Сұлу боламын деп сандалып қалды

11.09.2018
Қаралды: 445

Кімнің сұлу болғысы келмейді дейсіз? Ол қазір қыз-келіншектерге әбден қолжетімді болған. Бірақ жасанды сұлулықтың соңы неге апарып соқтыратынын кейбіреу түсіне, сезіне бермейді.

 

 

Құрбымның жиырмадан асқан қызы да ернінің айналасына қоңыр сызық сыздырып, кірпігін ұзартып алған болатын. «Көз – адамның айнасы» деген рас қой. Кірпігі найзадай болып тікірейіп, ұзарып шыға келгенде ол шынымен де сұлуланып кетті. Көп ұзамай шашын да «өсіріп» алды. Осылай қолаң шаш, қайқы кірпік, томпақ ерінді, теледидардағы әртістерден аумайтын бойжеткен болып шыға келді.

 

Баста біз бұл жайға мән берген жоқпыз. Өйткені қазір қырықтан асқан әйелдердің де кірпік жалғап алуы көз үйренген жағдайға айналған. Ал қызықтың көкесі бірнеше айдан кейін басталды. Көрші қыздың көзі қызарып, ісіп кетті. Аллергия көрінеді. Оған ем жасау барысында жасандысымен қоса өз кірпігі де түсіп қалды. Әр жерде селдірейіп, бес-алты дана ғана кірпік әзер ілініп тұратын. Бұдан қысылған қыз көзінің ауырғаны басылған соң қайтадан кірпік жалғатты. Бұл жолы айға жетпес уақытта бар кірпігінен айырылып тынды. Енді екі айдан бері емделіп жүр. Бірнеше косметолог, көз дәрігерінің емін алыпты. Сәл басылғандай болғанмен, бояу жақса көзі қызарып, іріңдеп шыға келеді екен.

 

Кірпіксіз көзге шаң түскіш, жанары тез құрғайтын болып кетеді дейді. Қысқасы, сұлу боламын әп-әдемі қыз сандалды да қалды. Әуресі әлі бітер емес. Қазірге қалқаны – қара көзілдірік бол­ғанмен, күн батқанда және қыстыгүні оны үнемі тағу мүмкін емес. Қайтер екен?

 

Жансая РЫМҒАЛИ.

Тараз қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ