Заманауи перинаталдық орталық

16.08.2018
Қаралды: 80

Шымкентте заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ерекше перинаталдық орталық бар. №4 перинаталдық орталық қаланың «Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан. Пайдаланылуға берілгеніне биыл 7 жыл толды. Оның құрылысына Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Халифа ибн Заид әл-Нахайянның «Adla» инвестициялық қоры қаржы бөлген.

 

Бұл орталықта бүгінде 525 адам еңбек етіп жатыр. Мекемені Гүлбану Сыздықова басқарады. Гүлбану Жұмағалиқызы еңбек жолын қаладағы №2 перзентханада акушер-гинеколог болып бастаған. Кейін онда босану залының меңгерушісі болды, бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды, мекеменің бас дәрігері болды. №4 перинаталдық орталыққа 2017-жылдың қаңтар айында ауысты.

 

Бүгінде бұл орталық заманауи технологиямен қамтылған, жұмыс көрсет­кіштері де жылдан-жылға жақсарып келеді.

 

Бұл орталықта жыл сайын 8000-ға жуық сәби өмірге келеді. Биылғы 1-маусым­ға дейін онда 51 мың 959 сәби өмірге келген, 9561 мәрте ота жасалған.

 

№4 перинаталдық орталық Бәйдібек, Мақтаарал аудандарын да өз қамқорлығына алған, ауыр босанушы әйелдерге жәрдем көрсетеді. Санитарлық авиациялық, реанимациялық құрылғысы бар жедел жәрдем көліктерінің көмегін қолданады. Ауыр жағдайға арналған аку­шерлік-гинекологиялық, перинаталдық қызметтер көрсетеді. 500 граммнан асатын салмақпен шала туылған балалар өмірі үшін де қажетті жабдықтарды пайдаланып, олардың өмір сүруі үшін күреседі. Орталықта 900 грамм болып туылып, қалыпты дамып кеткен балалар бар.

 

Аталмыш орталықта жедел шақыру жүйесі де жұмыс істейді. Яғни қолына арнайы браслет тағылған әйел  қажет жағдайда төсегінде жатып-ақ оның түймесін басып, дәрігерді өзіне шақыра алады. Дабыл медбикеге түседі, ол шақыртылған палата нөмірін көреді де, тез арада арнайы маманға хабарлайды.

 

Бір жақсысы, мұнда сарылып кезек күту деген әурешілік атымен жоқ. Өйткені  науқастардың бәрі де түрлі санаттарға бөлініп қойылған, жоспардағы науқастар бөлек қабылданады. Науқастармен, дәрігер-гинекологтармен, диагносттармен, фельдшерлермен байланыс кешенді ақпараттық медициналық жүйе арқылы жақсы жолға қойылған. Ортақ электрондық регистр өзара тығыз байланыста болуға жол ашады.

 

№4 перинаталдық орталық Түркия, Литва мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Онда балалар реанимациясы бойынша орта медициналық персоналмен тренингтер өткізілетін орталық бар. 5 жылдан бері генетика бөлімі жұмыс істейді. Онда тұқым қуалайтын аурулар және басқа да кем­шіліктер анықталады. Нәрестелер туғаннан кейінгі үш күнде гипотериоз бен фенилкетонурияны анықтау үшін жалпы тексерулер жүреді. Ол емдеу жоспарын жасап, ақыл-ес дамымауының алдын-алу үшін керек.

 

Сондай-ақ 14 аптаға дейінгі балалардағы туа бітті ақауларды анықтайтын пренатальды скрининг жүр­гізіледі. Оған қанның құрғақ дақтарын зерттейтін аспап қолданылады. Ол арқылы денсаулығында кінәраты бар бала тууы мүмкін әйелдер анықталады. (Дәлдігі – 60-70%, сондықтан қосымша тағы да тексерілу қажет). Сосын 18 апталығында ультрадыбыс­тық зерттеу арқылы плацента, кіндік, соматикалық сұйықтық кәдімгі шприцпен алынып, плацентоцентоз, амнио-центоз, кордоцентоз жасалады. Мұндай анықтау 99,9% дәл нәтиже береді. Бүгінге дейін осындай әдіспен генетикалық Даун ауруының 8 жағдайы анықталған.

 

Аталған орталық балалы болмай жүрген жұптарды да зерттеп, диагнозын қойып бере алады. Сондай-ақ патологиялық жағдайда, туа бітті кемшілікпен туылған балалар үшін де генетиктер консультациясы өткізіліп тұрады. Бұл бөлімнің мамандары Астана, Алматы, Мәскеу қалаларында біліктілігін арттырады. Алыс аудандармен жұмыс, басқа емханалармен байланыс жолға қойылған. Яғни пациентке анализ жасап, курьер арқылы бөлімге жібереді. Патология анықталса, пациент орталыққа шақыртылады, ол есепке алынады, оған бәрі түсіндіріледі.

 

Қысқасы, бұл орталықта әйелдер консультациясы жақсы жолға қойылған. Ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, баланың жынысын ғана емес, оған қауіп төндіруі мүмкін жайларды да алдын-ала анықтауға мүмкіндік көп.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ