіткен. Содан оны бірде онкологиялық диспансерге жібереді. Осы жерде Зай­нуллиннің дерті көмей обыры екені анықталыпты. Сол күннің ертеңіне оған ота жасалған.

 

Қысқасы, бір жарым жыл бойы ангинадан емделіп жүргенде оның тамағындағы қатерлі ісік ұлғайып кеткен екен. Сондықтан көмейдің бір бөлігін алып тастауға тура келген. Пациент онымен қоса  дауыс желбезегінен айы­рылған, үні шықпайды, өздігінен тамақ жұта алмайды.

 

Содан С. Зайнуллинге дыбысты шығаратын швейцариялық протез тегін орнатылған. Оны арнайы тапсырыспен алдырады екен. (Жылына орташа алғанда осындай 30-40 протез салынады. Әрқайсысы 600 доллар тұрады). Сондай-ақ С. Зейнуллиннің өңештің мойын аумағы хирургиялық жолмен қалып­қа келтірілген.  (Ал мұндай жері қалпына келмеген науқастарға ұзақ уақыт бойы зонд арқылы азықтануға тура келеді екен). Зайнуллин осыған дейін мұрын қуысы арқылы ендірілген зондтың көмегімен азықтанып келсе, енді өңештің мойын аумағы қалпына келтірілгеннен кейін аздап қиналса да өз бетімен тамақтана алатын болыпты. Тамақты әбден шайнап барып жұтуы керек. Ол ота жасалып, сәуле терапиясын қабылдаған соң жарты жыл оңалту курсынан өткен. Қазір ол аздап болса да сөйлей алады. Осы үшін оның профессор Ғалым Әділбаевқа, онкология институты дәрі­герлеріне айтар алғысы шексіз.

 

С. Зайнуллин бұрын жылу орталығында, ыстық жерде өндірістік цех шебері болып 20 жыл істеген екен. Турбиналарды жөндеу цехында слесарь болыпты. Жұмыс орны өте ыстық болған. Оған қоса күніне 2 қорап темекі шегіп жүріпті. Жалпы, 3 жыл темекі шеккен. Оның қатерлі ауруға шалдығуына осы екі жай себеп болуы мүмкін.

 

...Жалпы, қатерлі ісіктің ертерек анықталғаны абзал. Сонда оны емдеп жазуға мүмкіндік көп болады. Осыған орай дәрігерлер жұртшылықтың өз денсаулығына қамқорлықпен қарауы тиістігін ескертеді. Әсіресе тері қабатында, тағы басқа жерлерде өзгерістер болса, қалқанша без мазаласа, ағзадан бөлінетін сұйықтарда қауіпті өзгерістер байқалса, уақыт оздырмай дәрігерге қаралып, тексерілген абзал. Қандай да бір нәрсе пайда болса, тексерілген дұрыс.

 

Мамандардың айтуынша, дәрігерлер бас және көмей қатерлі ісігімен көрінетін пациенттердің 70 пайызға жуығы оның 3-4 деңгейінде жәрдемге жүгінеді екен. Бүгінде науқастар қатарында жастар да көп. Себебі олар стреске көп ұрынады, иммунитеті содан төмендейді. Ал көмей аумағында лимфа жүйесі өте дамыған,  онда тамырлар көп. Сондықтан уақтылы тексеруден өтіп тұру, күмән пайда болса, тез арада тиісті мамандарға көрініп, тексерілу керек.

 

Г. ӘБЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ