Антисептикті өзіңіз де дайындай аласыз

25.03.2020
Қаралды: 643

Мамандар жұқпалы вирус түшкіру мен жөтелу кезінде ғана емес, қол алысып амандасудан, тіпті ақшадан да жұғатынын айтып жатыр. Сол үшін қолма-қол есеп айырысуды тоқтатып, карталық төлем жүйесіне көшуді ұсынуда.

 

Дегенмен жұрттың бәрі картамен есеп айырысуға дайын емес. Базардағы сатушылар, ауыл тұрғындары үшін бұл қолжетімсіз, қолайсыздық туғызатыны да түсінікті. Мұндайда қолды сабындап жуудан бөлек, жиі дезинфекциялап отыру маңызды. Ал антисептик табу қазір қиын шаруа болып тұр. Табылғанның өзінде бағасы қымбаттау.

 

Бірақ, абыржымаңыз. Антисептикті  қолдан жасауға болады. Бұл түк те қиын емес. Мынадай әдістер бар:

 

Бірінші әдіс – 14,5 миллилитр глицерин, 750 миллилитр изопропил немесе 800 миллилитр қарапайым спирт керек. (Спирт орнына күштілігі 70 градустан төмен емес алкогольдің 800 миллилитрін пайдалануға да болады). Оны 20 миллилитр дистилденген су және 42 миллилитр сутегі тотығына араластырасыз. Қолды залалсыздандыратын сұйықтық дайын.

 

Екінші әдіс – алоэ гелі (дәріханалық, 100 миллиграмм) және 160 миллилитр медициналық спирт қажет. Спирттің пайызы жоғары болғаны дұрыс. Екеуін араластырып, арнайы ыдысқа құйып қойсаңыз, күніне бірнеше рет қолды тазартып тұруға жарайды.

 

Үшінші әдіс – 1 ас қасық су, 5 ас қасық арақ, лаванда эфир майынан 5 тамшы, алоэ шырынынан 1 шай қасық және 5 грамм хлорогексидин. Бәрін араластырып, жабық ыдысқа құйып қойыңыз. Жарты сағаттан кейін қолды тазартуға арналған сұйықтық дайын болады.

 

Бұл Мәскеудегі Г.Гарбричевский атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Евгения Селькованың кеңестері. Вирусолог алдымен қолды сабындап жуып, антисептикті содан кейін қолдануға кеңес береді. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, онда құрамында спирт бар ылғалды майлықтарды пайдалану керек.

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ