Жапырағы мен бұтағы да шипа ағаш

26.04.2018
Қаралды: 433

Көп ұзамай тұт пісе бастайды. Көпжылдық бұл ағаштың жас бұтақтарын емге қолданудың дер шағы келе жатыр. Оның таңқурайға ұқсаған жемісі де дұрыс қолдана білген жанға шипа бола алады екен.

 

Мысалы, сусамырдың (қант диабеті) жеңіл түрлерінде 2 ас қасық тұт жемісінен 200 грамм алып, оны қайнап тұрған суға салып, жабық ыдыста 4 сағат бұқтырады. Таза дәкемен сүзіп, әр жолы 50 грамнан ас алдында күніне төрт мезгіл ішеді.

 

«Көктемдегі салқын да сызды ауа құбылысында созылмалы қолқа қабынуы – бронхит те көп адамды мазалай бас­тайды. Демігіп, жөтел күшейген осы кезде тұт тамырының қабығынан 15 грамм алу керек. Дәріханадан перила тұқымы (15 грамм) мен қызыл мия тамырын (10 грамм) табуға болады. Мұның барлығын суға қайнатып, ішіп жүрсе шипасы мол», – дейді көп жылдардан бері емдік өсім­дік­терден түрлі тұнба әзірлеп жүрген фитотерапевт Асан Бердібаев.

 

Тұттың жас жапырағы да шипа екен. Оның 200 грамм суға қайнатып, жазылмай жүрген жараларды сол  сумен сүрту керек. Компресс жасаса тіпті жақсы.

 

Тұттың жапырағын, жас бұтағын, жемісін жинап, жел қағып тұратын көлеңкелі жерде кептіріп алсаңыз, жыл бойы дәрмегіңіз үйіңізде дей беріңіз. Қан тазалау үшін тұттың жемісі мен жас бұтағынан бір ас қасықты 300 миллилитр суға 3 минут қана қайнатып, бұқтырып қойып ішеді. Ол бауыр, бүйрек жұмысын күшейтіп, қан құрамын, көздің көру қабілетін жақсартады.

 

Тұттың бұдан басқа да шипа болар кезі көп. Соның ішінде жасалуы оңай тәсілдерін іріктеп ұсынып отырмыз. Шипа болсын!

 

Ердәулет ӘДИЕВ.

Сарыағаш ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ