Тұз ерітіндісі түрлі дертке шипа екен

22.01.2020
Қаралды: 329

Кәдімгі ас тұзынан жасалған ері­тіндіні қолдану арқылы бірқатар дерт­терден емделуге болады екен.

 

Бұл жөнінде Ұлы Отан соғысы кезінде дала госпиталінде жұмыс істеген бір медбике жазып қалдырыпты. Біле жүрген артықтық етпес деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Әлгі медбике соғыстан кейін тіс жегісі асқынып, тісінің түбірі іріңдеген кезде осы тәсілді қолданып, аурудан арылыпты. Сосын тұз ерітіндісін суықтағанда, басы ауырғанда өзіне қолдан­ған. (Мұндайда ұйқыға жатарда ерітіндіге шыланған таңғышты басына орап алады екен). Кейін ол бұл тәсілді холецистит, нефрит, ревмокардит, созылмалы аппендицит, буын ревматизмі, бурсит, остеомиелит, «укол» еккеннен кейінгі іріңді ісік, қанды ісік, көкжөтел, өкпедегі қабыну сияқты ауруларға қолданып көрген. Соның бәрінде де нәтиже оңды болып шыққан, яғни науқас дертінен көп ұзамай-ақ құтылған.

 

Мұның бәрі тұз ерітіндісінің сіңіргіштік қасиетіне, ағза ұлпалары мен тіндерінен патогендік зиянды нәрселерді сорып алатын ерекшелігіне байланысты екен. Тек таңғыш материал таза, еш­қандай да май, жақпа, спирт, йоды жоқ, ылғал жұтқыш, ауа өткізетін болуы шарт. Қолданыстағы, бірнеше мәрте жуылған сүлгіні пайдалануға да болады. Мұндай материалдар 4-ке, ал дәке қолданылса, ол 8-ге қабатталады.

 

Әлгі әйел көкжөтелмен ауыр­ған балаларды былай емдепті: Ұйқыға жатарда балалардың арқасына тұз ерітіндісін таңып берген. Сонда тынымсыз жөтел бір жарым сағаттан соң-ақ тыйыла бастаған. Осындай үш-төрт емнен соң балалар көкжөтелден құлантаза айығып кетіпті.

 

Осыны естіген емхана басшылары әлгі кісіден бетінде ракқа ұласып бара жатқан меңі бар әйелді емдеп көруді сұраған көрінеді. Қызарып, сұр-қоңыр сұйықтық бөле бастаған қалға ол тұз ерітіндісіне шыланған жапсырма қолданыпты. Содан көп ұзамай ісіктің түсі қуқылданып, оның көлемі кішірейе бастаған. Бұл емді бес-алты мәрте қолданған соң науқас дертінен операциясыз сауығып кетіпті.

 

Сондай-ақ омырау безі аденомасына шалдыққан жас қыз да ол кісінің кеңесімен тұз ерітінді­сінен ем жасап, дертінен сауыққан. Бір еркектің осы тәсілдің көмегімен қуықасты безінің ісігінен, бір әйелдің жатыр мойны ісігінен, тағы бір әйелдің тіпті аққандылық ауруынан айыққаны туралы да айтылады.

 

Ал «Ас тұзының гипертониялық ерітіндісі» деп аталатын бұл дәрмекті кез-келген фармацевтке жасатып алуға болады екен. Оны үй жағдайында жасау да қиын емес. Ол үшін 1 литр қайнатылған немесе дистильденген жылы суға (жаңбыр, қар суы да жарайды) бетімен бірдей етіп 3 қасық ас тұзын салып, араластырады. 9 па­йыздық ерітінді дайын. Бұл қоспаның пайыздық мөлшері 8-ден кем немесе 10-нан артық болмауы керек. Міне, осы ерітіндінің біраз бөлігіне мақта-матаны немесе дәкені 1 минутқа салып қояды. Сосын оны шығарып,  суы ағып тұрмайтындай етіп ақырындап сығады. Таңғыш ыстық болуы тиіс. Оны жарақаттанған немесе ауырған тұсқа қояды. Үстінен міндетті түрде аз ғана таза қой жүнін салу керек. Сосын мақта матамен немесе бинтпен таңады. Лейкопластырьмен жапсырып қойса да болады. Емге полиэтилен жапсырма қолдануға болмайды. Тұз ерітіндісін сондай-ақ компреске қолдануға да болмайды.

 

Бұл ем түнге қарай, ұйқыға жатарда жасалады. Таңертең таңғышты алып тастау керек. Ертеңіне емді тағы да қайталайды. Жағдайдың сипатына қарай ем бір аптаға, 10 күнге, кейде одан біршама ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

 

Гипертониялық ас тұзы ерітіндісі теріден ғана емес, омырт­қадан, ішкі ағза мүшелері мен тіндерінен де токсиндерді сорып алады, түрлі жұқпаларды өлтіреді екен. Оның ішкі қан кетуден, соққыдан болған ішкі-сыртқы жарақаттардан, ішкі ісіктерден, буын созылуынан, гангренадан, буын қалтасының қабынуынан және басқа да көптеген дерттерден айықтыратыны туралы айтылады.

 

Әлгі әйел холецистит ұстамасына емді былай жасапты: Науқас­тың бауыр тұсына – сол жақ омыраудан іштің көлденең сызығына және арқаға, омыртқаға дейін тұз ерітіндісіне малынған төрт бүктелген мақта мата таңған. (Қарын тұсында ол мықтырақ тартылады, себебі түнге қарай іш біршама босайды). 10 сағаттан соң таңғыш алынып, сусызданған, қоюланған өттің ішекке өтуі жеңілдеуі үшін оның орнына ыстық «грелка» басылған. Содан кейін-ақ науқастың ұстамасы қайталанбай кетіпті.

 

Өкпе дерттері кезінде (қан кетуден басқа) дәкені арқаға, аурудың шоғырланған тұсына тынысты тарылтпайтындай етіп таңады. Ал ішке ол түнде босап кетпестей етіп қыса тартылып таңылады.

 

...Міне, қарапайым ас тұзы мен судан жасалатын осындай да халықтық ем тәсілі бар екен. Қажеттілік туа қалғандай жағдайда қолданып көруге болатын сияқты. Әрине, бұл жөнінде дәрігермен кеңескен де артықтық етпес.

 

Г. ӘБЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ