Баласына дем берген Батыр ана

19.07.2018
Қаралды: 579

Осыдан тұп-тура 12 жыл бұрын Шымкентте бүкіл елімізді дүр сілкіндірген сұмдық оқиға орын алған болатын: 150-ге жуық бала ВИЧ індетін жұқтырды. Айықпас ауру әлі оң-солын танып үлгермеген кішкентай бүлдіршіндерге ауруханада жұққан.

 

Бұл жағдайға қатысты кезінде тиісті шаралар қолданылды, дау-дамай да орын алды, кінәлі деп танылғандар заңды жазаларын алды. Сөйтіп өткен уақытпен бірге бұл күндер де біртіндеп ұмытыла бастады.

 

...Арада бір жыл айналымы өтті. Аталған ауруға тап болған балалардың жағдайы мен денсаулығы қалай? Өткен аптада біз «Балалары АИТВ-на шалдыққан аналардың қоры» қоғамдық ұйымының басшысы Әлия Сағдатқызына (суретте) жолығып, осы жөнінде сөйлескен едік.

 

Бәрі қалай басталды?

 

«2006-жыл болатын. Бір жасқа толмаған егіздерім ауырып, облыстық балалар ауруханасына түсті. Пневмония екен. Қызым жалпы палатада болды, ал балам жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол жерде балама катетер қойылды, қан құйылды. Біраз күн емделіп, үйге шықтық. Бәрі жақсы болатын.

 

Көп ұзамай облыста балаларға ВИЧ жұққаны туралы әңгіме шыға бастады. Бұл жағдайдың бізге қатысы жоқ сияқты көрінген. ВИЧ деген ауру біз үшін алыс Африкада ғана болатын ауру сияқты сезілетін. Сондықтан көңіл алаңсыз, егіздерімнің тәтті қылықтарына тоймай, бақытты өмір кешіп жатқанбыз. Бірде үйге СПИД орталығының адамдары хабарласты. Бауыржанымды жиі ауырып қалатын бала ретінде тағы бір тексеруден өткізу керек деді. Бардық. Еш алаңдамастан қан тапсырып, кері қайтқанбыз. Ал түнде сағат 10-дарға қарай қоңырау шалған мамандар жайсыз хабар жеткізді. Сол сәтте өмір біз үшін 180 градусқа өзгеріп кетті», – дейді Әлия Сағдатқызы.

 

Бұл жағдай баласы тосыннан айықпас кеселге тап болған барлық отбасыға ашық күнде төбеден жай түскендей әсер еткені рас. Үш түрлі жолмен (анадан балаға, жыныстық қатынастан, ине арқылы) жұғатын ауру осылай ешкім күтпеген жерден вертикалды – төртінші жолмен – ауруханадан жұққаны анықталды. Ол кездегі дау-дамай, тексеру, анықтау, айыптау, кінәлау, істің қалай өрбігені ел жұртшылығына мәлім. Санаға ауыр тиген ол сәттерді қайтадан тізбектемей-ақ қоялық.

 

Бауыржан бәрін біледі

 

«Бұл жағдай біздің өмірге жаңа көзқараспен қарауымызға себеп болды. Себебі тамыр-танысымыздың 70%-ы бізден қашқақтай бастады. Күмәнді, күдікті көзқарас көбейді. Бұл жағдайға тап болған қаншама отбасында келіспеу, түсініспеу, рухани күйреу орын алып жатты. Оның бәрі сана мен жүйкені қалай тоздыратынын білсеңіз ғой! Өмір бойы қоғамды, дәрігерлерді айыптау, өкпемен күн кешу, осы жүкпен өмір сүру мүмкін емес. Осыны ұғынып, біз бар мақсатымыз Бауыржанның денсаулығы және оның қоғамда өзін шет қалмай, түртпек көрмей, қалыпты да толыққанды өмір сүруі болуы керек деп шештік. Болар іс болды. Қудалап, дау қуа бергеннен енді ештеңе өзгермесі анық. Енді тек ерік-жігерді уысқа тас-түйін етіп түйіп, қалыпты өмір сүруге ұмтылу ғана қалды. Сондықтан біз ел алдында сұмдық қателік жіберген дәрігерлерді кешіргенімізді айттық. Сөйтіп жүрекке жүк түсірген жайды көңілден босатып, кеудедегі қара тастай өкпені өшіріп, алдағы күні баламыздың алаңсыз өмір сүруін ойластырдық».

 

Әлия осылай дейді. Отағасы Қанат Әлсейітов екеуі осыдан бастап Бауыржанның (суретте) қалыпты да тұрақты ем алуы, ағзадағы айықпас вирустың себеп-салдары мен қаупін түсініп, денсаулығын күтуді үйретуге күш салыпты. Айтуынша, ата-анасы Бауыржаннан ештеңені жасырмапты. Ешкімді кінәламауды үйреткен. Бас­қа түскен жағдайды нағыз ер-азаматша көтере білуге баулыған. Бауыржан бүгінде республикадағы ВИЧ жұқтырған балалар арасында кеселін жасырмай, ашық статуспен өмір сүретін жалғыз бала.

 

«Әр маусымда байқалатын ауру түрлері бар ғой. Мысалы, өзге балалардың мұрнынан су ағып немесе жеңіл жөтеліп қана құтылатын ауруда Бауыржанның иммунитеті әлсіз екені сезілетін. Тез және жиі ауыратын. Жылына бірнеше рет ауруханаға жатушы еді. Екі жасынан бері балам жылына бірнеше рет анализ тапсырады, салмағына қарай күнделікті екі рет – таңертең және кешке 8-10 дана таблетка ішеді. Бұл вирустың мөлшері асып кетпеуіне көмектесетін препарат. Әрине, жиі ауыру мен үнемі дәрі іше беру де адамды шаршатады. Сондықтан дәрі ішпеймін деп одан түбегейлі бас тартатын балалар да бар. Мұндай қауіпке жол бермеу үшін біз баламыздан бұл дәріні не үшін ішу керектігін түсіндірдік.

 

Бүгінде біздің елде ВИЧ-ке шалдыққан балалар қабылдап жүрген препараттың зиянды әсері көп. Ол сексенінші жылдары шыққан дәрі. Сондықтан біз өз бетімізше ізденіп, шетелде зияны аз, жаңа, сапалы дәрі барын анықтап, министрлікке хат жазу арқылы оған қол жеткіздік. Оның тиімді жағы – күніне 10 емес, 1-2 дана дәрі ішеді. Бір мезгіл ғана. Былайша айтқанда, біз ауруды асқындырмау үшін үздіксіз ізденіс үстіндеміз. «Балалары АИТВ-на шалдыққан аналардың қоры» ресми мекемелермен тікелей және тез байланысқа шығудың, проблеманы оңтайлы шешудің бар мүмкіндігін қарас­тырады», – дейді кейіпкеріміз.

 

Диагнозын білмейтіндер бар екен

 

Өткен жылдың тамыз айында құрылған қор заңды тіркелген. Оны Әлия басқарады. Осы қор мүшелерінің белсенді жұмысының арқасында өңірдегі ВИЧ дертіне шалдыққан балалар түрлі тренингтерге қатысып, өзге мемлекеттердегі осындай статус­тағы балалармен кездесіп, пікір алмасады, оларға психологиялық көмек көрсетіледі. Аптасына бір рет сау балалармен жолығып, дос арттырады. Яғни қор балалардың денсаулығы мен өмірге толық қалыптасуы үшін жұмыс жасап келеді.

 

Осы қордағы белсенді балалардың бірі – Бауыржан. Ол өткен мамыр айында мүшел жасқа – 13-ке толыпты. Жетінші сыныпты аяқтаған. Мінезі ашық, көпшіл жеткіншектің досы көп. Мектебі де, сыныптастары да оның диагнозынан хабардар. Олар ешкімнен ешнәрсе жасырған емес. Қайта мектепке де барып, ондағы оқушыларға тренинг өткізіп тұрады. Осының ар­қасында Бауыржанды ешкім бөлектеген, көзге шұқыған емес.

 

Әлияның айтуынша, өкінішке орай, ауруханадан ауру жұқтырған балалар арасында өзінің диагнозын әлі күнге білмейтін балалар да бар екен. Олардың кейбірі 17 жасқа келіп қалды. Қор жетекшісінің алаңдайтыны да осы. Бала өскен сайын оның ащы шындықты қабылдауы қиынға түсіп, психологиясына салмақ түсетіні анық. Ал Оңтүстікте ВИЧ-позитивті балалар саны 240 көрінеді. Олардың өздері тұрмақ, ата-аналары да психологиялық көмекке мұқтаж. Өйткені арада он екі жыл өтсе де өткенді кешіре алмай, бұл диагнозды қабылдай алмай, оны балаға айтудан жасқанып, жалтақтап, іштей мүжіліп жүрген ата-аналар бар екен. Әлияның шет елдегі қорлармен байланысқа шығып, маман-психологтар шақыртып, үздіксіз тренингтер өткізуінің себебі де осында. Ананың көңілін­дегі кірді жуып-тазаламай балаға жеңіл болмайтынын ол жақсы біледі. Әрине, оған да оңай емес. Өйткені бұл бағытта топырағы тапталған сара жол жоқ, бұл бұрын-соңды елімізде болмаған жағдай. Сондықтан Әлия Масаурова халықаралық ұйымдармен байланысып, ондағы мамандармен кеңесіп отырады.

 

Мысалы, өткен жылы Сочиде өткен халықаралық тренинг-сабаққа Қазақстаннан 5 бала барыпты. Санаулы күннен кейін Қырғызстанда ЮНИСЕФ ұйымдастыруымен Орта Азиядан 170 адам қатысатын ауқымды басқосу болмақ. Оған Қазақстаннан 14 бала барады екен. Жеткіншектерге онда әлемнің жетекші мамандары позитивтік сабақтар өтіп, өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, бағыт-бағдар беретін болады. Осындай тренингтерге жиі қатысатын Бауыржанның бүгінде әлемнің әр елінде бірнеше достары бар. Яғни ол айықпас ауру арқалап жүрмін деп жасымайды. Өмірге оптимистік көзбен қарайтын жеткін­шек ауруды елемейді, ержетіп келе жатқан ол дұрыс мамандық таңдауды ойластыруда. Әрине, осының бәрі оның ата-анасының үздіксіз ізденісінің арқасында болып жатқан қуаныштар.

 

...Біз Әлиямен ұзақ сөйлестік. Әңгіме барысында оның қиындықты кеудесін тік ұстап, еңсесін түсірмей қарсы алуға, проблемалармен жылап-сықтамай, дұрыс күресе білуге ұмтылатынын байқадық. Оның бізге айтқанынан айтпағаны көп еді. Сөз арасында Әлиядан: «Көңілде өкпе, өкініш бар ма?» – деп сұрадық. Ол басын шайқады. Өкпе арқалап өмір сүргенше, қиындықты жеңуге ұмтыл­ғанды дұрыс көретінін жеткізді. Өз басындағы ауыр қайғыны жеңе білген келіншек енді өзге аналарға да жәрдем бергісі келетіндей. «Әлемде ВИЧ індетіне шалдыққан 3 миллион бала бар. Оның 90%-ы вирусты анасынан жұқтырған. Мен баласының ауырғанын көргенде өткен іске, өзінің қателігіне өкініп, өзегі өртенген аналарды көрдім. Оларға жәрдем бермейінше, балаларының еңсесі көтерілмейтіні анық», – дейді Әлия.

 

Әлияның ұстанымы өзгелерге үлгі болады деп сенеміз.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ