17 түрлі ауруға шипа екен

08.01.2018
Қаралды: 788

Күн суықта ыстық пеште қазы мен қартаны қатар қайнатып, сүрленген соғымнан ет асып жеу қай қазақ шаңырағына да жарасады. Осы жылқы етінің денсаулыққа пайдасы ерекше екен. Оқып көріңізші:

Жылқы етінің ең басты қасиеті – жүрек, қан-тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауына, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері мол. Оның ағза жасушаларын жаңартып отыратын қасиеті де дәлелденген. Яғни ол қартаюды тежейді деген сөз.

Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе бауыры темірге, А1, В2, В12 витаминдеріне бай екен. Дегенмен оны мұздатқышта сақтағаннан гөрі, сүрлеп сақтаған әлдеқайда пайдалы екен.

Шетелдік зерттеуші-дәрігерлер еттің ішіндегі ең пайдалысы – жылқының еті екендігін, жылқы майының адам ағзасында ешқашан тұнбаға түспейтіндігін анықтады. Олар жылқы етінің 17 түрлі ауруға ем болатынын зерттеп білді. Мысалы, жылқының жүрегін жиі жеу ми қызметін жақсартады екен. Ол мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді. Мамандар жылқы етін, әсіресе миын тұрақты түрде жеу мидың ұзақ уақыт «мүлтіксіз» қызмет көрсетуіне септігін тигізеді дейді.

Шипа болуы үшін жылқы етін жеудің де тәртібі бар көрінеді. Мысалы, сүрленген етті әбден пісіріп, сүтпен бірге қабылдау бүйрек пен несеп жолдарына оң әсерін тигізеді. Ал ұмытшақтыққа жылқы жүрегін қуырып жесе пайдалы. Етін және майын біршама ұзақ уақыт лайықты мөлшерде тұтынса, холестеринді төмендетіп, қан қысымының жоғарылауын тежейді. Ол жүрек аурулары үшін де пайдалы.

Мына жайға назар аударыңыз: ілгеріде жылқы еті жуылған суға қыз-келіншек басын жуған екен. Бұл шаштың берік болуына, оның түсіп, қурап кетпеуіне сеп болатын бірден бір «табиғи бальзам» болған. Бұл су таз, теміреткі салдарынан ағарған шашты қарайтады. Осы сумен бастан-аяқ жуыну тері ауруларынан арылтады, белсіздіктен құтқарады екен.

Ертеден келе жатқан тағы бір ем: бүйе шыққанда уытын қайтару үшін атты қатты терлетіп, ер-тоқымының ішпегіне сіңген терді суға жуып шығарып алып, тыныстай алмай қатты қызып, күйіп-жанып жатқан адамға даярланған судан бір шыны ішкізеді. Осылайша жалғастырып бірнеше шыны ішкізсе, дене қызуы қайтып, науқас тынышталады. Және аттың терісіне шүберекті шылап, жараға тартады. Яғни аттың тері де шипа деген сөз.

Олай болса, бұл ем-шаралар да жадыңызда жүрсін!

Е. ЕРКЕЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ