Садақа бәле-жаладан сақтайды

16.02.2018
Қаралды: 376

Египеттік бір кісі айықпас ауруға шалдығып, өз елінде ем қонбаған соң Еуропаға, Германияға диагностикалық орталыққа емделуге келеді. Қабылдауында болған дәрігер аурудың қауіпті ісік екенін ескертіп, ота жасауға келісімін алады.

 

– Еліңе бір аптаға барып кел, отаны келген соң жасаймыз, – дейді.

 

Жігіт еліне қайтып, ауруы мен ота жайлы үй ішіне айтады. Бұл хабар үй ішіне ауыр тиеді.

 

Әлгі кісі бір дәмханаға бас сұғып, кофе ішеді. Қарама-қарсы бетте қасапшының дүкені бар екен. Дүкеннің алдында бір кейуана жерге түскен, шашылған қима еттер мен сіңірлерді теріп жүреді. Оны байқаған жігіт кейуананың жанына келіп:

 

– Апа, не істеп жүрсіз? – деп сұрайды. Жауап жоқ. Екінші рет сұрағанда ғана кемпір:

 

– Не жұмысың бар? – деп жауап қатады. Жігіт қоймастан қайта-қайта сұрай берген соң, кемпір амал жоқ жауап береді. Сөйтсе кемпірдің үйінде шиеттей бала-шаға бар көрінеді. Ұлы мен келіні жол апатынан қайтыс болыпты. Бас болар ешкім болмаған соң күнделікті ішіп-жемді кемпірге табуға тура келеді. Әлгі теріп жүрген еттің қалдықтарын немерелеріне қайнатып береді екен.

 

Мұны көрген жігіт қасапшыға келіп, кемпірге ет алып береді. Сосын қасапшымен келісіп, күнделікті ет алып тұруын қамтамасыз етеді. Балалар кәмелетке толғанша деп келіседі. Жігіт:

 

– Егер мен өлсем, үй үшім кепіл болады, мен қарама-қарсы үйде тұрамын, – деп айтады. Үйіне барған кезде әйеліне айтып тағы да пысықтап қояды. Осылайша өлім аузында тұрғанын біліп жүрген жігіт садақа жасайды.

 

Қуанышы қойнына сыймаған кемпір үйіне асығып келеді. Үйге ет алып келгеніне немерелері де қуанып қалады. Үлкен немере қызы келіп:

 

– Әже, мұны кім берді? – деп сұрағанда:

 

– Бір мұсылман, бір мұсылман, – деп көзіне жас алады.

 

Өз бөлмесіне кіріп, кішкене қыз алақанын жайып былайша дұға етеді: «Раббым, біз ата-анамыздан айрылдық. Бізге көмек берген кісінің балалары ата-анасынан айрылмасыншы. Оларды жетім қылмашы...» (Бұл дұға жайлы жігіт еліне келіп, кемпірге қайта жолыққанда білген екен).

 

Апта өтіп, жігіт Германияға қайта келеді. Дәрігер қайта бақылау жүргізіп, толық тексерген соң:

 

– Сен өткен аптада Египеттен келген адамсың ғой? – деп сұрайды. Жігіт:

 

– Иә, сол жігітпін, – деп жауап береді. Көзі шарасынан шыға жаздап, сұрақты жаудырған дәрігер ең соңында:

 

– Айтшы, немен емделдің? – деп сұрайды. Сол кезде түсінгендей болған жігіт:

 

– Не, мен ауру емеспін бе? – деп қуана айқайлап жіберді. Дәрігер:

 

– Өткенде анализдер қате болды ма, әлде жөндеп қарамадық па, бірақ не болса да сенде қатерлі ісік жоқ, – деп жауап береді.

 

Сол кезде жігіттің садақа бергені есіне түсіп, оларға Пайғамбарымыздың: «Садақа адамды түрлі бәле-жаладан сақтайды» деген хадисін айтады.

 

(Әлеуметтік желіден алынды).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ