Алғыс арқалаған ұжым

04.12.2017
Қаралды: 277

Жақында денсаулығыма байланыс­ты Шымкент қаласындағы Ардагерлер үйінде ем алған едім. Бас-аяғы он күнде батпандап кіріп, бойды дендеп алған дертімнен арылып, қуанып қалдым. Осы себепті «Ауырмаңыз!» газеті арқылы Ардагерлер үйі қызметкер­леріне деген ризашылығымды біл­дірсем деп едім.

Егер маған «Жанымызда жүрген жақсы емдеуші дәрігер кім?» деген сұрақ қойылса, ең алдымен бас дәрігердің көмекшісі Ділдабаев Мұхтар Жүрсінбекұлын атайтын едім. Денсаулығымды түзеуде Еркінбекова Айгерім Құралбекқызының да үлесі зор.

Жалпы, Ардагерлер үйінде әрбір келушіге жайлы жағдай жасалған. Жасы келген, әрі денсаулығы сыр берген адамдар үшін жылы бөлме, жайлы төсек-орын, асқазанға күш түсірмес, әрі дәмді ас-ауқат қашанда әзір. Ал дә­рігерлер жылы сөзімен, мейірімді жүзімен-ақ емдейді десем артық кетпеспін. Жағдайыңды сұрап, қай ем түрін қабылдағаным дұрыс болатынын ыждағатпен түсін­діреді. Мұнда қан қысымы жоғары адамдар, буыны ауыратын, бауыр-бүйрек кеселімен келгендердің әрқайсысы ем алып қана қоймай, демалып, әрі рухани сергіп қайтады. Бір жақсысы, мұнда демалушылардың денсаусылығын тек­серіп, дертін анықтайтын, әрі түрлі ем жүргізетін арнайы мамандар, бөлмелер, терапия түр­лері бар. Яғни кеселіңіздің емін іздеп өзге облыс, шет мемлекет асудың керегі жоқ. Шымкенттегі Ардагерлер үйінде ем алушылар бұл ұжымға өте риза. Сондықтан мен бұл ұжымға «Еңбектеріңіз жансын, арқалағандарыңыз алғыс болсын!» дегім келеді.

Әшірберді БАТЫРБЕКОВ.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ