Ағзаның биологиялық ырғағы жайлы не білесіз?

21.12.2017
Қаралды: 756

Адам ағзасы өзінің ішкі биологиялық ырғағымен жұмыс істейді. Оған Күн, Ай сияқты сыртқы факторлар, жұмысы, тағы басқа әлеуметтік факторлар әсер етеді. Ал биоырғақтың қалыпты жүруін бастағы эпифит, гипоталамустағы және жүректегі ішкі хронометрлер басқарады. Биоырғақ түрлі факторлар  әсерінен өзгеріске ұшырап та отырады.

Әр сағаттың да өз әсері болады

Мысалы, таңғы сағат 4-5-тің ке­зінде ағза ұйқыдан оянуға дайындала бастайды. Сағат 5-тен мелатонин бөлінеді. Қан құрамында бел­сен­ділік гормондары – кортизол, адрена­лин, сондай-ақ гемоглобин мен қант көбейіп, тамыр соғысы жиі­лейді, тыныс алу тереңдей түседі, қан қысымы артады. Жарықтың, жылу мен үн-дыбыс, шудың әсерімен бұл құбылыстар күшейе түседі.

Ал таңертең 7-8-дерде «үкілер­де» бүйрекүсті бездерінен кортизолдың бөлінуі шегіне жетеді. («Бозторғайларда» бұл сағат 4-5-те, ал бас­қа хронологиялық түрлерде 5-6-да бас­талады).

Бұл кезде (8-9-дарда) ұйқыдан тұ­рып, дене жаттығуларымен айналыс­қан, таңғы асты ішкен дұрыс. Бұдан кейін адамның жұмысқа қабілеті, есте сақтау қабілеті артады. Сағат 9-11-дің аралығында иммунитет артады. Сағат 11-ге дейін ағза қуатқа мол. Ал 12-ге қарай оған түсетін салмақты азайту керек. Бұл кезде ми белсенділігі төмендейді, қан ас қорыту жолдарына көбірек барады. Қан қысымы, бұлшық ет тонусы бір­тіндеп төмендейді.

Сағат 10-15 аралығын түскі тамаққа, сосын аздап тынығып алуға жұмсау керек. Сағат 3-тен кейін есте сақтау қабілеті артады. (Бұл кезде спортпен айналысқан да ти­імді). Ал сағат 16-19 аралығында интеллектуалдық белсенділік артады.

Кешкі 7-ден кейін ас ішпеу керек. Бұл кезде ми әлі де белсенді. Таза бал сияқты көмірсулы азық тыныш ұйықтауға жағдай жасайтын серотонинді көп бөледі. Бұл кезде психикалық ахуал тұрақтанады. Ал кешкі 9-дан кейін қан құрамындағы ақ түйіршіктер көбейеді, иммунитет артады, жасушалардың жаңаруы жалғасады. Бұл кезде (8-9-дың арасы) жеңіл гимнастика, серуен (тза ауада) пайдалы.

Ал кешкі 9-дан кейін ағза ұйқыға дайындала бастайды. Дене температурасы төмендей береді. Бұл кезде иммунитет жоғары, ол түнде ағзаны қорғауға сақадай-сай. Яғни 22-де ұйқыға жатқан дұрыс.

Түннің бірінші жартысында ұйқы баяу жүреді, бұл кезде  жасушалар кө­бе­йіп,өседі, ағза ұлпалары жаңарып, жасарады. Сағат 2 мен 4-тің арасын­да­ адам терең ұйқыға кетеді. Бұл кезде дене қызуы, кортизол мөл­шері төмен, ал ағзада мелатонин көп.

Ұйқының пайдасы

Адам ұйқыға нақты бір мезгілде жа­тып, ұйқыдан да нақты бір уақытта тұрып үйренгені абзал. Әсіресе ұйқының алғашқы 4-5 сағаты (терең ұйқы) адам үшін аса маңызды. Адам төсекке жатқасын 5-15 минут ара­сын­да ұйықтап кетеді. Ал ұйқы келмесе, ұйқысыздық мазаласа, онда тө­сек жайлылығына мән беріңіз. Ыңғайлы жатып, көзді жұмып, ештеңе ойламай (мидың белсенділігін басып), тыныс алуға немесе табанның ішкі жағына назарды аударып жатса, адам тез ұйықтайды. Бұл кезде дененің қалыпты қызуы біршама төмендеген болса, жақсы. Сонда адам тез ұйқыға кетеді, қалыпты ұйықтайды. Ұйқыдан таңғы 6-дан ерте тұрмаған дұ­рыс. (Бұл кезде дене қызуы артып, тез оянуға мүмкіндік береді). Оқыс дыбыстардан, құлаққа жағымсыз әсер ететін жай­лардан оянбау үшін тиісті шаралар жасап қойған жөн.

Кешкі асты ұйқыға жатардан 2-3 са­ғат бұрын ішкен дұрыс. (Ашқарын­ға ұйықтаған дұрыс болмайды). Ал жатар алдында бөлмені желдетіп қой­ған дұрыс, сонда оттегі жет­кі­лік­ті болады, бас ауырмайды. Ұйқы тынышсыз болып, үрейлі нәрселер түске еніп мазаласа бұл бракардия (жүрек-қан тамырлары қалыпсыздығы – арит­мия, тамыр сағысының баяулауы) әсері болуы мүмкін. Оған қорылдау, апноэ себеп болуы да мүмкін.

Егер де ұйқыға қажет уақыт же­тіс­пейтін болса, түнгі 10-11 мен 3-4-тің арасын қамтып қалуға тырысу керек. Бұл аралықта ми, дене, күш-қуат, эмоциялық күй қалпына түседі.

Қыста жаздағыдан жарты сағаттай артық уақыт ұйықтаған дұрыс. Адам үнемі ұйқысы қанбай жүрсе тез қартаяды. Қатты ұйқы келгенде ұйықтауға мүмкіндік болмайтын жағдайлар көп кездессе, ол қауіпті – ішкі ағзада өзгерістер туындап, асқазан жарасы сияқты аурулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан қалыпты ұйқының маңыздылығын ешқашан естен шығармаған абзал.

Көлік жүргізушіге кеңес

Осы орайда көлік жүргізушілері мынадай жайларды есте ұстағаны абзал:

- Ұйқының қанбай жүруі қауіпті. Өйткені ол кез келген уақытта қалғып кетуі мүмкін.

- Кешкі 22:00 мен таңғы 04:00 арасында адамның жауап реакциясы төмендейді. Оқыс оқиғаға ұрынып қалмас үшін  осы кезде аса сақ болу керек. Ең дұрысы – бұл кезде ұйықтап алу керек.

- Адамның жұмысқа қабілеті артатын уақыт – сағат 10 мен 7-нің арасы.

- Жалпы таңғы 9 бен кешкі 6 арасында белсенді жұмыстармен айналысуға болады. Бірақ ағзаға тым артық салмақ түсірмеу керек.

- Түстен кейін адамда аздап депрессия болады. Мұндайда түскі тамақтан соң 10-15 минут тыныққан, мүмкін болса, 1,5 сағатқа жет­пейтін уақыт ұйықтап алған пайдалы. Бұдан көп ұйықтауға болмайды. Әйтпесе адам тағы да депрессияға ұрынады. Сағат күндізгі 1-дің шамасында түскі асқа асығу, одан кейін сағат 3-ке дейін түстен кейінгі депрессия болатынын ұмытпау керек.

- Адам ішкі хронометріне байланыс­ты тәуліктің әр мезгіліндегі бел­сенділігіне қарай таңғы («бозтор­ғай»), күндізгі («көгершін») және кешкі («үкі») типтерге бөлінетінін ұмытпау керек. Осы типтің қайсысына жатасыз? Мысалы, «үкілердің» түнгі бел­сенділігі оларда инфаркт қаупін күшейтеді, олардың жүрек-қан тамырлары ертерек ескіреді.

...Қысқасы, ішкі биоырғақ жөнінде, оған ненің пайдалы, ненің зиян екенін әрдайым есте ұстаған абзал. Әсіресе уақтылы, толыққанды ұйқыға мән беріңіз демекпіз.

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ