Дәрігер Айгүлге дән ризамыз

10.04.2018
Қаралды: 565

Тура бір ай бұрын әкешім ауыр халде ауруханаға түсті. Инсульт. Әрбір секунд санаулы мұндай ауыр жағдайда қолдан келер қайран болмай, бар үмітімізді дәрігерлерге арттық. Бағымызға орай, өте жауапты жандарға жолықтық. Бүгін мен отбасымыздың атынан осы дәрігерлерге алғыс айтсам деп едім.

 

Наурыз айының алғашқы күн­де­рінде жедел жәрдем көлігімен Оң­түс­тік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілген әкем Сағат Ордабекұлы жансақтау бө­лі­мі­не түскен болатын. Ертеңіне инсульт бөлімінің палатасына ауыстырылды.

 

Аты айтып тұрғандай, бұл бө­лімге өмір мен өлім арасында арпалысқан ауыр халдегі науқастар түседі. Өмірге қатер төндіретін қауіпті диагнозда жеткізілген әрбір науқасқа дер уақытында дұрыс медициналық көмек көрсетіп, шынында да жедел түрде жоғары сапалы қызмет көрсете білген осы ұжымға біз өте риза болдық. Өйткені көз алдымызда қаншама адам ауыр халде келіп, санаулы күнде беті бері қарап, сауығып кетіп жатты.

 

Бұл бөлімнің меңгерушісі Аршибекова Айгүл Әбдіғаппарқызы науқастардың жағдайымен жеке және жете танысып шығатын жан екен. Әрбір науқасқа дем бере сөйлеп, олардың үмітін оятып, аурумен күресуге күш беретін, сөйтіп дертті жеңіп шы­ғуға жетелейтін дәрігер екеніне өзіміз куә болдық.

 

Мұндағы медицина қызметкер­леріне тәулік бойы тыным жоқ. Мақтаарал, Төлеби, Сарыағаш аудандарынан да науқастар келіп жатты. Арасында қырық жастан енді асқан, елуді жаңа ғана бағындырған жандар да бар. Шынын айтқанда, бұрын инсульт көбіне жасы ұлғайған адамдарда байқалатын. Әкем ем алған он күн ішінде біз бұл дерттің қатты жасарып кеткенін байқадық. Ал Айгүл Әбдіғап­пар­қызы бас­таған инсульт бөлімінің дәрі­герлері мен мейірбикелері күн-түн демей тік тұрып қызмет етеді: қозғала алмайтын науқастарды жас балаша тамақтандырып, дәрісін ұнтақтап ішкізеді. Қол-аяқтан жан кеткен жандарға аса қажет емдік массаж бен емдік дене шынықтыру жасатады.

 

Ауруханадағы науқастарға жасалған жағдай да көңілден шығады: арнайы «ходуног», әр кереует жанында қозғалтуға қолайлы дөң­гелекті тумбочка дайын. Шағын жарық, шақыру дабылы да науқастарға жақын жерге қойыл­ған. Тек дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындап, күш-жігеріңді тезірек сауығуға жұмсасаң болғаны.

 

«Жақсы дәрігердің сөзі де ем» деген рас екен. Облыстық клиникалық ауруханадан шыққан соң, сәуір айында біз әкемді ары қарай емделу үшін Шымкент қаласындағы «Әсем» деп аталатын емдеу орталығына жатқыздық. Инсульт алған адамның толық қалыпқа келуі үшін өте көп уақыт және ұдайы ем керек қой. Мұндай диагнозда жүйке талшықтарын тітір­кендіре ояту үшін әсіресе ине терапиясының орны бөлек. «Әсем» емдеу орталығында тап осы терапия түрі бар екен. Онда емдік массаж, ине терапиясы, электрофорез, парафин сынды денсаулықты түзетуде көмегі өте көп ем шаралары жасалады. Бұл орталықтағы жоғары санатты дәрігер, терапевт Қосмағанбетова Бағила Темірханқызына да айтар алғысымыз шексіз.

 

Рахмет сіздерге, абзал жандар!

 

Самат САҒАТҰЛЫ.

Сайрам ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ