Көпсалалы клиника

04.07.2018
Қаралды: 245

Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық аурухананың ашылғанына биыл 150 жыл болады. Яғни аталмыш аурухананы өңірдегі денсаулық сақтау саласының қарашаңырағы десек жарасады. Осы медициналық мекеме жуырда жоғары санатты аккредитация куәлігін алды. Бұл өңірдегі осындай санат пен сапаға қол жеткізіп отырған ең алғашқы ұжым екенін айта кетейік.

 

Бір жарым ғасырлық тарихы бар клиниканың іргетасы 1868-ші жылы қаланған екен. Сол кезде ол әскери казарма жанынан 5 төсектік шағын лазарет бол­ған. Қырық жылдан кейін лазарет ауруханаға айналады. Ал 80 жылдан кейін қалалық емханамен біріктіріліп, 125 төсек-орынды облыстық ауруханаға айналған. Ал бүгінде ондағы стационар 682 орынға арналған. Емханаға күніне 500-ге тарта адам медициналық қызмет көмегіне жүгінеді екен. Қала және облыс тұрғындарына  1350 маман қызмет көрсетеді.

 

Облыстық клиникалық ауруханада диагностикалау, емдеу мен ота жасаудың жаңа, заманауи түрлері енгізілген. Елі­міздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында мұндағы мамандар Оң­түстік Корея, Ресей мен Беларусь, Түркияға барып білікті­ліктерін арттырып, шеберлік сабақтарынан өтіп,  заманауи жаңа құрылғылармен жұмыс істеуді меңгеруге ден қойған. Және бұл жұмыс ұдайы жүр­гізіліп отыратынын айта кету керек. Осының арқасында клиникада бұрын тек шетелде ғана жасалатын күрделі оталар да жасалып жүр. Атап айтқанда жасанды буын орнату, күрделі құрылғылармен қан-тамырларының ақауын қалпына келтіру және лапароскопия­лық әдіспен асқазан көлемін кішірейту арқылы семіздіктен арылту оталары сәтті өтіп жатыр.

 

Мысалы, қан тамырларындағы ақау­ларды қалпына келтіру мейлінше дәлдікті талап ететін жауапкершілік. Өйткені қан тамыры дегеніңіз өте нәзік нәрсе. Бұл ретте клиника мамандары осы отаға қажетті ангиограф құрылғысын толық меңгерген. Сондықтан бұл күрделі отаның арқасында жергілікті дәрігерлер көптеген тұрғындарды ауру азабынан құтқарып жүр. «Phіlіps Allura Xper FD 20/15» ангиограф аппараты зерттеу кезінде аз сәуле бөледі, ал түсірілімінің сапасы өте жоғары. Оның көмегімен жүрек, өкпе, бүйрек, ми қабатына ота жасау қажеттілігін дәлдікпен анықтауға болады. Прибор көмегімен жылына күрделі деген мың отаны сапалы жасау мен 1500 зерттеу жүргізуге мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ онымен жүрек-қан тамырлары ауруларына 15 түрлі зерттеу жүргізуге болады. Онкологиялық және жүрек ауруларын емдеуде де кө­мегі зор.

 

130 миллион теңгеге алынған «Extentrac Elіte» деп аталатын келесі бір құрылғы омыртқа ауруларын анықтау мен емдеу, омыртқаның созылмалы аурулары, тірек-буын жүйесін, ондағы деформацияны қалыпқа келтіруде қолданылып жүр. Бүгінде клиникалық ауруханаға осы сырқатпен көмек сұрап келушілер көбейген.

 

Сол сияқты мамандар эндовидеолапароскопиялық ота жасау әдісін гинекологияда жатыр экстирпациясы, лимфодиссекциясы, ал урологияда несепағар пластикасы, колопроктологияда лапароскопиялық ішек резекция­сы мен анастомоздары, жалпы хирургия­да асқазан мен бауыр резекциясы, ортопедияда буындардың артроскопиясы сияқты хирургияның барлық саласында қолданып жүр. Клиника мамандары енді бұл әдісті күрделі оталарға қолдануды ойға алып отыр. Түсіндіре кетейік, бұл кішкентай ғана тілінген жер арқылы ағзаның ішкі мүшелеріне күрделі ота жасау әдісі. Әрине, ол хирургтың асқан шеберлігін талап етеді. Сонда науқастың оңалуы тез, тілінді орнының жазылуы жылдам болмақ.

 

Айтпақшы, былтыр жазда облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған клиникаға шұғыл көмек көрсетуге арналған 4 көлік берген болатын. Бұл аса бір ауыр жағдайларда – әрбір секунд санаулы тұстарда нау­қастардың өмірін арашалап алуға берілген мүмкіндік іспеттес. Сондай-ақ клиника басқа да барлық заманауи жабдықтармен қамтылған. Буын ауруларының, сонымен қатар тора­кальді хирург мамандар, гематолог, проктолог дәрігер іздеген тұрғындар осы клиника көмегіне жүгінеді. Яғни Шымкент қаласындағы облыстық дәрежедегі клиникалық аурухана медицина саласындағы заманауи қондырғылар және мамандармен толық қамтылған. Бұл ұжымның жоғары санатты аккредитация сынағынан сүрін­бей өтуінің бір себебі осында.

 

Қаладағы эндокринологиялық диспансер мен облыстық офтальмология­лық аурухана жақында осы медицина мекемесінің құрамына енгізілді. «Мұның артықшылығы көп. Мысалы, қайта жобалау жұмыстары қаралып, аталған корпустарға еуропалық талаптарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, олардың еңбегін жоғары бағалау жұмыстары қолжетімді болмақ. Мәскеу мамандары бізде көз торына ота жасау бойынша шеберлік сынағын өткізген болатын. Сондай-ақ эндокринология мен офтальмология бөлімдеріндегі бірнеше қызметкеріміз қазір Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында оқып жатыр», – дейді аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов.

 

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ