Аяқтың салмағы артқаны қауіпті

12.06.2018
Қаралды: 686

Кейде адамдардың аяғым зілдей болып кетті деп мазасызданатыны бар. Бұл әсіресе әйелдерде жиі кездеседі. Әдетте ол вена қан тамырларының кеңеюінен деп қаралады. Дегенмен аяқтың салмақтанып, домбығып, ісінуі жүрек, бүйрек, буын, омыртқа дерттері, қант диабеті кезінде де кездеседі екен. Сондықтан оған немқұрайлы қарамай, дәрігерге тексеріліп, себебін анықтаған абзал. Сонда ертерек емделіп, айығуға мүмкіндік тиеді.

 

Әсіресе аяқ ісініп-домбығуымен қа­тар кеуде тұсында 10 минуттан аса ауырсыну пайда болса, тыныс алу қиындаса, бас айналса, адам есі кіресілі-шығасылы болып, талып қалса, тез арада жедел жәрдем шақыру керек.

 

Аяқтағы вена тамырларының кеңе­юі кезінде ол домбығып, ауырлап кеткендей болады, аяқ тез шаршайды. Кейде сіңір тартылып немесе аяқ ұйып қалады, онда үздіксіз дыңылдағандай сезім пайда болады.

 

Тромбофлебит кезінде вена қан тамырларындағы қан айналымы теже­леді, ол қоюланып, тромб пайда болады. Тромб кез келген уақытта үзіліп, венаны бітеп қалуы мүмкін. Одан миокард инфаркті, өкпе эмболиясы, инсульт туындайды. Егер аяқ ауырлағандай болып, домбыққанда ауырсыну тамыр соғысындай сезіліп, тері асты ысыса, вена бойындағы тері қызара тығызданып, ұстағанда ауырсынатындай болса, онда бұл – аталған ауыр дерт бел­гілерінің бірі.

 

Артерия атеросклерозы да аяқты ауырлап кеткендей сезіндіреді. Сондай-ақ табан суып кеткендей болып, жүрген кезде қысып ауыртқандай болады.

 

Эндертерит кезінде де аяқ ауырлап кеткендей сезіледі, сонымен қатар ол ұйиды, ауырады. Мұндайға ұшыраған адам алғашқы 500-100 қадамын еркін жүрсе, кейін ауырсынып, ақсай бастайды. Балтыр бұлшық еттері жиі құрысады.

 

Ал кардиоломиопатия, перикардит, жүрек жетіспеушілігі кезінде аяқ ауырлауымен қатар жүрек тұсында ауырсыну, жалпы әлсіздік, жүрек соғысының жиілеуі, ентігу қоса байқалады. Егер науқасты үзіліссіз құрғақ жөтел мазаласа, теріде ұсақ жаралар пайда болса, аяқ сүйегі қисая бастаса, тез арада дәрігерге көрінген абзал.

 

Бүйрек жетіспеушілігі (өткір, созылмалы), нефротикалық синдром кезінде де аяқ домбығады, іш-құрсақ аумағы ауырады, жалпы интоксикация сезіледі, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бүйрек жетіспеушілігі кезінде жүйке жүйе­сінде қалыпсыздықтар орын алады, анемия, буында ауырсыну, тері қышынуы сезіледі. Нефритпен ауыратындарда анемия, авитаминоз болмаса да тері түсі қуқылданып кетеді.

 

Ал қант диабеті кезінде дерт аяқ ауырлап-салмақтануынан басталады, қандағы қант мөлшерінің артуы содан кейін көрінеді. Сондай-ақ үнемі шөлдеу, кіші дәретке көп шығу байқалады.

 

Диабет кезіндегі аяқ қан тамырларындағы өзгерістер диабетикалық табан сияқты қауіпті қабынуға да себеп.

 

Г. ӘБЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ