Коронавирусқа қарсы вакцина: Қазақстан ғалымдарының алғашқы нәтижелері қандай?

21.04.2020
Қаралды: 1065

Соңғы кездері коронавирус инфекциясының әлем елдерінде кеңінен таралуы жағдайында вакцина әзірлеу өзекті тақырыптардың біріне айналды. Күн сайын ғалымдардың бұл бағыттағы оңтайлы қадамдары жайында әлемдік БАҚ жарыса жазуда. Бұл бағытта Қазақстан ғалымдары да зерттеу шараларына белсенді түрде кірісіп кетті. Осы орайда Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Леспек Құтымбетов мырзаны әңгімеге тартудың сәті түсті.

 

- Леспек Бекболатұлы, бүгінде CoviD-19 індетіне қарсы препараттар әзірлеу өзекті екені белгілі. Коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу қазір қандай кезеңде тұр?

 

- Біздің елде CoviD-19 атты коронавирус ауруы алғаш 13 наурызда тіркелді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дүниежүзілік пандемия жариялауына байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы індетке қарсы вакцина даярлауды еліміздің вирусология саласында арнайы мамандандырылған ғылыми қауымдастығына Білім және ғылым министрлігі арқылы тапсырды. Білім және ғылым министрлігі таңдай келе, вакцина жасауды 16 наурыздағы хаты арқылы үлкен екі мекемеге бағыттады, олардың біреуі біздің институт болса (Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты), екіншісі – Ұлттық биотехнология орталығы. Тапсырыс берілген күннен бастап аталған екі ғылыми орталықтың мамандары арнайы ғылыми-зерттеу бағдарламасын даярлап, 23 наурыздан бастап зерттеу жұмыстарын бастап кетті.

 

Қойылған сұраққа сай айтар болсам, өткен 3 аптаның ішінде біздің мекемеде аурудың қоздырушы «SARS-CoV-2» атты вирусын зарарланған адамдардың ағзаларынан арнайы жасушаларды бөліп алып, зертхана жағдайында оның биологиялық қасиеттері мен геномдық құрылымдары анықталып жатыр.

 

Тапсырма берілген екі ғылыми-зерттеу мекемесі Мемлекетік бағдарлама бойынша 3 векторлық және 1 суббірліктік немесе ақуыздық вакцина даярлайды. Біздің мекеме соның ішіндегі 2 векторлық және 1 ақуыздық вакцина құрастырады. Аталған вакциналардың барлығы - генетикалық инженерлік әдістермен жасалатын құрылымдар. Қазіргі кезде біздің ғалымдар вакцинаның тасымалдаушы негізі болып келетін «векторларды» даярлап, оларды көбейтуші биологиялық субстраттарға бейімдеп жатыр. Егер кезеңмен санасақ, вакцина әзірлеу өзінің алғашқы сатысында деп есептеуге болады. Әрине, әр вакцинаны даярлаудың өз технологиясы болады және ол технологиялардың даярлайтын вакцинаның түріне байланысты кезеңдерінің уақыты әртүрлі болады.

 

- Вакцинаны әзірлеуге қанша адам жұмылдырылды?

 

- Жоғарыда айтылғандай, аталған вакциналарды даярлау 2 мекеменің ғалымдарының күшімен құрастырылады. Қай ауруға болмасын вакцина даярлау - күрделі әрі жауапкершілігі жоғары процесс. Даярланатын вакцина түбінде адамға егіледі, сондықтан оның әрбір қырына мұқият көңіл бөліп, қолданған жағдайда оның залалсыз болуын және ауруға қарсы мықты иммунитет тудыруын қамтамасыз ету керек. Вакцина даярлау - көпқырлы, кешенді әдістемелерді қолдануды талап ететін ғылыми-ізденістік жұмыс. Соған орай тапсырыс алған екі мекеме өздерінің ең таңдаулы, жоғары дәрежелі ғалым мамандарын осы тапсырманы орындауға жұмылдырып отыр. Ізденіс, зерттеу, құрастыру, сынау жұмыстары екі институттың бірнеше зертханасының көлемін қамтиды. Бұл вакциналарды даярлауда біздің институтымыздың шамамен 80 пайыз ғалымдары өз үлесін қосады.

 

- Қазір қандай нәтижелер туралы айта аласыз? Вакцина дайын болуы үшін шамамен қанша уақыт керек?

 

- Қазіргі кезде ауру адамдардың биологиялық сынамаларынан репродуктивті вирус маймыл ағзасынан алынған арнайы жасуша өсіндісінде бөлініп алынды және ол қоздырушының биологиялық, генетикалық қасиеттері зерттелу үстінде. Вакцина даярлауға арқау болатын векторлар таңдап алынып, оларды жасуша өсінділерінде көбеюге бейімдеу жүргізіліп жатыр.

 

Келесі зерттеу сатысында векторлардың гендік құрамына SARS-CoV-2 бөліп алынған ауру тудырғыш вирустың алдын ала сарапталған, иммунитет тудырғыш арнайы гендері енгізіледі. Бұл жұмыс қатерлі вирустың иммунитетті қоздыратын ақуыздарын туындататын гендерін анықтап, бөліп алғаннан кейін жүргізіледі.

 

Атап айтқанда, вакциналар бірнеше топқа бөлінеді және әр вакцинаның даярлау жүйесін (технологиясын) құрастыру, сондай-ақ сол жүйемен даярлау әр түрлі уақыт алады. Мысалы, тірі вакцинаның даярлау жүйесін құрастыру үшін бірнеше жыл уақыт керек, ал «өлтірілген» немесе инактивтелген вакцина түрінің даярлау жүйесін анықтау бірнеше айды ғана қажет етеді. Қазіргі таңдағы генетикалық инженерлік вакциналарды (векторлық, ақуыздық, геномдық) құрастыру үшін, яғни қажетті құрамалары мен техникалық жабдықтары даяр болған жағдайда, бірнеше айдың өзі жеткілікті. Бірақ, күнделікті зерттеу тұрғысында, барлығы ойдағыдай немесе жоспарлағандай бола бермейді. Бұл жұмыстарда дұрыс нәтижеге жету - ізденуші ғалымның, оның көмекші, қолдаушы әріптестерінің іскерліктері мен білім-тәжірибелеріне байланысты.

 

- Вакцина дайын болса, сынақ жүргізу мерзімі қанша уақытқа созылады, яғни адамдарға оны егу шаралары қашан басталуы мүмкін?

 

- Дайын болған вакцина күнделікті өмірге ену үшін бірнеше сатыдан тұратын сынақтардан өтуі қажет. Ол талап, ереже - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидасы. Вакцина алдымен зертханада зертханалық жануарларды қамти отырып тексеріледі. Тексерістің барлығында алдыңғы жолда вакцинаның залалсыздығына аса қатты назар аударылады. Екінші ретте оның ауруға қарсы туындататын иммундық қорғау қабілетіне көңіл бөлінеді. Әрине, бұл дәрі-дәрмектің негізгі қасиеті. Сондықтан вакцинаны жарыққа шығару мүмкіндігі осы негізгі қасиетінің басым болуына байланысты.

 

Зертханалық сынақтан өткен вакцина «клиникаға дейінгі» деп аталатын тексеріске түседі. Бұл сынақта зертханалық жәндіктер, жануарлар, оның ішінде маймылдар қамтылады. Ұйымдастыру мәселелері кедергісіз болса, бұл сынақ 2-3 ай уақыт алады.

 

Осы сатыдан өткен вакцина «клиникалық» деп аталатын негізгі сынаққа түседі. Бұл сынақ түрінің өзі бірнеше деңгейден (біріншіден төртіншіге дейін) тұрады да, еріктілерге сынақ өткізіледі. Әр деңгейдің ерекшелігі - вакцина тексерісіне қатысатын адам санына қатысты. Бұл сатының мерзімі де ұйымдастыру, қажетті құқықтық мекемелерден келісім алу жұмыстарының шапшаңдығына байланысты. Сатының әр деңгейі 2-3 ай уақытты қажет етеді. Төтенше жағдайда, қазіргі мына пандемияны осы төтенше жағдайға жатқызуға болады деп санаймын, арнайы құзырлы органдар клиникалық сынақтардың деңгейлерін қысқартып, вакцинаны жаппай қолданысқа енгізуіне болады.


- Осы бағытта вакцина әзірлеу шараларында ғалымдарға жағдай жасалған ба? Ғалымдар қажетті құрал-жабдықтармен қаншалықты қамтамасыз етілген?

 

- Негізінде, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты үлкен елді мекендерден алыс орналасқан. Сондықтан мекемеде аса қауіпті ауру қоздырушыларымен жүргізілетін жұмыстардың зияндығын алдын алу жеңіл болады және қоршаған ортаға қаупі жоқ. Ғалымдардың тиімді жұмыс атқаруларына барлық мүмкіндік бар. Еліміздегі вирусология саласындағы барлық білікті мамандар және Ресейдегі кейбір атақты ғалымдар - осы мекеменің түлектері.

 

Мекеме қызметкерлері қала типті елді мекенде көпқабатты үйлерде тұрады. Институттың өз емханасы, жастарға арналған жатақханасы бар. Институттың спорттық ойын-сауық өткізетін, арнайы футбол, волейбол ойнайтын алаңы бар.

 

Зертханалар барлық қажетті техникалық жабдықтармен, құрал-саймандармен қамтамасыз етілген. Әрине, зертханалық жабдықтардың ескіргендері де аз емес. Оларды жаңалау үшін биыл мемлекетіміз біршама қаражат бөліп отыр.

 

Коронавирус қоздырушысымен зерттеу жұмыстары қауіпсіздік ережелерін сақтауға арналған биологиялық қауіпсіздігі 3-ші деңгейді құрайтын арнайы зертханада жүргізіледі. Зерттеушілердің денсаулығына зиян келтірмес үшін, олар қорғаныс киімдері мен арнайы құрал-жабдықтарды пайдаланады.

 

- Леспек Бекболатұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

 

Inform.kz.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ