Ғарыштық қуатпен шипа дарытатын халық емінің академигі

15.08.2018
Қаралды: 560

Кейде адам мамандықты емес, мамандық адамды өзі «таңдайтын» жағдайлар болады. Халық емшісі Фарида Жамбылованы да қазіргі кәсібі «өзі іздеп келген». Еріксіз мойындатқан тылсым құдіреттің жетелеуімен отыз бес жылдан бері адам емдеп келе жатқан ол – Халық медицинасы және ғарыштық қуат Академиясының академигі.

 

 

Оның бұдан басқа да марапаттары көп: ордендері мен төсбелгілері, алғыс хат пен халықаралық ұйымдардан алған мақтау қағаздары бір сандықты сықа толтырып тұр. Біз сұхбаттасуға барған күні Астанадан тағы да бір алғыс хат алып, қуанып отыр екен. Біздің әңгімеміз осы жайдан басталып, өздігінен өріліп жүре берді.

 

– Он жыл перзент сүймеген ерлі-зайыптылардың хаты. Олар алғаш келгенде: «Біріміз 39-ға, екіншіміз 38-ге келдік. Апа, айтыңызшы, бізде мүмкіндік бар ма? Көмектесе аласыз ба? Болмаса тағдырымыздың екіге бөлінгені де...» – деп қиналды. Тәспімді тартқанда бесік көрсетті. Бірақ ер-азаматтың – белі байлаулы, ал әйелдің жолы жабық еді. Жұмысбасты адамдарды жолынан қалдырмайын деп, екі күн дем салып қайтардым. Суреттерін алып қалдым да, ары қарай сонымен жұмыс жасадым. Бұл сүйінші хабардың бүгін-ертең келетінін өзім де сезіп отырғанмын.

 

– Жұмыс бөлмеңізде сурет пен хат көп екен. Мұның бәрі қашықтан ем жасалып жатқан жандар болды ғой?

 

– Мұндағы әрбір сурет – бір тағдыр. Мен біреудің тағдырымен ойнап, суретін босқа жинамаймын. Суретте адам энергетикасы сақталады, сол арқылы ғарыштық қуатпен ем жасаймын. Адам алыста болып, келе алмаса немесе бірнеше күн ем алуға елі алыс, жұмысы қарбалас болса суретін (10х15) жеткізуі тиіс. Сурет міндетті түрде соңғы 5 күн ішінде түскен жаңа болуы шарт. Бизнесмен болып Пекинге кете ме, жұмысымен Лондонға ұша ма, ара қашықтық маған сөз емес. Тек қана суретін жеткізсе және ниет етіп, мен айтқан шарттарды дұрыс орындаса болғаны.

 

– Ол қандай шарт?

 

– Ішімдік ішпеуі шарт. Жаман нәрсе ойламау, қиянат істемеу, көре алмаушылық сияқты пендешіліктен арылу. Сосын өлген кісінің асын жеме деймін. Құранға қатысуына болады. Бірақ соңғы, ақтық сапарына шығарып салып жатқан кісінің тамағын жемей қоя тұрғаны дұрыс.

 

Ем басталған кезде адам бойында қозғау болады. Ауру көтеріледі. Сонда кейбірі: «Апа, басым қатты ауырып жатыр», – деп хабарласады. Бұл оның тазаланып жатқанын білдіреді.

 

–  Адам алыста болса, емнің күші әлсіз болып қалмай ма?

 

– Қашықтық маған кедергі емес. Тек Аллаға ниет етуі және сенімі болуы тиіс.

 

– Ем жайлы толығырақ тү­сіндіріп беріңізші.

 

– Мен жеті күн оқимын. Ше­­шілмеген түйіні, ашылмаған жолы болса, осы жеті күн ішінде толық ашылады. Бойы тазаланып, дертінен айығады. Ал егер 10 жылдан асып кеткен ауыр жағдай, қаннан өтіп, сүйекке сіңген зиян болса 21 күн оқуға тура келеді.

 

– Зиян адам бойына сіңіп кетеді дегенді қалай түсінсем екен?

 

– Көп адамдар қазір инфаркт, инсульт алып жатыр. Жүрегі ауырады. Неге? Бұрынырақ зиянкес жасалып, 9-10 жылда бойына дендеп кетсе, ол қанды бұзады. Қан­ның қысымы (давление) өзгереді. Зейіні мен есте сақтау қабілеті нашарлап, ұмытшақ болады. Соңы инсульт, инфаркт.

 

Ал егер дуа жас адамда болса, оның зияны төмен қарай – бауырға барады. Оның жұмысы бұзылғаннан алапес, қотыр, экзема сияқты тері ауруы пайда болады. Бұл жағдайда да адамның ой-санасынан бастап бүкіл тұла-бойын тазалау керек.

 

Алла тағалам 100 түрлі аурудың шипасын 101 етіп жіберген ғой. Бірақ ем қонуы үшін диагнозды дұрыс табу керек. Біреу басым ауырып тұр десе ол неден болды: өті толып тұр ма, әлде зиянкестің әсері ме, соны анықтаймын. Құранның шипа болатын сүрелерімен ем жасаймын.

 

Сосын тек келген мәселесіне көмектесіп қайтару деген менде жоқ. Адам – тұтас жаратылыс. Сондықтан мен ем жасағанда адамның пешенесіне жа­зыл­­ған бақыты мен саулығы түгел өзіне бұйырады. Ал егер емі дәрігерден болса, оны айтамын.

 

– Келген адамды не мазалайтынын қалай біліп, қайтіп анықтайсыз?

 

– Тылсымнан келген әсерді тылсыммен ғана анықтауға болады. Жын ұрған, пері соққан, зиян жасалған немесе жаман жерді басқан жағдайлар, отбасында береке қашып немесе үнемі жолы болмайтын адамдар көп кездеседі. Мұндай кезде де адам ауруға душар болады. Бірақ зәрде де, қанда да ауру белгісі шықпайды. Мұның емі – Құран!

 

– Түсінікті болу үшін бір мысал айта кетіңізші.

 

–  Орта жастағы бір азаматты емдедім. Асқазанында жара бар деген екен. Қанша жыл емделгенмен көмегі болмай, соңында онкологиялық белгі депті. Оңтүстік Кореяға барса, олар да анық диагноз айта алмай тосылған. Маған келді. Бойында дуа барын анықтадым. Суға қосып берген. Асқазаны содан ауырған. Көп жыл болған, зиян қанға өтіп кетіпті. 3 литр айран алдырып, соны оқып бердім. Оны тоңазытқышқа қойып, әр күні шамасы жеткенше стакандап ішіп, 2-3 күнде тауысуы шарт. Ол асқазан мен ішектерін түгел тазартып шығады. Ал бұл уақытта мен қасиетті дұғалардың көмегімен оның ой-санасын тазарттым. Соңғы тек­серілгенде құлан-таза жазылыппын деп қуанғанын көрсең!

 

Бірақ онкологиялық аурудың бәрі зиянды нәрседен деп санауға болмайды. Әр нәрсенің бірнеше себебі болады. Қатерлі түйіннен жазылдым деген бір келіншектікі, мысалы, стрестен болған жағдай. Көкірегіне түйін түсіпті. Пышаққа түсуге қорқып, маған келді. Тәспі тартқанда отбасында  келіспеу­шіліктер көп болғаны көрінді, соны қатты уайымдаған. Адам қатты күйзеліп, жүйкесіне салмақ түскенде тамырлары түйіледі. Медицинада кейде оны онкологиялық ауру деп жатады. Қатерлі ісіктің тылсымға қатысы жоқ, медициналық себептері де бар. Диагнозды дәл анықтай білу керек дегенім сол.

 

– Жаңа бір сөзіңізде айранға дем салдым дедіңіз.

 

– Суға да дем салатын жағдайлар болады. Букмекерлік компанияға барын ұтқызған бір жігіт болды. Әкесі үй салып, көлік мінгізіп, бар жағдайын жасап беріпті. Ал ол барын ұтқызып қойған. Әкесі суретін әкелді. Сөйтсем баланың санасы сиқырмен сол жаққа байланып қалыпты. Қошқар ата бұлағынан мол етіп – 5 литрлік бірнеше ыдыспен су әкелді. Соған дем салып бердім. Ішіп, беті мен қолын соған жуу арқылы біртіндеп тазаланды.

 

Араққа тәуелділікте де айран немесе суға дем салып беремін. Ал егер маскүнемдікке салынғанына бірнеше жыл болса, 9 түрлі шөптен жасалған дәрі бар. Еммен қоса бойы мен салмағына қарай соны мөлшерлеп ішу керек.

 

– Маскүнемдік демекші, кейде «кодировка» жасатса да ішіп қоя бере­тіндер бар. Бұл тәуелділік кейде дәрі-дәрмекке де көнбей жатады ғой.

 

– Оны себебі бар. Бойында зиян, дуа, сиқыр немесе қарғыс бар адам­ға ол әсер етпейді. Қандағы зиян дәріні қабылдамайды, қайта күшін жойып жібереді. Ол үшін алдымен бойды тазалау керек.

 

– Тағы қандай жағдайларда көмектесе аласыз?

 

– Әңгімеміз перзент сүю жайынан басталды ғой. Соған оралайын. Мұндай жағдайда әйелдің өзі ғана емес, күйеуі де қаралуы керек. Әйел мен еркектің санасын, аурасын, бойын, денсаулығын түгел бірге тазаламаса, кейін бала денсаулығында кінәрат болуы мүмкін. Яғни бұл асқан жауапкершілік пен адам тағдырына қатысты мәселе. Оған атүсті қарауға болмайды.

 

Жол ашу. Ол адамның бақ пен бақыт жолы, береке-бірлігі, қолы жетпей жүрген баспанасы, армандаған мамандық жолы болуы мүмкін. Жалпы, адам не нәрсені ниет етіп келсе, Алла соны береді. Мен тек тілекші әрі себепші ғанамын.

 

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ