Ешкі сүтімен емдейді

15.06.2018
Қаралды: 865

Шымкентте ерекше бір емдеу орталығы ашылды. «Мөлдір» деп аталатын бұл орталықта ғасырлар сынағынан өтіп, мақұлданған, бірақ бүгінде сирек кездесетін ем түрлері жасалады екен. Кешегі аптада біз осы орталықтың жұмысымен танысып қайттық.

Түйе сүтімен де сауықтырады

 

Халқымызда «Қойдың сүті – қорғасын, ешкі сүті – ем» деген сөз бар. Ғалымдар да ешкі сүтінің аурудың алдын алуда шипасы мол екенін анықтаған. Ол әсіресе анемия­да, аллергияның барлық түрі, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабет, диатезде, панкреатит, ұйқы безі, өт жолдары, бауыр, ағзаның барлық ішкі жүйе аурулары мен көздің нашар көруінде пайдалы. Жүрек-қан тамыры ауруларында, асқазан-ішек жара­сында осы сүтті ұдайы ішіп жүрген адам ауруынан операциясыз айығады екен. Себебі ол витамин мен минералдарға бай болумен қатар ағзаға толық дерлік сіңеді.

 

Авиценна жерлестеріне кәрі­лік жасқа жеткенде ешкі сүтін ұдайы пайдалануды ұсынған. Әл-Фараби ешкі сүтінің емдік қасиеттерін күшейту үшін оны түрлі қоспалармен: көз бұршағының бұлыңғыр тартуына – күнжітпен, іш өтуге қарсы – арпа жармасымен қайнатуға кеңес берген екен.

 

Жалпы, ешкі сүтінің шипасын біздің халық ежелден біледі. Оның қатерлі ісік ауруының алдын алып, жеңіл түрлерінен айықтыратын қасиеті де бар. АҚШ пен Швейцария ғалымдары мұны соңғы жылдарда ғана зерттеп, осы емге негізделген арнайы шипажайлар салуды қолға алыпты.

 

Түйе сүті жайлы да осылай деуге болады. Оның бауыр циррозының алғашқы сатысын толық сауықтыра алаты­ны да жиі айтылып жүр. Алайда оны ішу мөлшері мен уақыты, тәртібін білу шарт. Міне, «Мөлдір» рухани сауықтыру орталығы келуші­леріне емнің осы түрін ұсынбақ. Ол үшін қала сыртында бірнеше түйе ұс­тайды. Сондай-ақ Ресейден ешкінің ар­найы тұқымын (порода) алдыртыпты.

 

Бұлаудың бірнеше түрі бар

 

Мұнда жасалатын емнің бірі – бұлау. Бұлаудың да бірнеше түрі бар. Мысалы, суықтан, қабынудан болған ауруларға емдік шөптерден ванна дайындалады. Оған сырқаттың сатысына қарай сәлбен (шалфей), сасықшөп (пустырник) секілді суықтауға қарсы қуаты күшті өсімдіктер қосылады.

 

Қарынға салу – ревматизм, артрит, артроз, полиартрит, құяң, аяқтың қақсауы сынды сүйек-буын ауруларының барлық түріне шипалы. Сүйекке сіңіп қалған суықты да сорып алатын бұлаудың бұл түрін көнекөз қария­лар жақсы біледі. Бірнеше жыл қақсатып ауырған аяқ осыдан кейін жазылып қоя береді.

 

Малдың қиымен де бұлау жасайтын ем тәсілі бар екен. Соның ішінде әсіресе жылқы қиымен ем жасаудың орны бөлек деседі. Әрине, ауру түріне байланысты бұл бұлаудың тәртібі өзгешелеу.

Бұлаудың бір түрі – мақта-матадан комбинезон сияқты киім тігіп, ішін аққайыңның жапырағымен толтыру. Бұл «тұлыпта» 2-3 сағат отырғанда адам су терге түседі, суықтан болған сырқаттарынан сауығады. Әрі қайың жапырағынан бөлінген табиғи заттар тері тесіктері  арқылы бүкіл ағзаға емдік әсер беріп жатады.

 

«Мұны алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз. Өйткені біздің өңірде аққайың жапырағын табу оңай шаруа емес. Аққайың Көкшетауда көп. Біз сол жаққа тапсырыс берсек пе деп отырмыз», – дейді сауықтыру орталығының маманы Гүлмира Оспанова.

 

Фитотерапевттің айтуынша, аққа­йың­ның бүршігі де ем екен. Ол әсіресе бүйрек ауруларына жақсы көмектеседі дейді. Бүйректің суықта­уы, онда құм, тұз, тас түзілуін, әйел­дердегі жатыр қабынуынан болатын асқынуларды дәрі-дәрмексіз жоятын көрінеді. Он сегіз жылдық тәжі­рибесі бар фитотерапевт осы тәсілмен бе­деулік диагнозы қойылған бірнеше келіншектің балалы болуына көмек­те­сіпті. Ал миома, киста болса, шөптер құрамынан тұнба әзірлеп, оны арна­йы ереже бойынша ішуді ұсынады екен.

 

Рухани емге мән береді

 

Қаратікен тұз бұлауы. Дұрыс қолданса, ол суық, тірек-буын, ішкі ағза мүшелерінің барлық сырқатына, тері ауруларына да ем болмақ. «Тіпті ішектегі суықты да шығарады. Аллергиядан болатын тері ауруларын түбегейі кетіреді. Оның тіл-көз өткен, тылсымнан болған кейбір кеселдерде де көмегі бар», – дейді фитотерапевт.

 

Теріге салу. Бұлаудың бұл түрінде адам бойындағы барлық кесел келмеске кетеді дейді. Буын-буынды босатып, ағзадағы зиянды қалдықтарды суықпен қоса түгел термен шығаратын бұл емнен кейін адам дұрыс күтіне білу керек. Сонда ағзасы анадан жаңа туған баланыкіндей сауығып шыға келмек.

 

Тұз шахтасы – тыныс-өкпе жолы ауруларының барлық түрінде, атап айтқанда астма, демікпе, ангина, ларингит, жөтел, тамақтың ісінуі, өкпенің қабынуында ем.

 

Бұл орталықтың рухани сауықтыру деп аталуы тегін емес. Кейде адамды диагнозы анықталмайтын тылсым бір күш қысып, түсініксіз ауру мазалайтыны бар. Еңсені зіл басып, өмірге деген құлшыныс азаятын кездер болады. Мұндайда ислами ем түрлері қарастырылады. Дем салу, зиярат ету, сөзбен емдеу, пара­психология тәсілдері арқылы да тәуір болып жатқандарды көрдік.

 

«Рухани ем дегеніміз – адамның ішкі жан-дүниесін жуып-шайып алу. Осыдан кейін ем қонуы тез жүреді. Біз адамның ағзасын ғана емес, жан-дүниесін, көңіл кілтипаны мен санадағы сырқаттарды да емдейміз», – дейді емші. Одан бөлек сүлік салу, қан алу, нүктелік және мануалды массаж түрлері жасалады екен. Қысқасы, мұнда көнеден келе жатқан ерекше ем түрлері толығымен топтас­тырылыпты.

 

...Біз бұл мақаламызда аталмыш орталықты насихаттап отырған жоқпыз. Оған емделу-емделмеу жағын әркім өзі шешеді. Ал қажет еткендер «Мөлдір» рухани сауықтыру орталығына 8-747-636-61-77, 8-777-408-44-08 нөмірлері арқылы хабарласа алатынын ескертеміз.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ