Мұсылмандарға оны емге қолдануға бола ма?

08.01.2018
Қаралды: 643

– Мұрат Жәнібекұлы, біздің тілшімізбен арадағы сұхбатыңызда сіз от терапиясының пайдасы жайлы айтып өттіңіз. Оның бойдағы суықты қуатын өте нәтижелі ем екеніне егжей-тегжейлі тоқталғаныңыз есімізде. Айтыңызшы:

1. Жан-жануарлардан алынған өнімдер, соның ішінде иттің майы, терісі суықтауға қарсы өте жақсы ем деп жатады. Ал мұсылмандарға оны емге қолдануға бола ма?

2. Иттің майы қандай ауруларға ем?

 

– Егер науқас адам көмек сұрап келсе, қандай да болмасын емнің түрін оның ұлтына, нәсіліне, жасына қарамастан, барлық жерде қолдануға болады. Ол адамның сеніміне байланысты нәрсе. Яғни ем жасау мәселесінде дін мен ұлтқа бөле-жаратын ештеңе жоқ. Бұл жерде басты міндет – емнің науқасқа шипасы тиюі қажет.

Біз – кәсіби халық емшілері ем ретінде қолданылатын жануарлардан алынатын өнімнің барлығын тексеруден өткізілген сенімді жерлерден алып пайдаланамыз.  Кім де болса оны қалай пайдалану керек, неге қосу керек, қандай науқасқа қолдану керек екенін білгені абзал. Ем кезінде қандай да болмасын жан-жануарлардан алынатын өнімдер қолданылатын болса, ол міндетті түрде тиісті санитарлық нормаларға сай келуі тиіс. Оның порциялық мөлшерін, санитарлық талаптарын қатаң қадағалау маңызды.

Тағы бір ескерте кететін нәрсе – емнің қандай түрі болмасын адам ағзасына пайдасы тиетін болса, оны діни көзқарасыма сай келмейді деп кәдеге асырмау, емнен бас тарту дұрыс емес.  Адамның өмірі – денсаулығы таразыға салынған тұста жаның үшін керекті нәрсенің бәрін ем үшін пайдалануға болады.

Ал енді жан-жануарлардан алынатын өнімдер ішінде иттің майына тоқталатын болсақ, ол көбіне көкжөтелге, өкпе ауырғанда, іш қатқан уақытта, буын-тірек ауруларына, басқа да көптеген кесел кезінде қолданылады. Мұның да ішу, қолдану нормативтері, ережесі бар. Ол қатаң қадағалануы шарт. Себебі қандай да болмасын бір сұйықтық, оның ішінде майға қатысты нәрсе біздің бауырымызға – ағза мүшелері ішіндегі ең үлкен секрециямызға кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан оны қолданар алдында өте абай болған абзал. Анық дәлелденген, сынақтан өтіп, іс-тәжірибеде қолданылған емдерді қолдансақ жақсы.

Мүмкіндікті пайдалана отырып «Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандарын алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қажымас қайрат және де мықты денсаулық тілеймін!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ