Аптаптан аман өту амалдары

09.07.2018
Қаралды: 217

Жаздың аптап ыстық кездерінде ауырып қалмауды кім де болса ойлайды. Әсіресе ыстық 40 градустан асып тұрғанда абайлау керек. Күн өту, ағза сусыздануы сияқты қолайсыздықтар бұл кезде жиі кездеседі. Сондықтан бұл кезде күтіне білу маңызды.

 

 

Аптап ыстықта киім ашық түсті, табиғи таза матадан (мақта-мата, зығыр, т.б.) тігілген болса жақсы. Өйткені олар терді жақсы сіңіреді, ауаны жақсы өткізеді. Синтетика кимеген дұрыс.  Жалаңбас жүрмеңіз. Аяқ киім жеңіл, аяққа жайлы, ауа еркін өтетіндей болғаны жөн.

 

Жазда салқындатылған, аздап қышқылы бар, жеміс нәрсулары (компот) шырындары пайдалы. Қан тығыздығын арттыратын анар, қара жүзім шырындарын ішпеген дұрыс. Ыстық шай шөлді жақсы қандырады, ол қанды сұйылтады, терлетеді.

 

Шөл басуға газсыз минералды су да жақсы. Аздап тұз қосылған су ішкен де пайдалы. Ол ағзада судың ұзақ тұрақталуына жол ашады, сусызданудан қорғайды.

 

Сыра, газды сусындар шөл қандырмайды, оларды адам іше бергісі келеді, ол ағзаны суықтатады. Олар қан қысымын көтереді, жүрекке салмақ түсіреді.

 

Мұндай кездері майлы, ауыр тағамдардан бас тартып, көкөністі, сүттен жасалған асқа басымдық берген жақсы. Торт, пирог сияқты тәттілерді көп жемеген жөн.

 

Күн ыстықта тамақты аз-аздан, күніне үш-төрт мәрте ішкен жақсы. Ұйқыға тым тойып жатпау керек.

 

Аптап ыстықта кондиционерді көп қолданған да зиянды. Оны орнымен қолданыңыз. Суықтап, шаншулап қалудан сақтаныңыз. Күндіз әйнекті қараңғылап қойған дұрыс. «Грелкаға» мұз қатырып, ұйықтайтын бөлмеге қойса, ол температураның 2-3 градусқа төмендеуіне сеп болады.

 

Ыстық күнде лажы болса ауыр жұмыс істемеу керек, тым ауыр жаттығулар (әсіресе сағат 11-12, 17-18 аралығында) жасамаған жөн. Өйткені бұл кезде  күн белсенділігі жоғары.

 

Қысқасы, шілде кезі ағза үшін физикалық, эмоциялық қолайсыздықтар әкеліп қана қоймайды, оның басқа да жайсыздықтары бар. Сондықтан сақтық шараларын әркез есте ұстап, денсаулыққа қамқор болған абзал.

 

Әйгерім МЫРЗАБЕКОВА,

Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы

емханасының учаскелік терапевті.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ