Желді күннің зиянды әсерін біле жүріңіз

18.09.2018
Қаралды: 147

Күзде желді күндердің көбейетіні белгілі. Кейде дауыл тұратын күндер де бар. Мұндайда ағаш бұтақтары сынғыш, ғимараттардың жабындылары ұшып, терезе сынып та жатады. Яғни адамға қауіп төндіреді. Жалпы, одан келер қауіп бұл ғана емес. Мына жайлар жөнінде біле жүргейсіздер:

 

 

Бұл кезде ауа райы құбылыстарына сезімтал адамдардың  мазасы кетеді. Олардың бастары, буындары ауырады, сыздайды. Өйткені жел әсерінен ауа температурасы, қысымы, ылғалдылығы өзгереді, ондағы иондардың ара салмағы ауытқиды. Ауа қысымының өзгеруінен құлақ бітіп, бас ауырады. Бір адамдардың қан қысымы көтерілсе, екіншілерінде керісінше, ол төмендеп кетеді. Мұндай жайсыздықтар кезінде дұрыс күтіне білу керек, қажет болса, дәрігер жәрдеміне жүгінген жөн.

 

Жел тұрғанда ауада оң зарядты иондар көбейеді. Бұл кезде ағзадағы жасушалық тыныс алу төмендейді, адамның тынысы тарылғандай сезіліп, басы ауырады. Мұндайда су жағасында, саябақтарда тыныққан жақсы. (Әрине, сынған бұта, қураған ағаштан зардап шекпеу жағын да ойлап, сақ жүрген жөн). Мұндай жерлерде теріс зарядты иондар басым болады.

 

Суға жиі шайынған дұрыс. Ағзада сұйық әрқашан жеткілікті болуы тиіс. Күніне кемінде 1,5 литр су ішіп тұрған жөн. Бірақ сіміріп салып емес, баяу, бөліп жұтып ішкен абзал. Су тік тұрып емес, отырған жағдайда ішіледі.

 

Көзді сақтау керек. Өйткені желде көзге шаң-тозаң, ұсақ түйірлер түседі. Қабынып, коньюнктивит пайда болмас үшін көзді арнайы тамшылармен тазартып тұрған дұрыс.

 

Құлаққа да қамқор болу керек. Әсіресе отитке бейім жандар мұны естен шығармағаны дұрыс. Құлаққа мақта тығып жүрудің еш әбестігі жоқ.

 

Күнде кешкісін, ұйқыға жатар алдын да мұрынды арнайы ерітіндімен шайып тұрыңыз. Өйткені желді күндері мұрынға, оның қуыстарына да шаң-тозаңмен бірге зиянды микроб, бактериялар енуі мүмкін.

 

Тыныс жолын таза ұстасаңыз, ауырмайсыз.

 

Ләззат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Шымкент қалалық №2 ауруханасының дәрігері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ