Валокордин мен корвалолға тыйым бар

18.09.2018
Қаралды: 114

Кей ақпарат құралдарының жазуынша, валокордин мен корвалолдың адам ағзасына зияны бар екен. Сондықтан Еуропада оны рецептісіз қолдануға тыйым салынғанына оншақты жыл болып қалыпты.

 

Ал Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында автокөліктегі дәрі қобдишасында корвалол міндетті түрде болуы тиіс екен. Бұл елде жылына 90 миллион дана корвалол қолданылатын көрі­неді. Ал АҚШ-та, Польшада, Литвада, Финляндия, Германия­да, Швецияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, тағы басқа да елдерде оған тыйым салынған. Литвада тіпті құрамында барбитурат бар дәрінің бәрі контрабандалық тауар ретінде тәркіленеді, оны елге өткізген адам қылмыстық жауапкер­шілікке тартылады.

 

Германия мен АҚШ ғалымдары корвалолдың ешқандай пайдасы жоқ дейді. Қайта зияны тиюі әбден мүмкін деген қорытынды шығарылған.

 

Корвалол, валокордин, барбитал 1912-жылдан шығарыла бастаған. Онымен депрессияны, эпилепсиялық ұстаманы, жүйке әлсіздігін емдеген. Ал құрамындағы фенобарбитал ағзаға жинақталып, түрлі ауруларға себеп болады екен, мида өзгерістер, ақыл-естің кемуін туындатады.

 

Жалпы, бұл дәрілер алғашында «Люминал» деп атал­ған. Кейін зиянды жақтарын төмендетіп, валокордин жасал­ған. Бүгінде ресейлік қарттар жүрек ауруына қарсы қолданып жүрген валокордин құрамында валериана, жалбыз, құлмақ сығындысынан басқа осы фенобарбитал бар. Ол ұйқы шақыр­ғаны болмаса, жүрекке жәрдемі жоқ дейді мамандар. (Мұның ресейлік баламасы – корвалолдың да еш айырмашылығы жоқ).

 

Осы корвалолды жиі қолдану оған түпкілікті тәуелділікті тудырады екен. Сондай-ақ жү­рек ауруларының симптомдарын анықтауға кедергі кел­тіреді. Одан ағзаға бром көп түсіп, улайды. Сөйтіп корвалол ішу арқылы қорқыныш пен үрей­ден арылғысы келген адамның ба­уыры уланады, өкпесі бүлінеді, жыныстық жүйеде ауытқу пайда болады, аллергия туындайды, депрессияға ұрынады, ақыл-есі тө­мен­дейді.

 

Міне, ресейлік мамандар осындай хабар таратып отыр. Олар корвалолды рецептісіз бермеуге шақыруда, жалпы, оның сатылуына тыйым салынғаны дұрыс деп айтуда. Яғни құрамында фенобарбитол бар дәрі денсаулыққа зиян дейді.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ