Денедегі қалды қанату да қауіпті

25.05.2018
Қаралды: 560

Биыл Шымкент қаласындағы «Облыстық онкологиялық диспансерінің» ашылғанына 68 жыл болды. Осыған орай біз аталмыш диспансердің Бас дәрігерінің әдістемелік ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Дәулетбек Жұмағалимен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

 

– Дәулетбек Жұманұлы, осы жылдар аралығындағы жетістіктеріңіз жұртқа мәлім. Дегенмен де диспансерде соңғы кездері қолға алынып жатқан істер жайында айтып өтсеңіз.

 

– Біздің диспансер 1950-жылы жәй онкологиялық бөлім­ше ретінде ашылған, ал бүгінгі таңда үлкен ұжымға айналып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 2018-жылға 75 төсек орындық жаңа ғимарат берілуде. Диспансер ыңғайластырылған ғимаратқа орналастырылған. Бұл бұрынғы «Автомобилист» санаториясы, ол 1989 жылы салынған. Диспан­серді өткен жылдың тамыз айынан бастап бас дәрігер болып Катбаев Сәкен Арыстанұлы басқарады.

 

Диспансер 211 төсек-орындық, оның 200 орны ауруханалық, ал 11 төсек орын күндізгі бөлімше. Онда торако-абдоминальдық хирургиялық, радиологиялық, химиятерапиялық, маммологиялық, радиогинекология  бөлімдер жұмыс істейді.  Одан бөлек 150 келушіге арналған емханамыз бар.

 

Бізде 93 дәрігер, 3 провизор, 11 медицина ғылымдарының кандидаты жұмыс істейді. Ұжымымызда 5 денсаулық сақтау ісінің үздігі бар. Біздің әрбір қызметкеріміз өз ісіне жауапты деп мақтанышпен айта аламыз. Жалпы, біз мамандардың біліктілігі мен тәжірибесін арттыру мәселесіне жете көңіл бөлеміз. Мысалы, ткен жылы 37 дәрігер білімін жетілдірді. Оның ішінде Түркия, Мәскеу,  Моңғолияда болып қайтқандар да бар. Одан бөлек, өзіміз де жылына бірнеше рет түрлі тақырыптарда семинарлар өткізіп тұрамыз. Оған шет ел және еліміздің алдыңғы қатарлы мамандары шақыртылады.

 

Биыл Шымкент қаласындағы «Облыстық онкологиялық диспансерінің» ашылғанына 68 жыл болды. Осыған орай біз аталмыш диспансердің Бас дәрігерінің әдістемелік ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Дәулетбек Жұмағалимен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

Былтыр «Жатыр мойны рагі», «Сүт безі рагін ерте кезеңде анықтау», «Бауыр рагінің хирургиялық емі», «Қуық асты және қуықтың қатерлі ісік­теріндегі диангостикалау және хирургиялық ем әдістерін же­тілдіру» сынды семинарлар өтті. Халықпен де жиі кездесу ұйымдастырамыз. Өткен жылы осындай іс-шараның бірінде 218 науқасқа кеңес беріліп, 8 рак анықталды. Былтыр мамыр айында «Тері рагіне және меланомаға қарсы бүкілдү­ние­жүзілік күн» тақырыбы бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды. Онда 232 науқас қаралып, 219 науқаста патология анықталып,13 рак табылған.

 

– Облыстағы қатерлі ісік ауруларының көрсеткішіне тоқталайықшы.

 

– Жалпы облыс бойынша «Д» есептегі онкологиялық аурулардың жыл басына дейінгі нақты саны – 13.161. Өткен жылы 3057 науқас алғаш рет тіркелген, ал жыл ішінде бізде 9579 науқас ем алған. Емханада күніне 450-550 науқас ем қабылдайды. Былтыр 72.127 науқас ем алса, алдыңғы жылы 67.964 болған.

 

– Шымкент қаласы бо­йынша ше?

 

– Аурушаңдық Шымкент қаласында облыстық көрсет­кіштен 27,7 пайызға жоғары. Өткен  жылы «Д» есепке алғаш алынған науқастар саны 1245. Алдыңғы жылы ол 1329 болған.

 

– Облыс тұрғындары арасында қатерлі ісіктің қай түрі көп тіркелген?

 

– Бірінші орында сүт безі рагі (420 науқас) тұр. Екінші орында асқазан рагі (280 адам). Үшінші орында өкпе рагі (259 науқас). Төртінші орында тері рагі  (257 нау­қас). Жатыр мойны рагі (234 науқас) бесінші орында.

 

– Диспансерде қандай ем түрлері көрсетіледі?

 

– Жалпы диспансерде қолданылатын ем түрі үшеу. Бұл – хирургиялық, сәулелік және химиотерапиялық емдер. Ем барысында тек жеке бір немесе қос ем (хирургиялық + сәулелік, т.с.с.), көпшіл түріндегі ем (хирургиялық + сәулелік + химио-терапиялық) қолданылуы мүмкін.

 

Қазіргі кезеңде онкологиялық ауруларды емдеу үшін жаңа технологиялар енгізілуде. Бауыр, ұйқы безі, қуық, жұтқыншақ қатерлі ісктеріне күрделі операциялар жасалып жүр. Бауыр, бүйрек, жатыр, өкпе, бас миы қатерлі ісіктерінде химиялық препараттарды артериялық қан тамырлары арқылы жеткізу тәсілі қолданылуда. Одан басқа да атап айтатын жайлар көп.

 

– Өз бетінше емделемін деп ауруын асқындырып алатындар кездесе ме?

 

– Иә, аурулар арасында тәуіп-емші, балгерлерге қаралып, сырқатын асқындырып алатындар кездеседі. Мынадай мысал айтайын: 45-50 жас шамасындағы ер адамның денесінде – төстің тұсында теріде туа біткен қал бол­ған. Ол көйлектің алдыңғы түймелерін ағытқанда көрініп тұрады екен. Бес жасар қызы әкесінің алдына отырғанда қалды тырналап, бірнеше рет қанатып жіберген. Содан қал өсе бастайды. Қарайып, көбейеді. Әлгі кісі тәуіп, емшілерге қаралып, әр түрлі қолдан жасалған майларды жаққан. Қал одан да үлкейіп, қанай бастаған соң дәрігерге көрінген. Бұл кезде қолтық асты, бұғанақтың айналасындағы лимфа түйін­дер шошынып үлгерген болатын. Онкологиялық арнайы емнің көмегімен ол алты жылдай өмір сүрді. Кейін дерт ас­қынып кетті.

 

Осы жерде мынаны ескерткім ке­леді: туа біткен, әлде кейін пайда бол­ған қал суланса, қанаса, қара­йып, түрін өзгертсе, өссе, көбейіп, балаласа, онда жедел түрде онколог кеңесіне жүгіну керек. Әйтпесе ол меланома атты қатерлі тері ісігіне айналуы мүмкін. Бұл өте қауіпті.

 

 Өкінішке орай, білместіктің салдары бұл ғана емес. Мектепте мейір­бике болып істейтін әйел сүт безінде түйін барын байқаған. Бірден тәуіпке барған. Ол массаж жасап, жоқ қылдым деп айтқан. Өйткені езіп, ісіктің сыртқы қабатын жарып, жайылып кетуіне жол берген. Ол бізге бір жылдан кейін, ауруын ас­қындырып, ісік өкпесіне шапқанда келді.

 

Міне, осындай қауіпке жол бермеу үшін қандай түйін болмасын, онкологтарға көрсету керек, әсіресе түйін өсіп, мазалай бастаса бүгінгіні ереңгіге қалдыруға болмайды.

 

– Дер уақтында тексеріліп, ем алған жағдайда бұл аурудан толық жазылуға болады ғой?

 

– Егер науқас қатерлі ісікті ерте анықтап, 1-2 сатысында емге келетін болса, онда радикальді толық ем жүр­гізіліп, 80-100% айығып кетуіне кепілдік беріледі. Қазіргі таңда онкологиялық науқастардың 50 пайыздан астамы ерте кезеңде анықталып жатыр. Екі науқастың бірі 5 жыл және одан артық өмір сүруде, бұл қуантарлық жетістік.

 

– Ал енді бұл аурудан сақтану жолдарына келсек.

 

– Жерлестеріміз спирттік ішім­діктер, темекі және насыбайдан арылса деймін. Салауатты өмір салтын ұстанып, ас мәзірін реттесе, жалпы профилактикалық және скринингтік тексерулерден уақтында өтіп тұрса, онкологиялық аурулардың ерте кезеңде анықталуы 70-80%-ға дейін өсер еді. Ал  науқастардың 5 жыл және одан артық өмір сүруін 65-75%-ға жеткізуге болады деп ойлаймын.

 

– Еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ