Дуаланған келіншектің хаты

10.07.2018
Қаралды: 2086

Бізге Атырау облысының Қызылқоға ауданынан тосын хат келді. Онда Эльмира есімді келіншек басынан өткен оқиғаларды баяндаған екен. Хатпен танысқанда біз шытырман фильм­ге арқау болатын кітап оқығандай күйге түстік. Кері мекен-жайы мен ем іздеп барған емші-молдалардың аты-жөндерін толық жазбаған болса, біз бұл хатты ойдан шығарылған әңгіме деп ойлайтын едік. Бірақ, өкінішке орай, бұл өмірде болған, Эльмираның басынан өткен жайлар.  Және де ол ем алған, дем салдырған жандардың кейбірі есімі ел аузында жүрген азаматтар. Ал хат мәтініне сенсек, олардың іс-әрекеттері шынында да жағаңды ұстатады.

 

Бойыңа жын қонған депті

 

«Мен 2001-жылдан бері «Ағ­за­сында зиянды энергия бар, таза емес» деген диагнозбен ауырамын. Содан үнемі денем тырысып, аяқ-қолым сіресіп, тамырларым тартылып қалады. Екі табаным мен сегізкөз тұсы ауырғанда жүру мұң.

 

Ауруым басталған жылдары терапевтке қаралғанмын. Ол аяқта ревматоидты полиартрит, ал белімде радикулит белгілері бар деген еді. Екі жыл стационарлық ем қа­былдадым. Дәрігерлердің бар айтқанын бұл­жытпай орындасам да бе­тім бері қарамады. Қайта аяқ-қолым одан сайын тартылып қалатын болды. Жаным қиналған соң емші, молдаларға көрін­дім.

 

2003-жылы ауылымызға Бек­мұрат деген бақсы келді. Шығыс Қазақстанның тумасы екен, Шөпші әулиенің ұрпағы деседі. Ол маған емдік дұғалармен 3 ай ем жасады. Қобыз тартып, 45 минут тоқтаусыз дұға оқып, дем салатын. Ол дұға оқығанда ауырсынуды басатын дәрі ішкен сияқты денем босаңсып, өзімді сәл жеңіл сезіне­тінмін. Бірақ бәрі уақытша. Көп өтпей-ақ екі самайым қайтадан солқылдағанда дәрі әсер етпей, басымды жарға соққым келетін. Аяқ-қол анау – тартылып, сіресіп қал­ған. Ауырған адамда қайдан ұйқы болсын? Ал көзім сәл ілінсе қара түнекпен арпалысып жүр­ген түс көріп, қара терге түсіп, қиналып оянушы едім. Осы күйімді жылап отырып айтқанда бақсы маған:

 

– Сенің бойыңа еркек жын кірген. Денеңнің ток тартқандай дірілдеп-селкілдеуі соның белгісі. Саған менің шамам келмейді. Демі күшті қары адам тап. Тездетпесең мүгедек болып қалуың мүмкін, – деді.

 

Ол кезде үшінші балама жүк­ті едім. Келесі жылы 6,5 айлық шала туылған ұл босандым. Жаныммен арпалысып жүріп, ауру азабына шыдай алмай, ұлым сәл өскен соң тағы ем іздедім. Сол кезде Атырауда Бекболат деген кө­ріпкел бала шықты. Оған барғанымда әке-шешесі:

 

– Алдында 700 адам кезекте тұр, – деп кіргізбеді. Кейін­гісінде 800 адам бар деді. Не керек, жұрт аузының суы құрып мақтаған емші-көріпкел бала­ға төрт рет барсам да жолы­ға алмай, салым суға кетіп қайт­тым.

 

2004-жылы құндақтағы баламды көтеріп, Ақтөбедегі Қыдыр атаға бардым. Ол маған «Не чистая сила, черная магия» деген диагноз қойды. Мұрағатыма сақтап қоямын деп тест тапсыртып, суретке түсіріп алды.  Одан 7 сеанс алдым. Бә­рібір жазылмадым.

 

Молдадан зорлық көрген бе?

 

2006-жылы Шымкент қаласында тұратын бір қары кісіге бардым. Оны «Әбжад ілімін меңгерген, дуаның түйінін ше­ше­тін емші-қары», – деп естіген едім. Ол:

 

– Сені тез қартайсын деп дуалаған. Дуа етіңнен өтіп, сүйегіңе түсіп кеткен. Ұзақтау емделесің, – дегенде төбемнен жай түскендей болды.

 

Ол маған бірнеше шипалы дұғаларды жазып берді. Олардың әрқайсысын тәспі тарта отырып, 12, 45, 70, 73 реттен оқып, өзіме-өзім дем салуым керек екен. Осыны орындасам тез жазылып кететінімді айтты.

 

Молданың қолына құран ұстап отырса да ішінде жымысқы, мысық­тілеу арам ойы бар екенін қайдан бі­лейін? Оның обал-сауапты, шариғат жолын білмейтінін, мұсылманшылықтан жұрдай екенін сол кезде сезбеппін. Сұрқия, сұмдық қу да суық адам екенін кейін – өте кеш білдім.

 

Ауру азабынан тілім күрме­тіліп, өзім теңселіп, кірпігім әзер қимылдап тұр­ған мені мазақ қыл­ғандай, қары бірде маған:

 

– Маған қыз бала туып берсең қай­теді? Сонда ауруыңның бәрінен өзіңнен-өзің жазылып кетесің. Біз қары адам болған соң ол сен үшін ем болады, – деп, менің жалғыз және қорғансыз екенімді пайдаланды. Ал мен молда болған соң иманды, адамгершілігі мол болады деп ойлағанмын. Сасқалақтап, заңды әйелі, шариғат – мұсылман жолын еске сал­ғанмын. Бірақ...

 

2007-жылы сәуір айында қыз босандым. Бір кісіден бала туған кезде ке­те­тін сумен бірге әйелдің бойындағы барлық зияндар кетеді деп естіп едім. Түк те олай болған жоқ. Қайта дуа әсер етті ме, әлде менің ауру халім бе, қызым қоянерін, әрі екі аяғы жансыз мүгедек болып туылды. Менде оған қарайтын шама жоқ, аяқ-қолыммен қоса бүкіл денем тырысып-бүрісіп, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Ал әлгі қары қызым мен менің денсаулығымызды түзеуге көмектескен де жоқ.

 

Айтпақшы, бірде ол мені Сарыағаш ауданында тұратын бір тәжік молдаға апарған. Сосын зікірші бір өзбек кісіге 1 ай, 5 күн дем салдыртты. Зікірге қатыс­тым. Әсері болмады.

 

Жалпы, мен қай емші, бақсы, молда, зікіршіге барсам да баста емдейміз деп әбден әуреге салып, ақшамды алады да, соңында емнен әсер болмай жатқанын айтсам:

 

 – Дуа сүйекке сіңіп кеткен, біздің күшіміз жетпейді. Жаңа басталғанда келсең көмектесетін едік, – дейді.

 

Ал мүгедек қызымның әкесі – шым­кенттік қары:

 

– Негізі бізде қара дуаны кетіретін, жынды шығаратын емші жоқ. Бәрі алаяқ­тар. Босқа алданып, жем боласың, – деп ешкімге жолатпайды.

 

Ол үш жасында мүгедектік тағайындалған қызымның ерніне  ота жасатып, тіктіруге, оның дәрі-дәрмегіне, екеу­міз­дің жол шығынымызға көмек үшін 90 мың теңге аударамын деген. Қызым үшін тиындап жинап жатырмын, қаңтар айының соңында саламын деген қары ақпан айының 10-ы күні 10 мың теңге ғана берді. Ал менің денсаулығым жоқ, жұмыс істеуге жарамаймын. Мүгедек қызға төленетін жәрдемақымен күнімді әрең көріп отырмын. Азық-түлік, киім-кешек үшін дүкенге 70 мың теңге қарызбын.

 

Бірде күн өте суық – 40 градус және аяз, тартылған аяқтарымммен мүгедек қызды әзер көтеріп, тәлтіректеп үйінің қақпасының алдында көмек сұрап тұр­дым. Өзімді емдейтін, дуаны кетіретін адам тауып беруін, қызымның тамағына қаржылай көмектесуін сұрап жалындым. Қызым шырқырап жылап тұрды. Обал мен сауапты айттым. «Ешкімге көрінбей тез кет!» – деп азар да безер болды ол. Артынша төтенше жағдайдың адамдары келіп, «Алматы – Атырау» пойызына билет алып беріп, қайтарып жіберді.

 

 

Күйеуім кетіп қалды

 

Ауылдық жерде тұрғанмен мал ұстап, бау-бақша егуге мүмкіндігім жоқ. Себебі белгілі: төрт дуалға қамалып отырмын. 1992 жылы тұрмыс құрып, екі жылдан кейін бөлек шыққанбыз. Содан бері әр жерде пәтер жалдап жүріп жатырмыз. 2007-жылдың қараша айында жолдасым:

 

– Жазылып болмадың. Емшіге барып келесің де ауырамын дей бересің. Менің шыдамым таусылды. Бұдан әрі төзе алмаймын. Балдарыма алимент тө­леймін. Емші жағалап тапқан балаңа өзімдікі емес екенін біле тұра тегімді бердім. Оған да алимент төлеймін, – деп, жалдап отырған пәтеріме тастап, бар жауапкершіліктен құтылып, қиыншылықтың бәрін бір өзіме қалдырып, бізді тастап кетіп қалды.

 

Қазір ол өзге әйелге үйленіп алған. Балалы болды. Мен сөйтіп 6 және 4 сыныпта оқитын, сосын 3 жастағы және 5 айлық бесіктегі қызылшақа баламен 62 тамырым тартылып, қала бердім. Жылу, газ тартылмаған, от жағатын ескі үйлерді 15-50 мың теңге аралығындағы ақыға жалдап, қарызға батып, әлі көшіп-қонып жүрміз. Қыста – 2, жазда 2 рет пәтер ауыстырамыз...

 

Пері ұстаған қыздың үйіндегі тылсым

 

2009-жылы күзде «Пері ұстаған әу­лие қыз» атанған Арайлым деген емшіге барғанмын. Құран кітабын аш­қан ол бірден:

 

– Шашы ағарып, қартай­ған еркек жын жатқан жерді басып кеткенсің. Сол аяқтан жабыс­қан, – деді.

 

Арайлым мені өзіне қасиет қонған атасының жатқан жеріне апарып зиярат еткізіп, сол жердің бір уыс секер сияқ­ты құм-топырағын шүберекке түйіп берді. Сосын арабша ішірткі жазды. Айтуы бойынша, бес күн әлгі құмнан бір шым-шым алып, бір стакан қайнаған суға салып, тұндырып, суын ашқарынға ішіп жүрдім. Ал топырақты екі табаным мен сегіз­көзіме жақтым. Сосын жынды қуу үшін Арайлымның жанында, бір бөлмеде түнеп шықтым. Ұйқы алдында ол:

 

– Түннің бір уағында саған жын-перілер белгі беруі керек. Қандай да бір дыбыс естисің. Олар сенің маған келгеніңнен қорқады. Менің перінің тілін білетінімді сезіп, сен арқылы дөң-айбат – сес көрсетеді. Сен одан қорықпа. Мені оятып, қандай дыбыс естігеніңді айт. Мен оларды иісінен білемін. Жаңағы зиярат етіп барған атам перінің тілін білген. Пері соққандарды емдеген. Сол қасие­тінен басындағы топырағы тәтті болып, «Секер құм» аталып кеткен. Зиярат етіп барғандардың барлығы да секер құмды шүберекке түйіп алады. Сол топырақ өте күшті ем. Ал атамдағы періні қуатын қасиет енді маған қонды, – деді.

 

Түнгі сағат  3 пен 4 арасында төсе­гімнің астынан еденді біреу жұдырығымен дүңк-дүңк еткізіп ұрды. Арайлымды оятып:

 

– Осы бөлменің астында «подвал» бар ма? – деп сұрадым. – Қазір ғана төсегімнің астынан дүң­кілдетіп біреу қақты.

 

– Сенің маған келгеніңді біліп, өз­деріне тықыр таянған соң көрсеткен дөң-айбаты ғой. Айттым ғой, сен ар­қылы бір белгісі болады деп. Жата бер, ештеңе етпейді, енді қайталамайды. Бұл бөлмеде «подвал» жоқ. Өзіңнің ішіңдегі жының, өзіңе ғана солай естіліп тұр. Сен бөлмеге кіріп келгенде бойыңда жын бар екенін бірден білгенмін. Себебі иісі шығып тұрды, – деп жауап берді ол.

 

Бірақ Арайлымның мені емдеуге күші жетпеді.

 

Түсініксіз де тылсым түстер

 

Осы түсініксіз ауру жабыс­қалы мен үнемі тылсымға толы түс көремін. Бірде кинг-конг сияқты дәу қара ібіліспен, үлкен өрмекшімен арпалыссам, кейде бұлт үстінде қалықтап ұшып жүремін. Бұл жұмбақтың жауабы – шешуі болуы тиіс екенін сеземін. Сондықтан түс­терімді нөмірлеп, қай күні көргеніме дейін бір дәптерге жазып жүрмін.

 

Мысалы, 2009-жылы бір нәзік үл­біреген дауыс: «Сені Рейдуанның өзі қорғайды», – деді. Ауыра берген соң діни кітаптарды көп оқитын болғанмын. Сонда «Ислам тағылымы» деген кітап­тан «Рейдуан – жұмақ періштесі» дегенді оқып, көңілім босап, көзіме жас келді. Ал қиналсам әкем түсіме кіріп: «Фатиха мен ықыласты үзбей оқып жүр», – деп тапсырады.

 

Бірде түсімде биікке ұшып, аяғым жерге тимей,  Меккеге бардым. Араб шейхынан сыйлық алдым. Ақ шапанын киіп, аппақ асатаяғын ұстаған Амантай қажымен бірге жаяулатып кесе­нелерді аралап, дұға оқып жүрдік. Сол кезде төбемнен төмен қарай аппақ сәуле құйылды. Алдымда ақ, жасыл сәлде киген сахабалар өтіп жатты. Маған және жанымда тұрған Н. Төлендиевке бір қарап өте берді.

 

Мен осы ауруымнан әлі жазыла алмай келемін. Жүріс-тұрысым қиындап кетті, мүгедекке айналдым. Өйткені аяқ-қолым бүрісіп, балтырымның бұл­шық еттері тастай қатты болып сіресіп қалған. Тізем өз денемді көтермейді. Бел бүгілмейді. Ішім 7-8 айлық баласы бар әйелдің қарнындай қампайған. Аузымда 4-ақ тіс қалды. Протез салдыруға ақша жоқ. УЗИ өтімде 20 тас, бүйректе ұсақ тастар мен тұздар көп деген. Дуа-зияннан ба, денем ісік, салмағын 103 килоға жетті. Ауырған­ға дейін салмағым 70 килодан асып көрмеген еді...

 

2011-жылы оң аяғымның асық жілігі тобық тұсынан тайып, шығып кеткен. Содан бері қысып байлап жүрмін. Жүр­генде сырқырап ауырады. Салдырайын десем жүру мұң, үйден шыға алмай отырған жоқпын ба?

 

Ауылда жағдайымды айтып, емделуге қаражат сұрамаған мекеме қалған жоқ. Көшеге де жазып, жапсырып қойдым. Бөгде түгілі, бір көшеде тұратын туған бауырларым көмектеспей отыр. Қыста мен аштан отыр­ғанда олар жіліктеп ет асып жесе де, қол ұшын соз­ған жоқ. Қайта бөтен екі кәсіпкер бір қой сойып әкеліп беріп, жан бақтық.

 

Оны кім дуалаған?

 

Менің тағы бір уайымым – 21 жастағы ұлым өткен жылдың мамыр айынан бері күндіз-түні өз-өзінен сөйлеп, 4 рет ағашпен, шегесі сояудай кафелька таспен, темір трубамен, жұдырықтап, үстімді көкала қойдай қан-жоса етіп сабап тастайды. Үйді де қиратып тастады. Әлгі қары кісіге хабарласып, баламның аты-жөні, туған күн-айын айтып едім, Құран ашып, Әбжад ілімімен есептеп көрген ол:

 

– Оны бала кезінде дуалаған. Әбден ағзасына сіңіп, жүйкесіне әсер етіп тұр. Зиян-дуасы кеткенше молдаға дем салдырып оқытып, содан кейін невропатолог пен психотерапевтке көрсет, – деді. Бірақ оған менің мүм­кіндігім жоқ.

 

Менің осылай не өлінің, не тірінің арасында жоқ, тірілей тозақта өмір сүруіме дуалаған адамдар кінәлі. Жұма намазын оқыған сайын құбылаға қарап: «Алла маған істеген зұлымдықтарын өздерінің, ұрпақтарының алдына кел­тірсін», – деп ішімнен қарғап отырамын.

 

Мен бұл ауруға 2001-жылы 30 жасымда шалдықтым. Қазір жасым 47-де. Өте қатты азап шегіп жүрмін. Есептесем, ем үшін деп емші-молдаларға берген ақшам 500 мың теңгеден асыпты. Суретке қарап дем саламын дегендерге 200 мың теңгем кетті. Жаныма бат­қан соң бірінен болмаса екіншісінен жазылармын деген үмітпен бардым, сұрағандарын тауып бердім.

 

Мені дуалағандар туған аға, апа, жезде, және келін болып түскен жерімнің қатысы бар екенін түсімде аян беріп көрсетті. Әйтеуір олар да мені жек көріп, ала көздерімен қарап, жекіп және кекетіп сөйлейді. Бұл ауылдан көшіп кеткім келеді, қайтейін...

 

...Хатта бұдан басқа да біраз жайлар баяндалған. Сондай-ақ Эльмира көңілі қалған туыстарының, ем іздеп барған адамдардың аты-жөндерін де көрсеткен. Бірақ біз оны жарияламауды жөн көрдік. Өйткені көңілде сұрақ көп.

 

Ал сіздің ойыңыз қандай, оқырман? Бұл хатқа қатысты пікіріңіз, Эльмираға айтатын кеңесіңіз болса, «Ауырмаңыз!» газетінің 8-778-987-12-21 байланыс желісіне хабарласуыңызға болады.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ