Сөмкенің салмағы қанша болуы керек?

04.08.2018
Қаралды: 419

Тамыз айы да келіп қалды. Енді ата-аналар мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстарына кіріседі. Баласына сөмке, сосын кітап алуды жоспарлаған жандар еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің мына кеңесіне мән берсе дейміз:

 

Мектеп сөмкесін немесе рюкзагын таңдаған кезде гигиеналық талаптарды сақтау қажет. Ортопедиялық арқалығы қатты сөмкені таңдаған жөн. Арқаға асып алатын иықбаулары кең болуы тиіс. Иықбау жұмсақ матадан жасалғаны абзал. Сөмкенің салмағы мен көлемі баланың бойы мен жасына сәйкес болуы керек. Бос сөмкенің салмағы 1 келіден аспағаны дұрыс. Бұл баланың омыртқасы мен иығына салмақ түсірмеу үшін маңызды.

 

Оқулық салмағы әр оқушы үшін маңызды. Бастауыш сынып оқулықтарының (1-4 сынып) салмағы 300 грамнан, 5-6 сынып үшін – 400 грамнан, 7-9 сынып оқушылары үшін –  500 грамнан, ал жо­ғары сыныптар үшін – 600 грамнан аспауы тиіс.

 

Десек те тиісті мекемелер бұл талапты орындай бермейді екен. Мәселен өткен жылы «Алматы кітап» баспасы әзірлеген екі оқулықтың салмағы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеген.

 

«Бұл қазақ тілінде оқытатын 1 сыныпқа арналған «Орыс тілі» оқулығы, салмағы – 402 грамм. Екіншісі орыс тілінде оқытатын 1 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы, салмағы – 424 грамм. Біз бұл баспаны тексерген кезде, аталған оқулықтар санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өтпегенін анықтадық. Сөйтіп оқулықтың салмағына қатыс­ты заң бұзушылықтарды жою туралы санитарлық нұсқама берілді. Одан кейін бұл оқулықтар салмақты сәйкестендіру үшін екіге бөлінді», – деді Ж. Бекшин.

 

Мұндай жағдай биыл да қайталанбас үшін ата-аналар да кітап пен сөмке салмағын қадағалағаны жөн.

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ