Микроб майып етпесін!

26.04.2018
Қаралды: 324

Бүгінгі күні көп адам күніне бір рет болса да өз үйінен тыс жерден, яғни қоғамдық тамақтану орындарында тамақтануға мәжбүр. Соған сай қоғамдық тамақтану орындарының саны да күн санап артуда. Әсіресе біздің Оңтүстікте әр қадам  сайын дәмхана мен мейрамхана, донер, бургер, лаваш, самса сататын қарапайым дүңгіршектер көп. Ал фаст-фуд пен тез дайындалатын тағамдардың адам ағзасына зияны айтпасақ та белгілі. Е қоспалардың, консерванттардың, бояғыштардың, канцерогендердің, майлардың барлық тез да­йындалатын тағамдарда бар екендігін және олардың ұзақ сақталатынын ескеруді ұмытпайық. Тіпті қарапайым «кәріс» салатының да құрамында дәмді күшейткіш – натрий глутаматы бар. Ал оны жиі қолдану онкологиялық ауруларға  ұшыратады.

 

Натрий глутаматы жоғарда аталған тез дайындалатын тағам құрамында да жиі кездеседі. Көшедегі ас-су, тағам сататын дүң­гіршектер ауыз су құбыры, канализация жүйеле­рімен жабдықталмағанын ескерсек, ондағы тазалық пен жеке бас гигиенасын сақтау туралы айтудың өзі артық.

 

Мәселен, бір қарағанда тәбетті ашатын әлгіндей тамақ әзірлеп, сататын адам бұған дейін дәретханаға барып, лас сүйеніштерді ұстап, аяқ киімін сүртіп немесе тағы да басқа істермен айналысуы мүмкін. Және сол лас қолдарымен сізге тамақ әзірлеп береді. Кей­біріңіз қазіргі өркениетті заманда дүңгіршектердегі сатушылар арнайы қолғаппен жұмыс істейді деп қарсылық білдіруіңіз мүмкін. Бірақ бұл жағдайда сатушы қолғабын сағат сайын ауыстырып отыруы тиіс.

 

Сонымен қатар, мұндай орындарда күнделікті жинап, тазалау және залалсыздандыру жұмыстарының уақ­тылы және сапалы жүргізілуі де үлкен күмән тудырады. Мүмкін олар ылғалды шүберекпен сүртіп алумен шек­теліп қоятын да шығар? Алғаш қарағанда таза болып көрінгенімен, онда көзге көрінбейтін микробтардың шоғырланбауына кім кепіл? Ал микробтардың саны сәт сайын еселеп өсіп отырады. Микробтар көп болатын жерлер, әрине, жеткілікті. Олар тіпті біз күтпеген жерде де болуы мүмкін.

 

Тағы бір айта кететін жағдай – мұндай қоғамдық тамақтану орындарында әдетте тоңазытқыш, мұздатқыш жабдықтары орнатылмайды.  Демек салаттар, дайын тағам өнімдері бөлме температурасында, жазға қарай ұзақ уақыт бойы ыстықта сақталады. Бұдан туындайтын қауіпті айтып түсіндір­месек те болады. Микробтар тағамнан улану мен жұқпалы ішек ауруларын тудырады.

 

Жеңіл пайда соңына түсемін деп тазалық мәселесіне немқұрайлы қарау белең алуда. Сондықтан жоғарыда айтылғандарды ескергеніңіз дұрыс. Әрине, көшедегі тез дайындаталын тағамдарды сатып алу-алмау таңдауы өзіңізде. Бұл мақалада біз аталған жайттар барлық қоғамдық тамақтау орындарда кездеседі деп айтудан аулақпыз. Дегенмен денсау­лығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыздар.

 

К. РУСТЕМОВА.

Әл-Фараби ауданы Қоғамдық

денсаулық сақтау басқармасы 

басшысының орынбасары.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ