Ұнды байыту туралы не білесіз?

15.02.2018
Қаралды: 341

Қазіргі денсаулық сақтауда ең маңызды проблемалардың ішінде бірінші орынды теміртапшылықты анемия алады. Теміртапшылықты анемиямен жер бетінде 2 миллиардтан астам адам зардап шегетіні анықталған. Анемияның аясында жиі патологиялық жағдайлар байқалады. Ол ағзаның әлсіреуіне, онкологиялық патологиялардың дамуына, жұқпалы ауруларды тез қабылдау, қоршаған ортаның зиянды факторларына деген төзімділіктің төмендеуін туғызады. Жеке зерттеушілер теміртапшылықты анемияны өңеш обырының тәуекел факторы ретінде қарас­тырады.

 

 

Анемия іс жүзінде барлық аурудың, әсіресе тыныс алу жолдары мен қан айналым жүйесінің созылмалы ауруларын оятушы. Ол сондай-ақ ағзадағы микроэлементтер тапшылығы мен асқазан-ішек жолдарындағы шырышты қабаттың трофикалық бұзылыстарын нашарлатады. Анемия көбінесе темір, фолий қышқылы, В12 витамині және басқа да нутриенттер жетіспеушілігінің көрінісі болып табылады. Анемия әсіресе балалар мен әйелдер денсаулығына кері әсерін тигізеді. Балаларда ол физикалық даму мен танымдық қабілеттерінің бұзылысына, ал ересек адамдарда психикалық және физикалық қызметінің нашарлауы, инфекциялық ауру қаупінің жоғарылауы және басқа бірқатар мәселелердің бұзылысына себеп бола алады.

 

Ал енді бұл ауруға қарсы қалай күресуге болады? Қазақстанда нан және бидай ұнынан дайындалатын өнімдер ең жиі тұтынылатын тағамдар. Міне, оны темірмен және басқа да микроэлементтермен және витаминдермен байыту анемияның алдын алудың ең тиімді әдісі болып табылады. Осыған байланысты Қазақ тағамтану академиясы ұнды байытуға арналған – құрамына темір, мырыш, тиамин, рибофлавин, фолий қышқылы кіретін премикс шығарды. Осы мақсатта 2002-2007 жылдары Қазақстанда бидай ұнын байыту бағдарламасы енгізілген. Ұнды, өзге де тамақ өнімдерін құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 160-бабында да көрсетілген. Осы бапқа сай елімізде сатылатын барлық жоғарғы және бірінші сұрыпты ұн темір, мырыш, фолий қыш­қылы, ниацин, В1 және В2 витамині бар кешенмен құнарлануы тиіс.

 

Негізі бидайдың өзі В1, В2, В6, Е вита­миндері, темір мен цинктің қайнар көзі болып саналады. Бірақ оны өңдеу кезінде витаминдер мен минералдардың едәуір мөлшері жоғалады, темір құрамы 4 есеге кемиді. Міне, ұнды байыту осы шығынның орнын алмастырады және жоғарыда аталған жайсыздықтарға себеп болатын ауру салдарын жояды.

 

К. РУСТЕМОВА.

Әл-Фараби ауданы

Қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасы

басшысының орынбасары.

Шымкент қаласы.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ