«Жедел жәрдем» тез жетсін десеңіз...

19.07.2018
Қаралды: 119

Шілденің аптап ыстық күндерінде «Жедел жәрдемнің» жұмысы көбейетіні белгілі. Бұл саланың жұмысына көптеген жаңалықтар енгізілгені де аян. Дегенмен тұрғындар арасында кейбір түсінбеушіліктер де болып тұрады. Біз Шымкенттегі қалалық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Гүзәл Рафиковамен  осы және басқа да мәселелер жөнінде сұхбаттасқан едік.

 

– Гүзәл Ғалымжанқызы, жедел жәрдем көрсету саласына ендірілген ережені түсінбей жүргендер де бар. Осы жөнінде таратып айтып беріңізші.

 

– Жедел жәрдем шақыртқан науқастардың 4 санатқа бөлініп қаралатынын түсінбей жүргендер бары рас. Сондықтан әрқайсысына жеке тоқтала кетейін.

 

«103» нөміріне түскен шақырулар 4 санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа өміріне қауіп төнуі мүмкін, тез арада жәрдем көрсетілуі тиіс науқастар жатқызылады. Жедел жәрдем көлігі оған 10 минутта жетуі тиіс. Яғни бұған қандай да бір себеппен есінен танған, тыныс алуы, жүрек жұмысы тоқтап қалған, кеуде тұсынан ауырсыну сезінген, денесі құрысып-тырысып қалған, толық және толық емес салдануға ұшыраған, түрлі психозға ұшыраған, қан кеткен түрлі жарақаттар мен зақымданулар, қан кеткен тұйықталған (бас, мойын, т.б.) зақымдану, көлемді күйік алу немесе үсік шалуы, жәндік шағуы, қандай да бір хайуанат тістеуі, ток ұруы, қан құсу, ауыр босану және трансплантация үшін ағза мүшесін жедел жеткізуге жатады.

 

Жедел жетудің 2-ші сатысына жататын науқастарға жәрдем 15 минут ішінде баруы тиіс. Бұл санат бойынша жәрдем өміріне қауіп төнген адамға жедел жәрдем қажет болғада жіберіледі. (Теракт қаупі бар жерге шақыру, әрі қарай ушығуы мүмкін естен тану жағдайы, тыныс алудың бұзылуының сыртқы белгілері білінгенде, жүрек соғысының ритмі бұзылғанда, шок қаупі жоғары болса, 3 жасқа дейінгі баланың дене қызуы 38 градустан асса, қызу көтеріліп, дене бөртсе, қан кетуімен болған тұйық жарақат, улы заттармен уланып қалу, жүкті әйелдерде бас ауыруы, ұсу, іш өтуі салдарынан сусыдану қаупі туғанда).

 

Үшінші саты: қан кетусіз тұйық жарақат, іш ауыруы, дене қызуының жоғарылығы, басылмауы, көпшілік іс-шаралар ке­зіндегі кезекшілік, босану жүкті әйелдің іші ауыруы (бала тастау қаупі), балалардағы шек­теулі күйік немесе үсік жағдайлары осы санатқа жатқызылады. Жедел жәрдем жарты сағат ішінде жетуі тиіс.

 

Төртінші санатқа жатқызылатын жәрдем 1 сағат көлемінде жетуі тиіс. Созылмалы ауруы қозған немесе өткір дерт салдарынан жағдайы нашарлап тұр­ған, бірақ өміріне қауіп төнбеген адамдарға жіберіледі. Сондай-ақ терінің немесе теріасты жедел қабынбалы дерті, жеңіл жарақаттар (күйік, буын шығуы, те­рең емес жарақаттар, зақымдар), созылмалы дерттің салдарынан ауырсыну сезіну, тамақтан улану салдарынан құсу – іш өтуі арқылы жеңіл сусыздану, 12 аптаға дейінгі жүкті­лік кезіндегі әйелде болатын құсу, зәрдің бірден тоқтап қа­луы, зәрде қан білінуі, босанудан кейінгі қабынулар, ағзаға бөтен зат түсуі (тыныс жолдарынан басқа), алғаш­қы жәрдем немесе стационар қызметі керек болғандағы жағдайлар осы төртінші санатқа жатқызылады.

 

Жедел жәрдем шақырғандарға онда­ғы диспетчерлердің түрлі сұрақтар қоятыны осыдан. Яғни бұл науқасқа қандай бригаданы жіберуді шешу үшін керек.

 

– Қала тұрғындарына қанша бригада қызмет көрсетеді?

 

– Бізде 81 бригада бар. Емханалар мен жеке клиникалардың да өз жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына байланысты 1 бригада 10 мың адамға қызмет көрсетеді деп есептелген. Яғни бізде бригадалар жет­кілікті. Мәселе шақыртуларға байланыс­ты. Кейде біреулердің бригаданы бос­қа әуре ететіні болады: аса мазаламаса да кеңес алу үшін шақыртатындар кездеседі.

 

Кейде жұрт шақырту жасағанда диспетчер телефонды көпке дейін көтермейді деп жатады...

 

– Жыл басында біраз қиындықтар болды. Көше қозғалысы аса жиілеп кеткен кезде, шақырту болғанда тіркеуді сұрап, тіркелді ме деп, көлік жіберілді ме деп пысықтап, кеңес алу үшін хабарласатындар саны артқанда сондай жағдайлар болған. Қазір проблема жоқ. Жедел қызмет бөлімінде 15 диспетчер бар, «103»-ке интернет арқылы істей­тін 20 сандық желілер орнатылған, сондықтан жедел жәрдем қызметіне бірден түсу қиын емес.

 

– Жедел жәрдем жұмысына кедергі келтірмес үшін оны шақырушылардың нені ескергені жөн?

 

– Диспетчердің сұрақтарына дұрыс, нақты жауап бергені жөн. Мекен-жайын анық көрсе­туі керек. Оны дұрыс түсін­дірмейтіндер де бар, солардың кесірінен жедел жәрдем кешігетін кездер болады. Науқастың ахуалын шамалау мен шақырту санатын анықтау қоңырау соғушыға тікелей байланысты.

 

– «Жедел жәрдеммен» дәрігер емес, фельдшер келді деп рен­жи­тіндер бар.

 

– Бізде арнайы жабдықталған бригадалар бар: реаниматологтар, интен­сивті терапия, педиатрия, психиатрия, кардио-реанимациялық дәрі­герлер, фельдшерлер бригадалары. Олар бір-бірінің жұмысын атқара алады. Мысалы, реаниматолог керек болған жағдайда  ол шақыртумен науқасқа кеткен болса, фельдшерлер тобы барып, алғашқы көмекті көрсетеді, сосын реаниматологтарға өткізеді.

 

Осы орайда айта кетейін, кейбір шақыртулардың жағдайы тым қиын болмаса да ауруханаға апармады деп шағымданатыны бар. Бұл жерде жедел жәрдемнің кінәсі жоқ, ол арнайы нұсқама бойынша жұмыс істейді, яғни аурханаға жатқызылуы тиіс пациенттерге қатысты тәртіптері бар. Дәрігер жедел көмек шақыртушыны тексергенде оны ауруханаға жатқызу керек – керек еме­сіне қарай шешім қабылдайды. Нау­қастың немесе оның туысының  талабымен ауруханаға апарған жағдайда да ол жақтағылар тексеріп көріп, жатқызуға тиіс емес десе, босқа уақыт жоғалтады. Сырқаты тез арада ауруханаға жеткізіліп, жатқызылуы тиіс санатқа жататын науқас қана көлікпен ауруханаға жеткізіледі. Жұрт мұны түсінуі керек.

 

– Тұрақты клиенттер жөнінде айта кетсеңіз.

 

– Ия, ондайлар бар, олар жедел жәрдем тез келуі үшін не айту керегін біледі. Кейбір созылмалы дерттен зардап шегушілер дәрігердің тағайындаған емін дұрыс пайдаланбайтындықтан қолайсыз жағдайға түсіп қалып, жәрдем шақырады. Енді бірін дәрігерлер дұрыс емдемей жүрген болуы мүмкін. Сондайлар жедел жәр­демнің тұрақты клиент­тері десек болады. Олар мұндайда өз учаскелік дәрігеріне көрінсе, одан кеңес алса болады, бірақ олар міндетті түрде жедел жәрдем шақырады.

 

– «103-тен басқа да байланыс телефондарыңыз бар ма? Жұрт біле жүруі үшін құлағдар ете кетейік.

 

– Егер «жедел жәрдем» әкеткен туысы­ңызды іздеу керек болса, онда тіркеу бөліміне хабарласу керек. Оның телефоны 53-96-69. Ал егер дәрігер кеңесі қажет болса, ауысымның аға дәрігеріне 53-90-14 телефоны арқылы байланыса аласыз.

 

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ