Жігіттерде жиі кездесетін кеселдер

14.05.2018
Қаралды: 382

Жылдың ең әдемі маусымы – көктемнің керемет айы – мамырдың да алғашқы аптасын артта қалдырдық. Бүгін Қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына 26 жыл. Сәрсенбі – адамзат тарихындағы ең сұмдық соғысқа нүкте қойылып, отандас елдердің жеңіске жеткен күні. Яғни мамырды негізінен ер-азаматтарға тән мерекелерден тұратын ай десек жарасады. Біз барша қазақстандықтарды осы қос мерекемен құттықтаймыз. Сонымен қатар ер-азаматтарда жиі кездесетін кеселдер туралы сөз қозғамақпыз.

 

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ер-азаматтар бойынан жиі байқалатын он дертті атаған екен.

 

1. Миокард инфаркті. Әлемдік статистика 41–50 жас аралығында осы кеселге тап болған ер адамдар саны әйелдерден 5 есе, ал 51–60 жас аралығында инфарктпен ауырған еркектер әйелдерден 2 есе көп екенін көрсетеді.

 

2. Инсульт. Бұл диагноз ер-азаматтар арасындағы өлім-жітім бойынша әлемде төртінші орында тұр.

 

3. Өкпе обыры. Әлем бойынша өкпе обыры ауруына шалдыққан адамдардың 80%-ы ер адамдар екен. Оның 79,8%-ында дерт никотинге тәуелділік салдарынан өршіген деген тұжырым жасал­ған. Ұзақ жылдар бойы ыс пен улы химикаттарға толған өкпедегі кесел осындай қауіпке соқтырады екен.

 

4. Қуықалды безінің (простатит) қатерлі ісігі. Статистика 50 жастан асқан әр жетінші ер-азаматта қуықалды безінің қатерлі ісігі анықталатынын көрсеткен. Ол АҚШ, Батыс Еуропа, Ресейде 50-60 жас аралығындағы еркектер өлімінің басты себебі саналады.

 

5. Тоқ ішек қатерлі ісігі. Ішек жолдарының созылмалы ауруын елемеу, гормоналдық ауытқуға мән бермеу, ағзадағы зат алмасудың нашарлауы себебі мен асқынуынан туындайтын кесел.

 

6. Асқазан және ұлтабар жарасы. Бұл 25–45 жас аралығындағы адамдар арасында әсіресе ер-азаматтарда көп кездесетін диагноз. Әрине, ауруға уақтылы және дұрыс тамақтанбау себеп.

 

7. Несеп-тас ауруы. Ол жер бетін­дегі халықтың 1–3%-ында кездеседі. Әйткенмен онымен ауыратын ер адамдар әйелдерден 3 есе көп екен. Урологиялық бөлімдерде ем алатын ер адамдардың 30-40%-ына осы диагноз қойылады дейді мамандар.

 

8. Подагра (құяң, тұз байланудан болатын буын ауруы). Әрине, бұл ауру әйелдерде де кездеседі. Әйткенмен деректер онымен ер адамдардың жиірек ауыратынын (7:1) көрсетеді.

 

9. Тығындалған эндартериит. Қан тамырлары, әсіресе артерияның тығындалуы әйелдерге қарағанда еркектерде 99 есе көп кездеседі делінеді. Ол әсіресе 35-40 жастағы азаматтарда жиі байқалады екен. Дәрігерлер мұның негізгі себебі ер-адамдардың ағзасындағы ерекшеліктер мен ауруға бейім­ділік деп санайды.

 

10. Шап жарығы. Бұл 90-97% жағдайда ер-азаматтарда кездесетін диагноз. Өйткені олардағы шап өзегі кең, ал дәнекер тіндер әлсіз, яғни кесел көрсеткіші анатомиялық жағдайға байланысты көп.

 

Ал енді сөз соңында біз ер-азаматтарға 30 жасқа дейін әр үш жылда, одан кейінгі он жылда екі жыл сайын, ал 40 жастан кейін жыл аралатын терапевт, кардиолог, невролог, онколог, пульмонолог, уролог, гастроэнтеролог, нефролог, ревматолог, хирург тексеруінен өтіп тұруға кеңес береміз. Денсаулықтарыңызға қамқор болыңыздар!

 

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ