Шөптен дәрі дайындайтын жан

16.07.2018
Қаралды: 339

Өмір ғажайып пен тылсымға толы ғой. Мен өмірі осындай тосын жайлардан тұратын бір жанды білемін. Тылсымның тартуымен тері ауруына шалдығып, оны ғажайыптың күшімен емдеп жазған бұл азамат бүгінде көп адамға дәрі дайындап беріп жүр.

 

Алпыстан «екі қыр асқан» Арғын Ақтөбе облысының тұрғыны. Елден естігенім, ол өте әлжуаз, салмағы бір килодан әзер асып қана туылған екен. Ал сыңары сап-сау және топ-томпақ болған көрінеді. Ана сүтін емуге де жарамайтын әлжуаз немерені әжесі бауырына басыпты. Шөптерден түрлі тұнба қайнататын әжесі сәбиге де өз тәжірибесіндегі ем-домын жасаған. Оған майға, суға шылаған қайнатпаларын ішкі­зеді, басқа да ем түрлерін қолданады. Нәтижесінде Арғын сүйегі бекіп, салмақ қосып, толып-томпиып, ет ала бастайды. Ал сыңары шетінеп кетіпті.

 

Әжесінің қасиеті қонды ма, Арғын Айтжанов бүгінде шөптерден түрлі дәрілік тұнба дайындайтын емші. Ауыра қалған жанға дәріден гөрі өзіміздің елде өсетін емдік өсімдіктерден тұнба тиімді де пайдалы екенін айта жүретін жан. Отыз жыл физика мен математика пәндерінен дәріс берген ол мектепте жүрге­нінде де мазасы кетіп отырған оқушыны алыс­тан сезіп, біліп қоятын дейді жұрт. Онысы бойындағы тылсымның күші шығар деп ойлаймын.

 

Бала кезінде Арғын Айтжанов түсініксіз түстерді жиі көреді екен. Аппақ киінген екі ақсақал оның жанына келіп, күбірлеп әлденелерді айтатыны есінде қалған. Мұндай түс көрген күннің ертеңіне ол денесі қызып, аяқ-қолы дірілдеп, өзін игере алмай қалады. Оны тез байқайтын әжесі дереу шай қойып, көрші және аралас-құралас замандастарын шайға шақырады. Шай ішіп болған соң маңдайлары жіпсіп отырған әжелер Арғынға арқаларын бастыр­ғанды жақсы көрген деседі. Мұны ойынның бір түрі санайтын бала қалың көрпеше үстін­де қатарынан етпеттей жат­қан әжелердің үстінде ары-бері жүреді. Жүрген сайын табанының қызуы төмендеп, дене­сінің селкілі басылып, өзін жеңіл сезінеді. Балаға керегі әжелердің төбеңді көкке жеткі­зер мақтауы мен қалтасына тықпыштайтын тәтті­лері. Ал Арғынның табаны тигеннен бойларының құрсы-тырысы жазылып, сырқырағаны басылып қалатыны әжелерге ғана аян. Дегенмен ел ішіне: «Осы баланың бойында қасиет бар», – деген сөз тарамай тұрмайды ғой.

 

Иә, елден ештеңе жасыра алмайсың. Менің де елден есті­ге­нім, әжесі қайтыс болғаннан кейін, отыз жасқа таяған шағында Арғын Айтжанов тері ауруына шалдығыпты. Алдымен әжесі түсіне кіреді. Сүйікті немересін өзімен әлдеқайда алып кеткісі келіп, білегінен тартады. Оған көнбей, сытылып шығып кеткен Арғын оянғанда білегінің қызарып қалғанын көреді. Ол көбейіп, қышып, бүкіл денені жайлайды. Бұл псориаз жарасы екен. Ұзақ емделгенмен псориаз жазылмайды. Сонда болашақ емші бала кезде әжесі үйреткен тәсілдер бойынша дәрі да­йындайды. Псориаздан осылай айығады. Оның емші атануының тарихы осындай.

 

Бүгінде шөптен дәрі дайындайтын адам көп. Тіпті Алтай мен Ресейден емдік өсімдік алдыртатындар жайлы да естіп жатамыз. Бірақ Арғын Айтжанов  табиғаты біздің өңірге сәйкес кел­мейтін, өзге топырақта өскен өсімдікке құмартпаған жөн дейді. Өйткені ауасы да, суы да өзгеше елдегі өсімдік біздің бойдағы дертке дауа болмауы да мүмкін екен. Яғни ағза оны қабылдамауы ықтимал.

 

Арғын Айтжанов туралы осы жайларды естіген соң, қыста қатты суықтап ауырғанымда мен одан дәрі алғанмын. Аршаның ба, әйтеуір қылқанжапырақтың иісі аңқыған тосап секіл­ді тұнбасын айтуы бойынша қолданған соң тәуір болдым.

 

«Ауырмаңыз!» газетінде бойында қасиеті бар ерекше жандар жайлы жазылып тұрады ғой. Айтпағым – Арғын да осындай алғыс арқалаған адамның бірі.

 

Рамазан ТӨЛБЕКОВ.

Ақтөбе облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ