Қолы шипалы Қалия

07.03.2018
Қаралды: 590

Өскемен қаласында тұратын бұл дәрігерді Шығыс өңіріндегі жұртшылық жақсы таниды. Сөзге тұйық болғанмен іске шебер Қалия Мұқитден (суретте) көп жылдардан бері талай науқасқа шипа дарытып, алғыс арқалап жүрген жан. Қалияға әсіресе түрлі тері ауруларынан зардап шеккен адамдар көп хабарласады екен. Ал дәрігер оларға өзі дәрі жасап беретін көрінеді. Емделушілер оның шынында да тиімді, тез әсер ететінін айтады. Сонд бұл қандай дәрі, оны біз Қ. Мұқитденнің өзінен сұрадық.

 

 

– Қалия, саламатсыз ба? Сізді тері ауруларына қарсы дәрі жасайды деп естідік.

 

– Ол рас. Маған экзема, псориаз жарасымен, денесінде қышыма, бөртпесі бар адамдар да емделеді. Оларға өзім дәрі жасап беремін. Оны күніне екі реттен 10 күн жағады. Сосын қажет бол­ған жағдайда емдік курсты қайталауы мүмкін. Ем барысын өзім бақылап отырамын. Көп адам 2-3 емдік курстан кейін толық жазылып кетіп жатыр.

 

– Ал ұзақ жыл жазылмай жүрген жаралар ше? Сіз жасаған дәрі ондай жағдайда әсер ете ме?

 

– 10-12 жылдық тері ауруынан да жазылып кетіп жатыр. Былтыр маған 45 жастағы Бақыт деген апай келген. Ол Өскемен қаласында тұрады. Экзема оның бетінде екен. Баста түрлі косметика, крем жағып жүрген ғой. Содан бет терісінде аллергия пайда болып, ол асқынып, соңы экземаға ұласып кетіпті. «12 жыл ішінде бармаған жерім қалмады» деген болатын. Менің де емдеп жазатыныма күмәнмен қараған. Ол кісі 7 күннен 5 емдік курс қабылдады. Қазір бетінде экземаның ізі де жоқ.

 

– Дәрінің құрамы жайлы айта аласыз ба?

 

– Дәрі ауру түрі мен оның асқыну сатысына қарай әркімге жеке-дара жасалады. (Көрмей-білмей, адамға сырттай дәрі жасап бере алмаймын). Кәдімгі вазелинге тиісті мөлшерде пенициллин қосамын. Сосын ағза жағдайына байланысты түрлі витамин араластырамын. Әрине, бәрі тиісті мөлшерде болуы керек. Оны таңертең және кешке жағады.

 

Бірақ тері ауруларын тек қана осы дәрімен кетіреді деу үлкен қателік. Мұндайда міндетті түрде бауырды тазалайтын система салынады. Негізі псориаз, экзема сияқты тері аурулары қан құрамы бұзылуынан басталады. Ішкі ыстық артқан кезде қан құрамы бұзылады. Ол бауырға әсер етеді. Сондықтан мұндай аурулар кезінде бауырды тазалау маңызды. Мен оны құрамында арқа жусан шөбі бар система құю ар­қылы тазалаймын. Оның көмегі өте көп әрі зиянсыз. Өйткені  ол таулы таза аймақтардан жиналған, жасалу технологиясы қатаң қадағаланған, мейлінше табиғи өнім. Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай дәрі жоқ екен. Оны мен Қытайдан алдыртамын.

 

– Өзіңіз де Қытайда оқығансыз, солай ма?

 

– Иә, мен Қытайда туып-өстім. Алтай қаласында тұрғанбыз. Жоғары білімді дәрігермін. Сонда 3 жыл дәрігер болып істедім. Ол жақта дәрі­герлер біздегідей жүрек, бүйрек, буын ауруларын емдеуші деген сияқты көп салалар­ға бөлінбейді. Өйткені адам ағзасы тұтас бір ілім. Яғни бір жерден басталған кесел асқына келе міндетті түрде ағзаның екінші бір мүшесіне әсер етеді. Сондықтан ағзаны тұтас сауықтыру дұрыс деп қаралады. Оны жалпы бөлім деп атайды. Мен осы жалпы бөлім дәрігерімін. Ал елге 2004-ші жылы көшіп келдік. Содан бері Өскемен қаласында өзімнің отбасылық емдеу-сауықтыру орталығында ем жасап келемін.

 

– Яғни барлық ауруды емдей бересіз.

 

– Әрине. Қолымнан келмесе оны ашық айтамын.

 

– Ем барысында қандай тәсіл­дерді қолданасыз?

 

–  Ең бірінші тамыр ұстау арқылы бүкіл ағза тынысын анықтаймын. Одан кейін науқасына қарай ине қоямын, лоңқа төңкеру әдісін қолданамын. Ине қою әсіресе буын ауруларына, бел шо­йырылуына, мойынға да (тартылуы, құрысуы, т.с.с.), қол-аяқ, буын ауруларына өте пайдалы. Ал лоңқа төңкеру негізінен суықтық өтуінен болған ауруларды емдеуде шипа береді. Мысалы, уақыт өте келе белді қозғалта алмай қалу, құйымшақ тұсы, жамбас, аяқ-қолы қақсайтын ауруларға, арқа сіресіп ауыр­ғ­анына осы лоңқа төңкеріледі. Бі­рақ бұл әдістерді тері аурулары кезінде қолдануға болмайды. Өйткені егер жарадан қан шықса ол көбейіп, не үлкейіп кетеді, ауруы асқынуы мүмкін.

 

– Қалия, елге оралып, халықпен етене араласып жұмыс істеп келе жат­қаныңа  он жылдан асыпты. Ел ішінде қандай ауру көбірек кездеседі?

 

– Бел шойырылуы, стресс, қан қысымы, қант диабеті, жүрек аурулары жиі кездеседі екен. Сосын 18-30 жас аралығындағы адамдарда қан аздық пен ас­қазан-ішек аурулары көп. Ал 30-40 жас­тағы азаматтарда бүйрек аурулары, рев­матизм жиі кездеседі. 40-60 жаста қан қысымы, жүрек, ми қан тамырларының тосылу аурулары көп.

 

– Емдеу курсы мен оның ақысы жөнінде айта кетсең.

 

– Ине қою күніне 2000 теңге. Лоңқа төңкеру – 500, система  – 3500 теңге тұрады. Диагностика жасаудың ақысы – 500 теңге.

 

– Емдеу кезінде ерекше есіңде қалған бір оқиғаны айтып берші.

 

– Асубұлақ ауылынан келген Бақыт апаны емдегенім есімде қалып кетіпті.  Ол кісі мүлде жүре алмайтын. Жасы 65-те. Менде 1 курс ем­делді. Яғни 7 күн. 10 күннен кейін қайта келіңіз деген­мін. Келген күні мені сыртқа шақырды. Алдына бара жатсам арбасынан түсіп, өзі жүріп келе жатыр. Бір жыл арбаға таңылып қалған адамның 7 күнде жүріп кеткені мен үшін үлкен жетістік, әрі қуаныш. Сондықтан мұндай жетістікке Бақыт апа екеуміз қоса қуанғанбыз.

 

– Осылай қуаныш сыйлап, алғыс арқалап жүре беруіңізге тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

Дәрігер Қалия Мұқитденге – 8-702-460-27-28 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ