Сауатсыз дәрігерлерде ұят бар ма өзі?

21.02.2018
Қаралды: 530

Биыл мектеп бітіретін қызымның сол құлағының асты – мойын тұсы ісіп кетті. Сол­қылдата ауырғанда қызым байыз таппайды. Ас-суды қойшы, ұйықтай алмайтын болды. Қызуы көтерілді. Емханаға бардық. Кезек күту мүмкін емес, бірден ақылы бөлімге өттік. Бізді ЛОР-дәрігерге жіберді. Ол мұрнын, құлағын, тамағын тексеріп:

 

– Гаймориті бар екен, соны емдейік, – деді.

– Алдымен мына ісікті емдейік те. Гайморит қазір мазалап жатқан жоқ қой, – десем иығын қиқаң еткізді.

 

Үш мың теңге төлеп, естіген жауабымыз осы болды. Одан шығып, тағы тура осынша ақша төлеп, аты мақтау­лы жекеменшік бір емханаға бардық.

 

–  Тәә-әәк, құлағы, мұрны таза, тамағы ауырмайды, – деді дәрігер.

– Білемін. Маған мына аурудың себебін айтыңызшы, – дедім мен.

– Рентгенге баруыңыз керек.

– Сонда себебі нақты анықтала ма?

– Ешнәрсе айта алмаймын. Одан анық көрінбесе УЗИ-ге түседі.

– Онда бірден УЗИ-ге барайық та? – дедім мен.

– Рентгенге түспейінше УЗИ-ге жолдама бере алмаймын.

– Ау, сіздің мұныңыз «Алдымен бірді басыңыз. Содан кейін екіні басыңыз» деген сияқты тірлік қой. Жаны қысылып, шырылдап тұрған жанды сандалтуға ұялмайсыңдар ма?! – деп ашуланып, шығып кеттім.

 

Ары қарай жүруге қызымның шамасы жетпеді. Үйге қайтып, жедел жәрдем шақырдық. Олар укол салды да, ертең емханаға барыңыздар деп қайтып кетті. Ертеңіне қалшылдап, қызуы көтеріліп, ұйқы көрмегеннен құлап қала жаздап тұрған қызымды таксиге отырғызып, диагностикалық орталыққа тарттым. Жолда ішімнен: «Мүмкін кешегі дәрігердікі дұрыс шығар, рентгенге түсіре салайыншы», – деп ойладым. Бірақ ол жақта:

 

– Рентгенге бірден жібере алмаймыз. Алдымен дәрігерге көрінуі керек, – деп, ЛОР-ға жіберді. Қабылдауы 3500 теңге екен. Ондағы дәрігер тағы да тамағын, мұрнын, құлағын тексерді. Маған қарай беріп еді:

– Таза-таза, білемін, бізді УЗИ-ге жіберіңізші, – дедім.

Бір жапырақ қағаз жазып берді. УЗИ-ға емес. Рентгенге! Оны алып, жүгіріп барсақ іштегі әйел:

– Кассаға ақысын төлеп, кезекке жазыласыз, – деді.

– Мен ақысын төлеп келейін, сіз түсіре беріңізші, – дедім ыңқылдағаны күшейіп, көзінен бырт-бырт жас шыға бастаған қызыма үрейлене қа­рап.

– Жоқ, кезек талонын көрсетесіз.

Асығып бірінші қабатқа түстім.

– Ертең келесіз, бүгінге жазылушылар толып қалған, – деді кассадағы қыз.

– Алдында адам жоқ, бос отыр ғой. Қабылдай салыңыздаршы. Қызым қиналып барады.

– Болмайды!

 

Бұлар басқа жақтан түсірген рентген қағазын қабылдамайды екен. Амал жоқ ертеңіне қайта бардық. Рентген таза шыққан соң УЗИ-ға жолдама берді. Оған түсіп, ақысын төлеп, оның ертеңіне қабылдайтын басқа дәрігерге кірдік. Соза беріп қайтейін, осылай қызым екеуміз бес емханаға бардық. 16.400 теңге жұмсадым. (Таңнан кешке дейін сандалып шаршағанымызды, таксиге кеткен шығынды қоя беріңіз). Бірақ ешқайсысы да аурудың себебін айта алмады. Ал бесінші күні қызымның сол жақ көзі жұмылмай, бадырайып ашық күйінде қалып қойды. Қасын да қимылдата алмады. Жылап-жылап, талып қалды. Осы кезде мен дабыл көтердім. Бар таныс-досқа хабарласып жүріп, бір дәрігер таптым-ау. Өте жақсы біледі деді. Қабылдауы 7000 теңге екен.

 

– Жалынамын, құлақ, мұрын, тамағын тексеремін демеңізші. Олар таза. Бес дәрігер тексерді. Міне қағаздары. Аурудың себебі басқада сияқты. Мүмкін лимфа түйіндері суықтаған шығар, – дедім мен оған.

 

Лимфа жайлы бұрын медбике болып істеген, қазір зейнеткерліктегі көрші апай айтқан болатын. Бірақ ол ауру себебін анықтайтын дәрігер емес, медбике ғана ғой. Сонда да жаным қысылғанда соның сөзі еске түсе кеткені.

 

– Сіз медиксіз бе? – деді маған «қымбат» дәрігер.

– Жоқ. Бірақ қызым тоғыз күн ұйқы көрмеді. Бір көзі... – дей беріп едім, дәрігер:

– Онда араласпаңыз. Білгіш болсаңыз өзіңіз емдеп алмайсыз ба? – деп шап ете қалды.

 

Ол да алдыңғы «пластинканы» қайталады. Қабағы түнеріп, үлкен бір парақтың алды-артына толтырып дәрі-дәрмек жазып берді. Үйге барған соң бір дәрісін ішіп еді, қызым содан 13 сағат тырп етпей ұйықтады. Оның ашық қалған жансыз көзіне қарап, мен қорқып жүрдім. Оянғанда шай-тамағын ішіп болған қызым келесі дәрісін ішкен соң:

 

– Аяқ-қолымнан жан кетіп барады, тағы ұйқым келді, – деді.

 

Сосын күдіктеніп, әлгі дәрінің нұсқамасын оқысам, масқара, қояншық, психоздарды тыныштандыру үшін беретін дәрі екен.

 

...Қысқасы, тоғыз күнгі азаптан кейін мен қызымды басқа дәрігерге апардым. Оны бір танысым тапты. Зейнеткерлікке шықса да жұрт үйіне іздеп бара берген соң шағын бір бөлмесін емдеу каби­не­тіне айналдыр­ған азамат екен. Жетпістің жартысын артқа тас­таған ағай:

 

– Лимфа түйініне суық тиген, қабыну бар, – деді. Осы кезде зейнеткерліктегі медбике апайдың сөзі есіме түсті. Басымда: «Бәрібір де бұрынғы мамандар жақсы біледі екен ғой, бұлардың көзі кетсе жағдайымыз не болмақ», – деген ой жалт етіп өтті. Қазір бұл ағай жазып берген уколдарды әлгі медбике апай салып беріп жүр. Тамақтағы ісік қайтты. Қызымның көзі баяу ашылып-жұмылатын болды. Қасына енді ғана жан бітіп келе жатыр. Егер дәрігерлер диагнозды дер уақы­тында анықтағанда, қызым осы күні толығымен жазылып кетер еді. Шығынды қоя беріңізші, сандалып жүргенде ауруы асқынып, адам өліп кетсе не болмақ? Ал Денсаулық сақтау министрі дәрігерлердің қателесуге құқы бар дейді...

 

Гүлжамал ОРМАНОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ