Суды түрегеп ішуге болмайды екен

14.08.2018
Қаралды: 204

Жаздың «жанып» тұрғаны бәрімізге мәлім. Бір шаруамен дәрігер болып істейтін құрбыма жолығуға барғанмын. Жеткенше аузым «қурап», шөлдеп қалдым. Есікті ашқан құрбыма қарауға шамам келмей, асүйге жеттім де суға қол создым. Енді іше бергенім сол еді, құрбым қолымдағы стаканды тартып алды.

 

– Суды тұрып ішуге болмайды! – деді ол маған.

 

– Ой, ырым-тиымға уақытым жоқ, тілім таңдайыма жабысып барады, – деп мен бой бермеп едім, Әлия:

 

– Шынар, суды отырып, асықпай, ұрттап-ұрттап ішу керек. Шөлдедім екен деп ыдысты басыңа көтере сіміріп салсаң панкреатит боласың! – деді стаканды ары алып жатып.

 

Панкреатит дегенді естігенде қалт тоқтай қалдым. Алдыңғы жылы осы ауруы асқынғаннан үлкен әпкем екі рет операция жасатып, өлім аузынан қалған. Бірақ мен бұл ауру майлы астан болады деп ойлау­шы едім. Мына жай мені таңқалдырды. 

 

Әлия – дәрігер, соңғы жылдары Тибет медицинасының емдік тә­сілдерін меңгеруге деген қызығушылығы оянып, қайта-қайта Қытай асып, үздіксіз ізденіп жүр. Яғни ол бұл сөзді тектен-тек айтып отырған жоқ, ол осы саланың маманы. Міне, осы маман суды дұрыс ішкен жағдайда бүкіл ағзаны сауықтыруға болатынын менің құлағыма мықтап құйды. Ағзаны да тазартады, қан қысымын қалыпта ұстайды, терінің саулығына да судың тікелей қатысы бар екенін мен енді жақсы білемін.

 

Ал су жайлы ғалымдар не дейтінін білесіз бе? «Адамдар көрінген жерден су алып, түрегеп ішіп кете берсе кейбір ауруларға душар болады. Өйткені адамдардың асқазандары дененің қалай тұрғанына қарай әртүрлі қалыпта болады. Яғни түрегеп тұрған кездегі және отырған кездегі асқазанның халі екі түрлі. Асқазанның кіш­кентай иіңкі бөлігіне сай келетін Вальдейер асқазан қуысы деп аталатын қуыс болады.  Сұйық азықтар осы жерден тұрақты ашық қуысы бар асқазан жолынан шығып, он екі елі ішекке өтеді. Егер суды түрегеп ішсеңіз, ол тікелей он екі елі ішекке өтеді де, адамды ауру етеді.

 

Егер адамдар суды отырып ішсе, ол алдымен асқазанда бірігеді, қышқылдармен араласып, микробтары өледі, кейін он екі елі ішекке өтеді. Осылай отырып су ішу әдісіне мойынсұну арқылы адам тырысқақ (холера) ауруымен қоса көптеген аурулардан сақтанған болады», – дейді зерттеушілер. 

 

Сондықтан қанша жерден шөл қысса да суды асықпай, отырып ішіңіздер. Бір күндік шөлден мың күндік денсаулық артық емес пе?

 

Шынар ОРМАНБЕТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ