Шардарада жақсы жаңалық көп

06.07.2018
Қаралды: 407

Шардара аудандық ауруханасында жеке қорынан, яғни ақылы қызмет есебінен және демеушілер көмегімен жөндеу-жаңару жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аурухананың негізгі ғимаратына қосымша (3H) «Триаж» жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып, ол заманауи техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Аталған құрылыс (триаж ғимараты) республикада бұрын-соңды болмаған жаңа жоба екенін ескерте кетейік.

 

 

Шағалалы аудандағы жағымды жаңалық жалғыз бұл емес. Онда биыл қалалық емханаға қосымша құрылыс есебінде бір ауысымда 150 келушіге арналған, жалпы құны 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын ғимараттың құрылысы басталды. Ол 2019 жылдың соңына пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар аудан және ауыл орталықтарынан шалғайда орналасқан елді-мекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 390 миллион теңгені құрайтын 13 модульдік медициналық тіректерінің құрылысы аяқталды. Оған қосымша, Қызылқұм, Шардара, Жаушықұм, Ұзын ата елді-мекендерінде орналасқан дәрігерлік-амбулаторияларда жалпы құны 87.900.989 теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2018-2019 жылдарға 171.115.716 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Оған сәйкес, әйелдер кеңесі, емхана, төменгі тоғай, Қоссейіт емдеу мекемелері толық жаңармақ. Яғни Шардара ауданында медицина саласында бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістер орын алып жатыр десек жарасады.

 

Осындай оңды өзгерістер орын алып жатқан ауданда көрсеткіштер де көңілге қонымды: соңғы екі жылда мұнда ана өлімі тіркелмепті. Ал бала өлімі облыс бойынша ең төменгі орында. Онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау, туберкулез көрсеткішін төмендету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Енді жыл соңына дейін мұнда барлық медициналық мекеме толық электронды жүйеге көшіріледі деп күтілуде. Бұл аудандағы 79 мың халықтың сапалы да уақытылы медициналық көмек алуының кепілі екені анық.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ