Сізді не мазалайды?

17.01.2018
Қаралды: 1148

Желтоқсан айының соңында біз оқырмандардың сұранысына орай тағы да АЙРЫҚША АКЦИЯ ұйымдас­тыруға уәде еткен болатынбыз. Ол бойынша қазір бірнеше мамандармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұйыртса «Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандары өздерін мазалаған сұрақтарға мамандардан тікелей жа­уап алу мүмкіндігіне ие болатын күн алыс емес.

«Сізді не мазалайды?» айдарындағы алғашқы сауалдарға дәрігер, психолог Диля Амангелдіқызы (суретте) жауап береді. Қысқаша таныстыра кетейік, Диля Амангелдіқызы Ресей, Қытай, Тайланд, Үндістанда кәсіби білімін арттырып, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып дәстүрлі емес емдеу орталығын ашқан жан. Ол 20 жылдан бері үмітсіз деген талай науқасқа ем қондырып жүрген дәрігер.

Сұрақ: Сәлеметсіздер ме? Мен сіздерге атамның өтініші бойынша жазып отырмын. 2017-жылы ақпан айында атамның қан қысымы жоғарылап, ота жасалған болатын. Содан бері сол аяғы мен қолы жансызданып қалды. Бірнеше массаж түрлерін, көптеген ем қабылдаса да нәтиже болмай тұр. «Шипасын білетін адам табылып қалатын шығар», – деген үмітпен сіздерге хат жазуға мәжбүр болдық.  Егер кімде-кім осы аурудың емін білсе немесе осындай аурудан айыққан адамдар болса бізге хабарласса екен. Атам биыл 70 жасқа толады.

К. ШАЙГЕРЕЕВ.

Жаңақала ауданы,

Батыс Қазақстан облысы.

 

Жауап: Менің түсінгенім, бұл азаматта аяқ-қолдың жансыздануы инсульттан кейінгі отадан соң орын алған сияқты. Қан қысымының қаншалықты қауіпті кесел екенін осыдан пайымдай беріңіздер. Бұл азаматқа ағзасын толық қалпына келтіріп, қол-аяғына жан бітіру үшін өте ұзақ уақыт керек. Өйткені, қанша дегенмен, мидағы жүйке талшықтарының жұмыс істеу қабілеті істен шықты емес пе? Егер шексіз төзім мен асқан сабырлылық танытып, емделетін болса, әрине, емі бар. Сондықтан атай сары уайымға салынбасын, қайта ерік-жігеріп жанып, емді әрі қарай жалғастыра беруі тиіс. Емнен нәтиже жоқ деуге болмайды, батпандап кірген ауру мысқалдап шығатыны есте болсын.

Қол-аяқтың жансыздануы неден болады? Бастағы қан қысымы жоғары болуына байланысты сол жақ мишықтың жұмыс істеу қабілеті бұзылған. Одан ондағы  жүйке жүйе­лерінің тітіркенісі төмендеген. Бірақ бастың қан қысымы жоғары болғанмен қол-аяқтағы қан қысымы төмен болып, әрі жүйкеде тітіркеніс жоғалуына байланысты онда жансыздану орын алады.

Өз кезегімде мен атайға ем алу кезінде ине терапиясы, гирудотерапия (сүлік салу) және мануалды массажға басымдық беру керек деп санаймын. Яғни сүлік салу арқылы қан айналымын жақсарту көзделсе, мануалды массаж бен ине терапиясы жүйке талшықтарын тірілтіп, оның тітіркенісін, яғни жұмыс істеу қабілетін оятады. Құдайға шүкір, инсульттан, басқа жарақат салдарынан жансызданып қалған қол-аяққа жан бітіріп, оларды қайтадан қатарға қосып жатқан білікті мамандар бар. Сондықтан атай жүнжімесін, тек сабыр мен төзімін шыңдап, тиянақты әрі жүйелі ем қабылдауы керек. Тағы да айтайын, бұл ұзаққа созылатын ем.

...Өзіңіз, туысыңыздың өмірі, денсаулығына және басқа да мәселелерге қатысты сауалдарыңыз болса, оны біздің 8-778-987-12-21 WhatsApp байланыс желісіне жазып жіберіңіздер. Сауалдарыңыз жауапсыз қалмайды.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ