Омыртқаны «оңдырмайтын» әдеттер

13.08.2018
Қаралды: 466

Күнделікті тұрмыста біз мән бермейтін, бірақ жиі қайталануы себепті омырт­қаға елеулі зақым келтіретін жағдайлар да бар екен. Мысалы:

 

1. Ыдыс жуу. Әдетте ыдыс жуғанда қыз-келіншектер «раковинаға» қарай сәл еңкейіп тұрады. Шаруасы біткенше қолдары алға қарай созылып тұрғанында омыртқа дискілеріне аз мөлшерде салмақ түседі. Бұл омыртқаның кеуде тұсындағы бөлігінің елеусіз түрде қажалуына соқтырады екен. Ал үнемі қайталанған жағдайда соңы омыртқа ауруын тудырады. Ол жауырын астының тартылып, сыздауымен білінеді.

 

Не істеу керек? Ыдыс жуғанда тікеден тік тұру мүмкін болмаған жағдайда төмендеу орындыққа (табуретка) тізер­леп тұруға болады. Осылай омырт­қаның түзу қалпында қалуына жағдай жасайсыз.

 

2. Ауыр сөмке. Азық-түлік немесе басқа ауыр затты бір сөмкеге салып, оны бір қолмен ғана көтеру омыртқаның қисаюына, құяң (радикулит) ауруына соқтыратыны түсінікті. Есіңіз­де болсын, ер адамдар үшін салмағы – 5, қыз-келіншектер үшін – 2 килодан астам зат ауыр саналады.

 

Не істеу керек? Ауыр затты міндетті түрде екі пакетке теңдей бөліп салып қана көтерген дұрыс. Сөмке-пакетті еңкейіп ұстап, көтере салу се­гіз­көз аймағындағы омыртқаға зақым келтіреді. Затты тізерлеп отырып, қолға мықтап ұстаған соң тіке тұру керек.

 

3. Еден жуу. Оны жаттығу санап, қаупі жоқ санаймыз. Ал шын мәнінде еңкейіп щеткілеу, бұрыш-бұрышты сүртуден ке­йін адам бірден орнынан тұр­ғанда омыртқа дискілері арасында тамыр, жүйке талшығы қысылып қалуы әбден мүмкін. Құяң да осыдан асқынады.

 

Не істеу керек? Омыртқа – жамбас тұсына зақым келтір­меу үшін арнайы сабы бар щетка, швабра қолданған жөн.

 

4. Бауды байлау. Аяқ киім (кета, кроссовки) бауын байлауды да еңкейіп, тез тындыра салатын шаруа көреміз. Ал тап осы кезде арасы ашылып, тұрғанда қайтадан қалпына келетін омыртқа­аралық дискі­лердің қажалуын сезіне бер­мейміз. Жиі қайталанған жағдайда соңы өкінішке ұрындыруы ғажап емес.

 

Не істеу керек? Әрине, аяқ киімнің бауын тізерлей отырып байлау керек.

 

5. Рюкзак. Жастар, мектеп оқушылары рюкзак асынады. Бірақ сән бе, әдет пе, олар оны бір иыққа ғана іле салады. Ол сүйектің қисаюы, омыртқаның зақымдануына апаратын төте жол. Мойын омыртқасының қас жауы осы.

 

Не істеу керек? Рюкзактың иыққа ілетін тұсы жалпақ және жұмсақ матадан тігілгені дұрыс. Салмақ екі иыққа теңдей түсуі тиіс.

 

6. Биіктегі ауыр затты алу. Ол үшін жоғары қарай «созылатынымыз» белгілі. Сол кезде омыртқа арасы ашылады. Ал биіктегі ауыр затты алғанда оның салмағымен омыртқа дискілерінің арасы бірден қысылады. Ол сүйекке өте зиян және жиі қайталанған жағдайда сүйектің жарылуы, қысылуы, қажалуына соқ­тырады.

 

Не істеу керек? Биіктегі затты алу керек болса омыртқаның созылуын болдырмау үшін керегінше биіктеу үстелге шығу керек. Ал затты алған кезде оның салмағы екі қолға тең болуын қадағалаңыз. Оны бірден көтермей, еппен, асықпай қозғалта алу керек.

 

...Омыртқаны сақтау – өз қолыңызда, әрі қиын емес. Олай болса, қарапайым іс-әрекеттің өзін дұрыс әрі зиянсыз жасауды әдет еткейсіздер.

 

Т. БЕРІКБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ