Табан неге қызады?

18.05.2018
Қаралды: 1499

Біздің әлеуметтік желідегі «Ауырмаңыз!» аталатын парақшамызға Бибінұр Қабаева: «Адамның табаны не үшін қызады? Әсіресе түнге қарай. Соның емін таба алмай жүрмін. Оның өзі ұйқыны қашырған бір ауру екен. Біреулер жүректен дейді. Ал мен себебін де, емін де таппай жүрмін», – деп жазған екен.

 

Бұған ұқсас жағдай басқа адамдарда да кездеседі екен. Бұл сауалға үн қатқан жандар түнге қарай қос табанымен салқын темір басатынын, аяғын көрпе сыртына шығарып жататынын жазып жатты. Түрлі пікірлер арасында ем жолын айтқандар да болды.

 

«Иә, бұл – жүректен. Табаным қатты қызып,  мұздай темірге басатын едім. Көп ұзамай инфаркт алдым», – деп жазады Қуанай Тұқажай.

 

Нұржамал Ұзақбаева: «Мен ағзамды тазалап құтылдым. Сосын былтыр ауыра бастағанда табанға, аяққа, денеме хиджама жасаттым. Керемет! Қан қысымы реттелді, ұйқым да тынышталды. Қазір басым жастыққа тисе ұйықтап қалам», – дейді.

 

«Жүректен болған жағдайда кешкі сағат 10-дарда сәлдегүл (пиона), долана (боярышник), тау жалбызы (пустырник), шүйгіншөп (валериана), атбас талшын (конский каштан) тұнбасын ішіңіз. Барлығын сатып алыңыз, шыны ыдысқа салып, үстіне қайнаған су құйып, бір тәулікке қо­йыңыз. Осының 15 тамшысын жарты стакан суға қосып, ішіп аласыз. Міне, бұл жүректің емі. Бір ай ішіп, бір ай демаласыз. Үш курс қайтлау керек», – деген кеңес береді Гүлайым Маргарян. Сондай-ақ ол табанның қызуы ағзада тұз көптігінен болуы мүмкін екенін ескертеді.

 

Ал Әбілхан Адай есімді азамат: «Менің де аяғым қатты терлейтін. Қызып кете беруші еді. Қонаққа барудан қалғам. Оның емі адыраспан екен. Бір бумасын (піскен, әбден сарғайған) 3 литр суға әбден қайнаттым. Сүзіп алып, ыстықтай шым-шым еткізіп аяғымды салып отырдым. Аяқты тізеден төмен қарай орап тастадым. Су суы­ғанша. Аллаға шүкір, 6 жылдай болды, табаның тер­леуі сап тиылды», – дейді.

 

Бұл кеңестер керек болып қалар деген оймен біз оны көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ал табанның қызуына қатысты өзіңіз білетін, жасап көрген амал болса, оны да жариялауға дайынбыз.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ