Жуылмаған жемістен келген кесел

17.06.2018
Қаралды: 472

Сарыағаш ауданына қарасты Келес өңірінің алыс бір ауданында біздің бір ағайын ағамыз тұратын. Ағын су үйінің жанынан өткен, үйіргелік жері елу соттықтай, жеміс ағаштарын көп отыр­ғызған еді. Әсіресе алма ағаштарының жемістері жаз басында-ақ пісе бастайтын. Ыстық күнде оның саясы ит, тауық, кішкене балалар үшін таптырмайтын көлеңке, әрі ойнайтын орын, әрі желмен түскен алмаларды теріп жеуге қолайлы.

 

 

Бір жолы, осыдан екі-үш жыл бұрын жаз басында барсам, «белый налив» деген майдалау үш түп алмасының астында ағайынымның екі-үш немересі ойнап отыр. Қолдарындағы алманы портылдатып жеп, мәз-мейрам. Қастарында көлеңкелеп жатқан дәу иттің біреуі өте арық, іші-ішіне жабысып қалыпты.  Ол басын да көтерген жоқ.

 

– Келе бер, қорықпа, итіміз адам қаппайды, – деді ағай аула есігінен кіріп келе жатқан маған қарап.

 

Немерелері кір-кір, алманың сіресі жабысқан қолдарын маған созып, амандасып жатыр. Созған қолды қалай алмайсың, амандастым. Отырған жер­лерінің маңында бір-екі жерде иттің жақын арада тастаған нәжістері көрінеді. Менімен амандасқалы қарсы жүрген ағам алма көлеңкесінің астымен өтіп, жалғыз аяқ жол шетінде жатқан әдемі бір алманы алып, костюмінің етегіне сүртіп-сүртіп жіберді де, қарш еткізіп тістеп, шайнай бастады. Мен тіксініп қалдым. Әлгі жатқан арық ит маған ауру тәрізді көрінген болатын.

 

Амандасып болған соң ағам:

 

– Жаңалық қой, жесей, ауыз ти, – деп ағаштан үзіліп түскен бес-алты алманы әкеліп дастарханға қойды. – Жел тұрса, мұның дәмі кіріп, пісе бастағаны үзіліп түседі, – деп жатыр.

 

– Көке, ит те, құс та көлеңкелейтін мына ағаштың астындағы жер таза емес қой, немерелеріңізге жуып же десеңізші. Өзіңіз де жумай ауызға салып жатырсыз, – десем:

 

– Ой, тәйірі, алманың асты көгал ғой, шаң-топырақ болмаса не қылар дейсің? – деп күлді.

 

– Анау иттерден, тауықтардан да тарайтын аурулар бар ғой, тазалық жайын да ойлап қойсаңыз қайтеді?

 

– Ой, Құдай-ай, мал дәрігері болған соң ба, осы cенің көзіңе микроб елестейді де тұрады. Кішкентайы­мыздан осы ит-құспен қоян-қолтық араласып, ауырмай-ақ келе жатырмыз ғой. Құдай сақтасын де.

 

– Құдай сақ болсаң сақтаймын дегенін де ұмытпаңыз. Сіз ғой, мейлі, жетпіске таянып қалдыңыз. Ал анау нәрес­телерден обал емес пе? Ауру жұқтырып алса қиын болады ғой.

 

– Тоғыз-оннан асып, жігіт болған балалар ғой, ештеңе ете қоймас. Оларды қой да, жүрген жеріңнің әңгімесін айта отыр, – деп ағай әңгіме арнасын бұрып жіберді. «Еңбек етіп теріп әкелген алмадан жемеді» дегендей де реніші бар сияқты көрінді маған.

 

Шай-су ішіп, жағдайын біліп, кетерде ағай:

 

– Мына бір итімнің жүдә мазасы болмай жүр. Малға жақсы қараушы еді, азанда малмен бірге кетіп, кешке бірге келетін. Оны да қойды. Бұралып жата береді, тамақты әжептәуір ішеді. Сен мал дәрігерісің ғой, осыны көрші, – деп өтінген соң итке жақындап барып, бажайлап қарадым.

 

– Жергілікті мал дәрігерден дәрі алып, ішін тазалаңыздар, ішек құрты көбейген тәрізді. Мына алманың астын тазалап тастаңыздар. Иттің нәжіс­тері, тауықтың қиы көбейіп қалыпты. Иттерді үйден аулақтау жерге байлап қойыңыз. Түнде босатқаныңыз мақұл, – дедім машинама отырып жатып.

 

Келер жылы көктемде жаңағы ағам үйге келді. Облыс орталығына жақын бір ауылда едік. Жұмыстан келсем, үйде отыр екен.

 

– Жағдайыңыз қалай? – дедім жуынып, дастарханға отырған соң.

 

– Жағдайдың несін сұрайсың, баяғы екі немеремнің екеуі де операция болды, – деді ол. – Біреуінің бауырына, біреуінің өкпесіне. «Эхинококк» дей ме, білмеймін. Баяғы сенің айтқаның келді, иттен жұқтырған дейді екеуін де. Сенің аузың дуалы-ау деймін, әнебір итім ауру екен, нәлеті.

 

– Ол итіңіз не болды?

 

– Өткен күзде өліп қалған. Веттехник берген дәріні көтере алмады ма, білмеймін. Дәрі бермей-ақ өзі өлуге таяу тұрған еді. Өлерінен бір-екі күн бұрын ішінен келте-келте, быжыған құрт түсті.

 

– Иә, кейбір иттерде 1,5 – 10 мыңға дейін құрт болуы мүмкін. Олар нәжіс­терімен бірге сыртқа құрт жұмыртқасын тас­тайды. Сіз айтқандай, алма ағашының астындағы көгалға. Жерге түскен алмаға жұмырт­қа жабысуы мүмкін. Жумай жеген кезде құрт жұ­мырт­қасы адамның ішіне кетеді. Бар әңгіме осы, – дедім ағама шай үстінде «эхинококкоз» құртының биологиялық өсіп-жетілу айналымын түсін­діріп беріп отырып.

 

– Қайдам, әйтеуір құдай жарылқап, екеуінің де операциясы сәтті шықты дейді. Енді қайтып жерге түскен алманы жумай жемейтін болды. Тіпті ағаштан жұлып алғанын да жуып жегізу керек шығар? Біздің де көзімізге микроб елестейтін болды енді, – деп күлді шал.

 

Кейде ауылдық жерлерге бара қалсам, үйдің, аула мен қора-қопсының тазалығына мән бере қарайтыным бар. Әлгіндей адамдарға қауіп төндіретін жайды байқасам, үй иелеріне ора­йын тауып, осы оқиғаны мысал ретінде айтып беріп, тазалық мәселесін ескертемін. Бұл жөнінде біліп, өзгелерге де айта жүрсе артықтық етпес.

 

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ