Баланы қырқынан шығаратын заттар жасайды

16.05.2018
Қаралды: 451

Қай нәрсені де шын ықыласпен және сән-салтанатымен жасаған жақсы ғой. Тіпті қара нан мен қара су ішсең де оның өзін әдемі ыдысқа салып ұсынсаң жоқтығының білінбей, жарасым тартатыны анық. Осындай жарасымды нәрсенің бірін павлодарлық Әсем атты келіншек жасап шығарыпты.

 

 

Әсем Нартайқызы баланы қырқынан шығаратын заттар әзірлеп, сатумен айналысады. Бұл ой оған кенеттен келген екен. Ә. Ысқақова бізге осы жайлы айтып берген еді.

 

– Әсем, баланы қырқынан шығаратын заттарды өзіңіз жасайсыз ба? Бұл идея сізге қашан, қалай келді?

 

– Мен өзімнің тұңғышым Зейнепті қырқынан шығару рәсімін өткізетін болып, дайындалған кезде қаламызда осындай арнайы заттар жиынтығының жоқтығына көзім жетті. Болса да олар сапасы және дизайны жағынан біраз төмен екенін байқадым. Сөйтіп қы­зымды қырқынан шығаратын заттарды өзім әзірледім. Өйт­кені сәбиді қырқынан шығару – салт-санамызға қатысты ерекше жөн-жоралғы емес пе? Сондықтан оның ерекше болғанын қаладым.  Мұны көріп көп адам қызығушылық танытты. Осыдан бастап мен мұндай заттарды көптеп әзірлеп, қолжетімді бағада сата бастадым.

 

Бұл жиынтыққа қырық қасық су құюға арналған әдемі ұлттық оюмен безендірілген шыны ыдыс. Сол суды сәбиге құюға арналған ағаш қасық, сәбидің алғашқы қарын шашы мен тырнағын алуға арналған қайшы, сосын оны сақтап қоюға арналған қобдиша кіреді.

 

– Бағасын білуге бола ма?

 

– Бағасы қымбат емес. Бес мың теңге. Тұтынушы қалауына қарай оның түсін, ұлға немесе қызға байланысты әшекейін өзгертіп беруге болады. Сәби­дің атын жазып беруді сұранатындар да бар. Әрине, тұтынушы сұрап жатса тағы басқа ұсыныстарын орындауға тырысамыз.

 

– Қызығушылық танытып, тапсырыс берушілер бар ма? Оларға қалай жеткізіп бересіз?

 

– Менің бұл кәсіпті бастағаныма көп бола қойған жоқ. Сондықтан әлі естімеген, біл­мейтін адамдар көп. Көбіне Павлодар қаласынан, осы өңірдің аудан-ауылдарынан сұрап жатады. Алматы қалаласынан да тапсырыстар болып жатыр.

 

Павлодарда, яғни қала ішін­де жеткізу – тегін. Басқа аймақтарға жеткізу  мүмкін­дігіміз де бар. Ол үшін арнайы курьерлік қызметті пайдаланамыз. Жол ақысын тұтынушыға жеңілдік есебінде екіжақты бөліп тө­лейміз. Мұндай мүм­кіндік көп адамға қолайлы, сондықтан тапсырыс беру­шілер артып келеді. Бір апай түнгі сағат бірде хабарласып, ертеңгі болатын рәсімге тезірек әзірлеп, жеткізіп беруімді сұраған кезі есімнен кетпейді. Негізі баланы қырқынан шығаруға үш-төрт күн бұрын дайындалған дұрыс.

 

– Әсем, жас аналарға көмек болсын, баланы қырқынан шығарғанда тағы қандай жөн-жоралғылар жасалуы тиіс, айтып жіберіңізші.

 

– Баланы қырқынан шығарудың өзіндік жарасымды сәні мен жақсы ниеттен туған мәні бар. Мысалы, шыны ыдысқа таза жылы су құйылады. Cудың түбіне тазалықтың белгісі ретінде күміс заттар тастаған дұрыс. Ол күміс жүзік, білезік, сырға немесе күміс ақша болуы мүмкін. Күмістің суды зарарсыздандыратын, пайдалы қасиетін арттыратын, микроб-инфекцияларды жоятын қасиеті бар. Әрі бұл қырқынан шыққан нәрестенің өмірі берекелі, молшылықта болсын деген тілек белгісі.

 

Сәбиді қырқынан шығару рәсімін әдетте елге сыйлы, құрметті әйел жасайды. Сол кісінің аялы алақанының жылуы балаға жұғысты болсын деген ниет бұл. Ол әдемі тілек­терін айта отырып, сәбиді шомылдырған соң жаңағы ыдыстағы судан қы­рық қасықты санай отырып, сәбиге құяды. Бұл да баланың ырыздығы судай мол болсын деген, ежелден келе жатқан тілектің бір түрі. Сосын сәбидің қарын шашы мен тырнағын алады. Алғашқы тырнағын адам аяғы баспайтын жерге көмеді, ал шашын анасы кішкентай қобдишаның ішіне салып, сақтап қойып жатады. Егер оны бесіктің бас жағына сақтап қойса, балаға тіл-көз өтпейді деп естідім, бірақ рас-өтірігін білмеймін.

 

Қырқынан шығарып болғасын, ыдыс ішіндегі күмістерді қуанышты бөлісуге келген келіншектерге қуаныш жұғысты болсын деген ниетпен таратып береді. Ыдыс пен ағаш қасық сәбиді қырқынан шығарған адам­ға сыйға беріледі. Қысқаша айтқанда, рәсім осылай жасалады.

 

... Әсемнің баланы қырқынан шығарудың ерекшеліктері жайлы айтары көп екен. Жас аналарға білгенін үйретуден жалықпайтынын айтады.

 

Гүлдана БЕРҚҰЛОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ